"Арай" алқабынан әдемі үйлер бой көтеруде

"Арай" алқабынан әдемі үйлер бой көтеруде
ашық дереккөз
"Арай" алқабынан әдемі үйлер бой көтеруде

Елімізде «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, көптеген тұрғын үйлер салынуда. Бағдарлама шеңберінде облысымызда жас отбасылар жаңа пәтерлерге ие болуда. Таразда биыл пәтерлі болып, қуанышқа бөленетіндер қатары тағы 160 отбасыға көбейетін болады.

Қаланың «Арай» алқабында әрқайсысы бес қабатты екі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Құрылысқа тапсырыс беруші – Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі болса, бас мердігер – «Агроспецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мұндағы көп қабатты үйдің бірі – ипотекалық, екіншісі жалдық әдіспен салынуда. Ипотекалық ғимаратқа республикалық бюджеттен – 723 миллион теңге, жалдық көп қабатты үйге 448 миллион теңге қарастырылыпты. Құрылыс өткен жылы сәуір айында басталған. Қажетті құрылыс материалдарының жергілікті жерден жеткізілуін «Агроспецстрой» ЖШС-ның директоры Марат Рахымбердиев жіті қадағалауда. Біз құрылыс басынан «Агроспецстрой» компаниясының аға прорабы Мырзалы Раметовті кездестірдік. Құрылыс кестеге сай жүргізілуде. Ипотекалық үйдің қабырғалары құйылып, төртінші қабатқа дейін жетіпті. Ішкі және сыртқы сылақ жұмыстары қатар жүргізілуде. Құрылыс ережелері мен нормалары қатаң сақталуда. Қажетті темірбетон, арматура, блоктар жергілікті өндіріс орындарынан тасымалдануда. Мұнда 120 адам еңбек етуде. Жалақылары 120 мың теңгені құрайды. Ипотекаға берілетін көп қабатты үйді биылғы жылдың тамыз айында, жалдық көп қабаты үйді 2016 жылдың желтоқсан айында тапсыру көзделуде. Бригада жетекшісі Рахат Серікбаев істі дұрыс ұйымдастыруда. Дәнекерлеуші Батанбек Мырқиясов, тас қалаушы Тайыр Төлеқұлов, жұмысшы Жәнібек Жұманов өнімді жұмысымен өзгелерге үлгі болып жүр. – Құрылысшылар уақытты ұтымды пайдалануда. Құрылысқа 15 техника жегілген. Жұмысты тоқтаусыз жүргізуге барлық мүмкіндік бар. Қазір жұмыстың дені атқарылды. Межелеген уақытта бұл екі көп қабатты үйді елдің игілігіне тапсыруға толық мүмкіндігіміз бар, – дейді «Агроспецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аға прорабы Мырзалы Раметов.

Есет Досалы, «Ақ жол». Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар