«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кәсіпкерліктің өркендеуі дамуға жол ашады

Кәсіпкерліктің өркендеуі дамуға жол ашады
ашық дереккөз
Кәсіпкерліктің өркендеуі дамуға жол ашады

Қарлығаш АРАЛБЕКОВА, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры.

Нақтылы кезеңде облысымыздағы жалпы бизнес субъектілерінің саны 75453-ті құрап отыр. Оның 99,3 пайызын шағын, қалғанын орта және ірі бизнес нысаны құрайды. Негізгі басым бағыттарымыздың бірі – кәсіпкерлер құқын қорғау. Құқықтық мәселелер бойынша өткен жылы бізге түскен 240 арыз-шағымның 59-ы кәсіпкерлер құқын қорғау жүйесі бойынша болса, оның 28-і оң шешімін тапты. Арыз-шағымдардың 48 пайызы жер мәселесіне, 21-і салық, 18-і мемлекеттік сатып алуларға, ал 19 пайызы басқа салаларға қатысты. Кәсіпкерлік көкжиегінің кеңейе түсуіне әкімшілік кедергілер де көп әсерін тигізеді. Бұл тұрғыда кәсіпкерлер палатасы облысымызда шағын және орта бизнестің дамуына тежеу болып отырған 27 әкімшілік кедергіні анықтады. Оның ішінде республика деңгейіндегі 24 әкімшілік кедергінің 3-еуі жойылып, 21-і «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының қарауында болса, жергілікті деңгейдегі 3 әкімшілік кедергінің 1-еуі жойылды. 75 пайызы шағын, 25 пайызы орта кәсіпкерліктің дамуына тежеу болып отырған әкімшілік кедергілер табиғи монополия, тариф, сатып алулар, жер қатынастары, медицина және фармацевтикалық өндіріс, салық төлемдері, рұқсаттама рәсімі, ауыл шаруашылығы, сәулет және құрылыс, кедендік реттеу, сауда қызметі, көлік, логистика және байланыс салаларында орын алған. Кәсіпкерлер палатасының тағы бір міндеті – кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесіне қатысты заңнамалық немесе нормативтік-құқықтық актілер қабылданар кезде оған сараптамалық қорытынды беру. Соңғы бір жылда 174 нормативтік-құқықтық акті жобасы қаралып, оның 147-сі бойынша сараптамалық қорытынды берілсе, 27-сі толықтыруларды қажет ететіндіктен кері қайтарылды. 2014 жылдан бастап «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында іс жүзіндегі бизнеске бағытталған сервистік қолдау көрсету жұмыстарын жүзеге асырудамыз. Яғни, кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік бағдарлама аясында қаржылық және бухгалтерлік, кедендік және сыртқы экономикалық қызмет, менеджмент жүйелерін енгізу, заңгерлік кеңестер беру, маркетинг, IT-технологиялар, мемлекеттік сатып алулар, менеджментті жүргізу бойынша тегін қызметтер көрсетуде. Облысымыздың барлық ауданында кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылып, табысты жұмыс жүргізуде. Мекемеміз облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін жобаларды қолдау ісінде де сүбелі жұмыстар атқаруда. Нақтылы кезеңде жалпы сомасы 41,7 миллиард теңгені құрайтын 103 жоба палатаның қолдауына алынған. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» конкурс-көрмесін ұйымдастыру және өткізу бойынша қызметтер 2015 жылдан бастап аймақтық кәсіпкерлер палаталарына берілді. Облыста «Қазақстанның үздік тауары» конкурс-көрмесі алғаш рет біздің ұйымдастыруымызбен өткен жылдың 12 тамызында облыс орталығындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында өтті. Оған «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымдары бойынша барлығы 53 компания қатысты. Алда әлі де атқаратын ауқымды жұмыс бар. Ауыл шаруашылығы саласын және әйелдер кәсіпкерлігін қаржыландыру ісі бүгінде өзекті болып отыр. Бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында кәсіпкерлер палатасы жанынан шағын қаржы ұйымы ашылып, жұмыс істейтін болады. Қаржылық ұйым жұмысы қаражатқа мұқтаж кәсіпкерлік нысандарын несиелендіру ісін жеңілдетеді деген сенімдеміз. Сонымен қатар, кәсіпкерлік нысандарын несиелендіруде қаржы институттарымен бірлесе атқарылатын жұмысты жандандыру, агроөнеркәсіп кешені, химия, құрылыс, тамақ, металлургия, туризм сынды экономиканың басым бағыттары бойынша кешенді шараларды қолға алу, «Жібек жолы» туристік бизнес жобасын жүзеге асыру, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» бағдарламаларын, Индустрияландыру картасын жүзеге асыру бағытында алдымызда атқарылатын ауқымды жұмыс тұр. Өңір кәсіпкерлігінің өзекті мәселелерін талқылап, халықты кәсіпкерлік саласындағы жаңалықтармен өз деңгейінде ақпараттандыру мақсатында облыстық телеарнадан «Бизнес уақыты» деп аталатын арнайы бағдарлама ашу жоспарланып отыр.

Ұқсас жаңалықтар