«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Төлем карточкасы – төлемдерді жүзеге асырудың бірден-бір тәсілі

Төлем  карточкасы – төлемдерді  жүзеге  асырудың  бірден-бір  тәсілі
ашық дереккөз
Төлем карточкасы – төлемдерді жүзеге асырудың бірден-бір тәсілі

Төлем карточкаларының түрлері

Қазіргі таңда төлемдерді жүзеге асыру кезінде, тауарлар мен қызметтерді сатып алу құралы ретінде басымдылық төлем карточкасын пайдалануға берілуде. Төлем карточкаларын пайдалану, банктік шотқа тәулік бойы қол жеткізуге, ақша қаражаттарын ақылмен үлестіруге және шығыстарды қадағалауға мүмкіндік беретін, мемлекет ішіндегі, сондай-ақ шетелдегі барлық шығыстарды төлеудің ыңғайлы тәсілі болып табылады. Қазақстан Республикасының «Төлемдер мен ақша аударымдары туралы» 1998 жылғы 29 маусымдағы №237-I Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес төлем карточкасы электрондық терминал арқылы немесе осындай карточкалардың иелеріне төлемді жүзеге асыруға, қолма-қол ақшаны алуға және валютаны айырбастауға, сонымен бірге карточканы шығарушымен айқындалған және соның шарттарымен жүргізілетін басқа да операцияларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ақпараттары бар құрал. Басқа сөзбен айтқанда төлем карточкасы – клиенттерге әр түрлі төлемдерді жүзеге асыру үшін өзінің банктік шотын қашықтан пайдалануға мүмкіндік беретін, екінші деңгейдегі банктермен немесе банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдармен шығарылған құрал. Төлем карточканың түріне қарамастан, қолма-қол ақшамен төлемді жүзеге асыру кезінде төлем карточкаларын пайдаланудың артықшылығы – ол картаны жоғалтып алған жағдайда ақша қаражатын сақтап қалуды қамтамасыз ететін – сенімділігі; тауарлар мен қызметтерді дүкендерге бармай сатып алуды, коммуналды қызметтерді кезекте тұрмай төлеуді мүмкін ететін өзіңнің шоттарыңды қашықтан басқару; мейрамханаларда, дәмханаларда, дүкендер мен супермаркеттерде тауар немесе қызмет үшін тез есеп айырысуға, кезекте тұрып майда тиындармен әуреге түспеуге мүмкіндік беретін есеп айырысулардың шапшаңдығы мен ыңғайлығы болып табылады. Есеп айырысу жүйесінің түріне байланысты, төлем карточкаларын екі түрге бөлуге болады: дебеттік және кредиттік. Кредиттік төлем карточкасы – оның иесі тауарлар мен қызметтер үшін төлемдер мен қолма-қол ақшаны тек өзінің қаражаттарынан ғана емес, сондай-ақ банкпен ұсынылған кредит арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік беретін әмбебап төлем қаражаты. Кредиттік төлем карточкасының басты ерекшелігі болып, тауар сатылып алынған немесе ақшалай түрде несие алынған (қолма-қол ақша беру) кезде банкпен несие желісінің ашылуы болып табылады. Несие желісі банкпен белгіленген лимит шегінде қолданылады. Кейбір төлем жүйелерінде несие карточкалары кейбір қызметтер түрлерін жеңілдікпен төлеу, сонымен бірге банктік автоматтардан ақшаны алу үшін пайдаланылуы мүмкін. Дебеттік төлем карточкалары тауарлар мен қызметтерді төлеуге, банктерден қолма-қол ақшаны банктегі карточка иесінің шотынан ақшаны тікелей есептен шығарып тастау жолымен алуға арналған. Дебеттік төлем карточкасын шотта ақша болмаған жағдайда тауарларды сатып алу кезінде пайдалану мүмкін емес. Дебеттік жүйе бойынша картаны пайдаланып операция жүргізу кезінде карталық шотыңызда ақша болмаса немесе жеткіліксіз санында болса, онда қысқа мерзімді кредит- овердрафт ұсыну мүмкіндігі де бар. Овердрафт карточкалары, дебеттік төлем карточка иесінің шотына аударылатын сомадан артық сомаға төлемдерді жүргізуге мүмкіндік береді (арнайы несие шартынсыз берілетін шағын несие сомасы). 2016 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша республика аумағында төлем карточкаларын шығаруды іс жүзінде 26 банк және «Қазпошта» АҚ жүзеге асырады. Аталған ұйымдар халықаралық жүйелердің төлем карточкаларын шығарады және таратады (олардың жалпы шығарылған карточкалар көлеміндегі үлесі – 95,2%): VISA International, MasterCard Worldwide, American Express International және UnionPay International. Бұдан басқа, Қазақстан банктері жергілікті жүйелердің төлем карточкаларын шығарады: Altyn Card – «Қазақстан Халық Банкі» АҚ; SmartAlemCard – «Казкоммерцбанк» АҚ және Ситибанк Қазақстан жергілікті карточкасы – «Ситибанк Қазақстан» АҚ. 2016 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша жалпы мемлекет бойынша банктер 16,5 миллион төлем карточкаларын шығарды (Жамбыл облысында (бұдан әрі –ЖО) – 0,54 миллион төлем карточкалары), ал бұл карточкаларды ұстаушылар саны – 14,3 миллион адам болды (ЖО – 0,49 миллион адам). Ең қолайлы таралған карточкалар дебеттік карточкалар болып табылады, олардың үлесі 76,2% (ЖО – 96%), кредиттік карточкалардың үлесі – 13,8% (ЖО – 0,5%). 2016 жылғы ақпанда қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдалана отырып жасаған транзакциялар көлемі 2015 жылғы ақпан айымен салыстырғанда 26,0%-ға өсіп, 778,1 миллиард теңгені құрады. 2016 жылғы ақпан айындағы транзакциялар саны 25,3 миллион транзакцияны құрап, 2015 жылғы ақпан айымен салыстырғанда 22,7% ұлғайды. Қорыта келгенде, төлем карточкалары біздің күнделікті өмірімізге терең бойлап, берік орын алды деп айтуға болады. Төлем карточкаларының жылдам таралуы, олардың есеп айырысудың жалпылама құралына айналуы, халық арасында танымалдығының үздіксіз өсуі, есеп айырысудың бұл түрінің өте тиімді және ыңғайлы екендігін тағы да дәлелдей түсуде.

Әлия БАЛТЕМІРОВА, ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының жетекші экономисі.

Ұқсас жаңалықтар