Қордай ауданында 600 басқа арналған роботталған сүт сауу қондырғылары жұмыс істеуде
«Қақпатас-Қордай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – Қордай ауданындағы шаруасы алға басып келе жатқан агроқұрылымдардың бірі. Бір жарым мың бастан аса ірі қара өсіретін, асыл тұқымды элиталық шаруашылық мәртебесін иеленген серіктестік облыста алғашқылардың бірі болып шетелден асыл тұқымды ірі қара әкеліп, жерсіндірумен айналысты. 2012 жылы шаруашылықтың өз қаражаты есебінен Ирландиядан сатып әкелінген 309 (14-і бұқа) бас Ангус және Герефорд тұқымды сиырлар үш жылда өз төлдерімен көбейіп, бүгінде 800-ден астам басқа жеткен. Сонымен қатар 858 бас асыл тұқымды Алатау тұқымды сиыры да бар. Серіктестіктің тұрақты пайда көзі – сүт өндірісі. Мұнда 250 бас сауын сиыр бар. Жыл соңына дейін сауын сиыр басын 600 басқа жеткізу жоспарлануда. Сиырлар жыл-он екі ай қолда ұсталып, бағылады. Оған барлық жағдай жасалынған. Екі фермада да мал күтіміне айрықша мән беріледі. Былтырғы жылы агроқұрылым төрағасы Дүйсехан Қошалиев бұрынғы шошқа базының орнынан 600 бас сауын сиырына арналған жаңа тауарлы-сүт фермасын ашты. Швейцариялық технологиямен «Деловаль» фирмасынан 250 миллион теңгеге сатып алынған еуростандарт үлгісінде жұмыс істейтін жаңа баздағы малға азық тарату, астын тазарту, сүт сауу тәрізді жұмыстың барлығы автоматтандырылған. Сиырлар алаңға байлаусыз жіберіледі, азық жейтін жері бөлек, жататын орны бөлек, асты құрғақ. Қораларға пластикалық терезелер қойылады, баздың ішіндегі температура, желдету автоматты түрде реттеліп отырады. Ескі баздардың төбесі қайта шатырланып, іші жаңа технологияға сай өзгертілді. Қайта жарақтандыруына 270 миллион теңге қаражат жұмсалған. «Сиырдың сүті – тілінде» дегенді жақсы білетін олар жемшөптің мол қорын дайындауға баса назар аударады. Мәселен, сүрлемдік жүгері мен жоңышқадан жаздай сауын малына көктей орып бергенінен бөлек, 2,5 мың тонна сүрлем және 3,5 мың тонна пішендеме дайындалады. Мың гектар арпа, бидай мен 150 гектар дәндік жүгері егісінен қажетінше жем қоры дайындалуда. Сауыншылардың өнімді жұмыс істеуіне жағдай жасалынған. Күніне екі мәрте сауылып алынатын сүттің едәуір бөлігі (3000 литр) «Фудмастер Есик» ЖШС-на жөнелтіліп, одан қолма-қол ақша шаруашылық кассасына құйылып жатыр. Облыс әкімінің жергілікті қайта өңдеушілерді қолдау талабымен 500 литр сүт соңғы айларда Қордайдағы «Куликов сүт өнімдері» ЖШС-на тапсырылуда. Болашақта шаруашылық ауқымын кеңейтіп, мал басын арттыра түспек.
«Ақ жол-Ақпарат».
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді