Бейнелеу өнерінің сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезімдерді, ғалам құдіретін қалам ұшына сыйдырып жіберетіні бар. Жеті түнде әрі-сәрі күй кешіп, натюрморт болсын, пейзаж болсын кез-келген жанрда жанын салып, неше түрлі бейнеге бөлек өрнек, соны соқпақ салу – суретшілердің пешенесіне жазылған ба дерсің.
Суретші әсілінде алдымен екі ұғымды, танымды шебер меңгерген болуы керек. Алдымен ойындағы дүниенің – сыртқы пішінін, екіншісі – түсін. Осы екі ұғым оның өнерінің негізіне айналуы шарт секілді. Дайындық үшін этюд пен шығарманың маңызды ісі, ең қараңғы жерінен бастап, рет ретімен шығарманың ең жарық жеріне дейінгі түстерді табу – шеберлік. Қылқалам шеберлері арасында өзіне тән сүрлеуін салып, талайларды тәнті еткен суретшілердің бірі – жерлесіміз Мұхамед Омар Паншаев екені сөзсіз. 1957 жылы Жамбыл ауданы, Жалпақтөбе ауылында дүниеге келген Мұхамед С. Чуйков атындағы Фрунзе мемлекетті көркемөнер училищесін, В. Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік институтын және көркемөнер академиясының аспирантурасын бітірген. КСРО суретшілер одағының мүшесі. 1991 жылы Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері атағын алған соң, бейнелеу өнерінің профессоры дәрежесіне қол жеткізген. Тынымсыз еңбегімен талайлардың көкейіндегіні тап басып бейнелей білген суретші «Әлем халықтарының өнері» халықаралық қауымдастығының академигі де атанған. Біраз уақыт бұрын Қытайдың Сиань қаласында кейіпкеріміздің жаңа фотоальбомының тұсауы кесілгені баршамызға мәлім. Әйгілі «Дүнген сюитасы» туындысының авторы Мұхамед сол шара барысында халықаралық суретшілер симпозиумына да қатысып қайтқан болатын. «Аспанасты елінде тұсауы кесілген туындыларымда қазақстандықтардың бүгінгі тыныс тіршілігі, еңбегі бейнеленген болатын. Оның ішінде «Нұрсұлтан Назарбаев ауыл тойында», «Ана», «Шопан» «Көне Тараз» және дүнген халқының өткенінен сыр шертетін шығармаларым көпшілік назарына ұсынылды. Соңғы тақырып жергілікті жұртшылықты қызықтырғаны анық. Өйткені осы елде дүнген халқы көптеп шоғырланған. Сапар барысында Қытай мен Қазақстан арасында тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, мәдени-рухани жағынан да қарым-қатынас жоғары деңгейде дамып келе жатқанына көзім жетті» дейді жамбылдық қылқалам шебері аспанасты еліндегі сапарын еске алып. Бояуы қанық туындылары әлемнің көптеген елдерін шарлаған Мұхамед Омар Паншаевтың шығармалары Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында, мемлекеттік Третьяков галереясында (Ресей), Г. Әйтиев атындағы қырғыз ұлттық мұражайында қазақстандық және шетелдік көптеген топтамаларда топтастырылған. Бүгін біз белгілі қылқалам шеберінің «Көне Тараз», ұлттар достығын ту еткен «Президент Жалпақтөбе ауылындағы тойда» атты туындыларын оқырман назарына ұсынып отырмыз. Шығармаларымен өнер адамдарын ілгеріде-ақ мойындатып тастаған Мұхамед Омар Паншаевтың, әсіресе, пейзаж жанрындағы картиналары табиғаттың түрлі құбылыстарын анық әрі дәл айшықтайды, композициясы көңілге қонымды. Бұл суретші қиялының, мақсатының нақтылығын көрсетсе керек.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Жалпақтөбе ауылы, Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді