«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаңа бағдарламаға – жаңа көзқарас

Жаңа бағдарламаға – жаңа көзқарас
ашық дереккөз
Жаңа бағдарламаға – жаңа көзқарас

Раушан-Кожамжарова Раушан Қожамжарова,  аудандық білім бөлімінің басшысы.

Мектепке дейінгі тәрбие беру мәселесі үнемі басты назарда. Биыл 1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларды ерте жастан дамытуды ескере отырып, үлгілік бағдарлама әзірленіп, қабылдануы – осы сөзіміздің дәлелі. Бүлдіршіндердің танымдық, зияткерлік, әлеуметтік және коммуникативтік дағдыларын дамытуды қамтамасыз ететін бағдарламаның жалпы білім саласына берері мол. Бағдарламада тәрбиешілердің жалақысы өсетіні, топтағы бала санының азаятыны көрсетілген. Бұл бізді қуантып отыр. Есесіне, дефектолог, логопед, психолог мамандықтарына сұраныс арта түспек. 

Алдағы оқу жылында еліміз білім берудің жаңа жүйесіне көшеді. Ағылшын тілін 1-сыныптан оқыту білім беру жүйесіне тәжірибе ретінде үш жыл бұрын енгізілген еді. Бұл тәжірибе нәтижесіз емес. Негізі, ғалымдар бала 6 жастан бастап, тілді тез үйренетінін айтады. Мектеп-интернаттары секілді Назарбаев зияткерлік мектептері мен қазақ-түрік таңдаулы білім ордаларының тәжірибесі осыған дәлел бола алады. Нәтиже де бар, көрсеткіш те жоғары. Ең бастысы білім сапасы артқан. Ауыл мектептерінің білім сапасын көтеру үшін бүгінде көптеген жұмыстар атқарылуда. Осы мақсатта біз былтырғы оқу жылында аудандағы Әкім Тарази атындағы орта мектебін тірек мектебіне айналдырдық. Бұл мектепте Ильич, Октябрь-Жеміс және Еңбек орта мектептерінің 8-11 сынып оқушылары білім алмасуына жағдай жасалып, оқу процесіне өзгерістер енгізілді. Оқушыларды тірек мектебіне тасымалдау, ыстық тамақ беру, тұрақты қамтамасыз етіліп, аудандағы ең үздік деп танылған мұғалімдер жаңа модификациямен жабдықталған кабинеттерде сабақ өткізді. Мұның мемлекет тарапынан жасалған білім беру жүйесіне өзгеріс енгізудің негізгі қадамдары екенін айтуымыз керек. «Білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019» жылдарға арналған жаңа бағдарламасында алдағы уақытта тірек мектептерді құру жұмыстары жалғасатыны көрсетілген. Осы орайда бір айта кететіні – шағын жинақталған мектептердің материалдық-техникалық базасының төмендігі, жаңа модификациядағы оқу кабинеттерімен жабдықталмағаны. Аталған бағдарламада шағын жинақталған мектептер тірек мектептеріне қамтылып, 2020 жылы тірек мектептердің саны артатыны айтылған. Сондай-ақ, жаңа бағдарламада мұғалім мәртебесін көтеру мәселесі де қамтылған. 1 қаңтардан бастап мұғалімдердің айлығы өскені мәлім. Оларға қойылатын талаптар да артты. Сондықтан, аудандағы 30 бастауыш сынып мұғалімі, 29 бейнелеу өнері мұғалімі, 30 орыс тілі мұғалімі, 30 қазақ тілі пәнінің мұғалімдері кәсіби біліктілігін арттырды. Олар алдағы оқу жылында 1-сынып оқушыларын қабылдауға дайын. Жалпы, ұстаз атаулы жаңа стандартпен танысып, білімін тереңдетті. Мұғалімдердің тағы бір толқыны жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша алдағы жаз маусымында біліктілігін арттырмақ. Баланың шығармашылығы мен танымдық ой-өрісін дамытуға бағытталған бағдарламалардың білім жүйесіне тың серпіліс беретініне сенім мол. Дегенмен, бағдарламаның әзірленуі кезінде қарама-қайшы және өткір пікірлердің де жеткілікті болғанын айта кету керек. Сол себепті, бірінші кезекте білім беру мазмұны жаңартылып, оқыту бағдарламасы жасалып, соған сәйкес оқулықтар мен оқу құралдары жасалды. Екіншіден, балалардың ақпараттық технологияны оңай игеруге құлшынысты болуы олардың ағылшын тілін тез меңгеруінің дәлелі болды. Үшіншіден, мұғалім мәртебесін көтеру қолға алынып, жалақысы артты. Төртіншіден «Мәңгілік Ел» идеясы іске асырылуда. Бесіншіден, үйірмелердің көптеп ашылуы, баланың бос уақытын тиімді пайдалануға мол мүмкіндік туғызды. Бүгінгі ұстаздар алдына қойылған талаптар өте жоғары. Себебі, біз бәсекеге қабілетті оқушыларды тәрбиелеуіміз керек. Біз баланың жеке білім алуына таңдау жасай алатын, өмірге қажетті жаңа технологияларды игере алатын, жеке және жас ерекшелігіне, шығармашылық қабілетіне, әлеуметтік талаптарына сәйкес қажеттілігін қанағаттандыра алатын жаңа құрылымды мектеп құруымыз керек. Ол үшін оқытудың сабақтастығы мен әрбір оқыту сатысының даралығы ескерілуі тиіс. Сонда ғана білім мазмұны жаңара түспек. Сол үшін аталған бағдарлама негізінде білім саласын дамытуға қоғам болып атсалысуымыз қажет деп ойлаймын.

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар