Аса жақтың алмасы, күннің қызыл түсіндей

Аса жақтың алмасы, күннің қызыл түсіндей
ашық дереккөз
Аса жақтың алмасы, күннің қызыл түсіндей
Жеміс-жидек, көкөніс өсіруге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан түрлі жеңілдіктер ауыл еңбеккерлерін қанаттандырып, жаңашыл іске бастауда. Өңірімізде бау-бақша өсіруге қолайлы 3347,6 гектар алқап бар екен. Былтыр оның 123 гектарына интенсивті бақтар орналастырылған. Бұл мәселеде Жамбыл ауданындағы өндірістік кооперативтер озық тәжірибелерімен өзгелерге үлгі болуда. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының семинар-кеңес өткізу орны ретінде осы аталған ауданды таңдап алуы соның нақты айғағындай. Жиынға «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері, аудан әкімдерінің орынбасарлары мен ауыл шаруашылығы бөлімінің басшылары, бірқатар ауылдық округ әкімдері, қаржы институттары, ғалымдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Жиналғандар семинар жұмысын Шоқай ауылының маңындағы «Әулиеата алма» өндірістік кооперативінің жаңа технологияға негізделген жұмыстарымен танысудан бастады. Кеңеске қатысушыларды аталған шаруашылыққа облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов бастап барды. Жалпы, облысымыздағы интенсивті бақ өсіруші шаруалар Түркия, Польша, Қытай, Сербия елдерінің тәжірибелерін қолдануда. Аталған тәсілмен өсірілетін бақтың әр гектарына 2 мың түп көшет отырғызуға болады. Бұл жөнінде семинарға жиналғандарға «Әулиеата алма» өндірістік кооперативінің төрағасы Рустам Иманжанов айтып берді. Мұндағы жобаның құны 665 миллион теңгені құрайды. Жоба толық қуаттылығына жеткен кезде (2020 жылға қарай) 50 гектар алқаптан жылына 2500 тонна алма алу көзделуде. Біз осынау интенсивті бақтың басынан Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің профессорлары Гүлфаридат Кампитованы, Сергей Олейченконы жолықтырдық. – Әр жаңа басталған істің өзіндік қиындығы болады. Біздің университет еліміздің оңтүстік облыстарымен интенсивті бау-бақша әдісін дамыту жөнінде тығыз ғылыми байланыс орнықтырып отыр. Бұл ретте сіздердің облыстың әкімі Кәрім Көкірекбаевқа үлкен ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Өсімдік, жеміс-жидек саласы ғылыми негізде өсірілсе, сөз жоқ, жақсы нәтижеге қол жетеді. Қазірдің өзінде жамбылдық диқандардың аяқ алысы жаман емес. Интенсивті бақ көшеттерін талапқа сай отырғыза білді. Алдағы уақытта да осы облыстағы бірнеше аудан шаруашылықтарымен ұдайы байланыста болып, жеміс ағашы көшеттерінің ғылыми талапқа сай жетілуін назарда ұстап, кеңес беріп отыратын боламыз. Бұл диқандар үшін өте пайдалы, – деді Гүлфаридат Аманқызы. Бұдан кейін бағбандар тобы Шайқорық ауылындағы «Шайқорық бауы» өндірістік кооперативінің интенсивті бағымен танысты. Алтайыр Досымбеков басқаратын ұжым 50 гектар аумаққа алма көшеттерін отырғызған. Көшеттер жапырақ жайып, балақтап өсіп тұр. Сәтін салса, келер жылы өнім бере бастайды деп күтілуде. Мұнда Польша елінің тәжірибесі қолданылып жатыр екен. Агроном Каземир Походыла да жұмыс басынан табылды. Кеңеске қатысушылар польшалық маманнан бұл істің қаншалықты тиімділігі барын сұрастырып жатты. Алманы бұрынғы тәсілмен өсірушілер ауа райы қолайлы жылдың өзінде гектарына 20 тонна ғана өнім алумен шектеліп келсе, интенсивті бақта гектар қайтарымын 60 тоннаға жеткізудің мүмкіндігі бар екен. Демек, өнім алу көлемі кемінде үш есеге артады. Бұл бақ өсірушілердің қызығушылығын арттыра түсті. Жалпы, семинар барысында облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Әсілбеков, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», «ҚазАгроҚаржы» АҚ облыстық филиалдарының басшылары Өксікбай Оразымбетов, Қанат Тәженов, «Жеміс» корпорациясының директоры Хасен Жидебаев жаңашыл тәсілмен жеміс-жидек пен бау-бақша дақылдарын егіп, өсірудің тиімді жолдарын жан-жақты түсіндірді. Бұл интенсивті бақ өсіруге ниеттеніп жүрген барлық ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілері үшін де пайдалы басқосу болды.  

Есет Досалы, «Ақ жол».

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар