Жаңабаевтар – Өнерлі отбасы

Жаңабаевтар – Өнерлі отбасы
ашық дереккөз
Жаңабаевтар – Өнерлі отбасы

Көпке үлгі, өнегесімен танылған мәуелі әулеттің бірі – жуалылық Жаңабаевтар отбасы. Өнер дарыған Жаңабаевтар отбасылық ансамбль құрып, кейіннен халықтық ансамбль деген атаққа қол жеткізді. Өнер арқылы облыс жұртшылығына кеңінен танылды.

Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі Жандарбек Жаңабаев мамандығы мұғалім болғанымен, нағыз өнерлі азамат еді. Бір өзі бірнеше аспапта ойнай алатын. Ал ән орындаудағы шеберлігі жайлы талмай әңгімелеуге болады. Әттеген-айы, өнерге жаны құштар азамат 2011 жылы фәниден озды. Дегенмен, «Орнында бар, оңалар» деген. Бүгінде әке мұрасын өнерлі ұл-қыздары жалғастырып келеді. Отағасы негізін қалаған отбасылық ансамбль әлі күнге халыққа қызмет етуде. Ансамбль құрамы Жаңабаевтар әулетіндегі өнерлі немерелермен толыққан. Жандарбек Жаңабаевтың жұбайы Күлімбала Оразымбетқызы да – Білім беру ісінің үздігі. Ұстаз ғана емес, Жаңабаевтар ансамблінің белсенді мүшесі, өнерпаз. Ұл-қыздарын өнерге баулуда отағасымен бірдей үлес қосты. Перзенттердің үлкені – Айжан. Ол Жамбыл ауданы, Ақбұлым ауылындағы орта мектепте музыка пәнінің мұғалімі. Тетелес өскен ұлдары Нұржан мен Нүркен де өнер жолын таңдаған. Екеуі де әнші, асаба, отбасылық ансамбльді елге танытуға үлес қосып жүр. Кенжелері Фариза – ұстаз. Ансамбльдің белсенді мүшесі, өлең жазады. Барлығы өмірден өз орындарын тапқан. Күлімбала апай немерелерінің өнерлі, спортшы, дарынды болып өсіп келе жатқанына шүкіршілік етеді. Немерелері Нұрбақыт, Еркебұлан, Еңлік, Інжу – ансамбльдің жаңа буыны. Олар ән салып, би билегенде Күлімбала апайдың қуаныштан мерейі өсіп, төбесі көкке жетеді. Отбасылық ансамбльдің репертуары аса бай. Өнерпаздар ән де шырқайды, би де билейді, күй, терме, вокал, мәнерлеп оқудан да шебер. Дуэт, трио құрып та өнер көрсете береді. Концерттік бағдарламалар түрлі іс-шараларға байланысты түрленіп отырады. Ансамбль мүшелері толығымен әртүрлі музыкалық аспаптарда ойнай алады. Бұл отбасы халықтық ансамбль атағын 2010 жылдан бері үш рет абыройлы қорғап шықты. Тіпті, Тараздағы «Баласағұн» орталық концерт залында да үш рет жоғары деңгейде концерттерін өткізген. Аталған ансамбль облыстық, республикалық отбасылық ансамбльдер байқауының жүлдегері. Тараз қаласындағы, Жуалы ауданындағы мәдени іс-шаралар Жаңабаевтар отбасылық ансамблінсіз өтпейді. Нұржан мен Нүркен жеке дауыста да ән салып, өнерлерін паш етіп жүр. Екеуінің асабалығы, концерттік бағдарламаларды жүргізудегі шеберліктері өз алдына бөлек әңгіме. Нұржан ән де жазады. «Мерейлі отбасы», «Өмір-ай!», «Бақыттымыз бәріміз», «Жан анашым», «Туған жер» әндері облыс деңгейіндегі концерттерде жиі орындалып жүр. Бұл әулет Жуалы аудандық «Мерейлі отбасы» байқауында да бірнеше рет жеңімпаз атанған.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар