«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлы даланың ұлы әуендері

Ұлы даланың ұлы әуендері
ашық дереккөз
Ұлы даланың ұлы әуендері

Облыс орталығында республикалық дәстүрлі музыка фестивалі өтуде

Облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өтіп жатқан «Ұлы дала сазы» республикалық дәстүрлі музыка фестивалі соның бір айғағындай болуда. 

Айтулы фестивальдің алғашқы күні «Баласағұн» орталық концерт залына көптеп жиналған тараздықтар облыстық филармонияның концерттік бағдарламасын тамашалады. Концерт аталмыш филармонияның Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы Сыдық Мұхамеджановтың «Шаттық Отан» күйімен ашылғаны тыңдармандарды зор әсерге бөлеп, бір серпілтіп тастады. Есіркеп Жолдасовтың дирижерлігімен бір ырғақтан ауытқымай мазмұнды шығарманы шеберлікпен орындаған оркестрге көпшілік тік тұрып қошемет көрсетті. Бұдан соң, Иса Байзақовтың «Желдірмесін» әуелетіп орындап, жүректерге жеткізе шырқаған белгілі дәстүрлі әнші Дүйсенбек Өмірәлиевтің өнері де жұртшылықты тәнті етті. Ал, Мұхтар Рахманқұловтың дирижерлігімен оркестрдің орындауындағы Құрманғазының «Серпер», «Саранжап», жергілікті күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым», Аман Малдыбаевтың «Көне Тараз» күйлерінің күмбірі зал ішін шарлап, жиналғандарды ерекше баурағанының куәсі болдық. «Құлақтан кіріп, бойды алған» әсем күйлердің әсерінен тыңдармандар бірде жігерленіп, бірде толқып, масаттанып, мерейленіп отырды. Сондай-ақ, Рәзия Мәдіханованың халық әні «Ахау керімді», Бақыт Шағырбаевтың «Қызылжар Семейді», Қарлығаш Жамбаеваның «Ақкербезді», Әділет Әбдікерімов пен Айгүл Есекеевалар Кенен Әзірбаевтың «Жас екпін» мен «Бұлбұлға» әндерін бебеулете шырқағаны дәстүрлі әнге сусағандардың шөлін басты. Фестивальдің алғашқы күнінде-ақ көпшілікке әсерлі кеш сыйлаған өңір өнерпаздарына дүркін-дүркін қошемет білдіріліп, облыс әкімінің ықылас гүлі жолданды. Шараның екінші күнінде Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ музыкаға мамандандырылған мектеп-интернаты халық аспаптар оркестрінің өнері ұсынылмақ. Бұл туралы газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар