экономиканың ертеңі алаңдатады
Астанада ХІІІ Еуразиялық медиа форум салтанатты түрде ашылды. Әлемнің әр шалғайынан келген делегаттарға жолдаған құттықтауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осынау алқалы жиынның мән-маңызын айрықша атап өтті. «Еуразиялық медиа форум қатысушыларын Қазақстан әрдайым құшақ жая қарсы алады. Форум әлемнің жетекші үнқатысу алаңдарының біріне айналды. Онда қазіргі заманның ең өзекті мәселелері талқыланады. Дамудың жаңа парадигмалары қалыптасып, болашақтың сұлбасы жасалады. Мен «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесті ұсындым. Оның мақсаты – Жер бетінде соғыс атаулыны түп-тамырымен жою. Бұл ғасыр ортақ ерік-жігер арқылы парасат пен жасампаздық сындарлы диалог салтанат құратын дәуір болуы тиіс. Сол себепті, Еуразиялық медиа форумның алаңында қордаланған әлемдік проблемаларды ашық талқылап, теңгерімді шешімдер іздестіру бейбітшілік жолындағы жалпыәлемдік қозғалысқа қосылар баға жетпес үлес. Форум жұмысының нәтижесі, сіздердің жаңа идеяларыңыз бен бастамаларыңыз дүниежүзілік коммуникацияның жаһандық үнқатысуды дамытуға зор серпін береріне сенімдімін. Форумның барша қатысушыларына жемісті жұмыс пен бар жақсылықты тілеймін», – делінген Президенттің құттықтауында. Мемлекет басшысының жылы лебізін жеткізген Премьер-Министрдің орынбасары, ЕАМФ ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева ертеңі нұрлы елордамызға ат сабылтып алыс-жақыннан келгендерді қонақжай қазақ жерінде аман-сау көргеніне қуанышты екендігін білдірді. Одан әрі шешен салмақты сөзін былайша сабақтады. «Қалыптасқан жағдайға байланысты он екінші және он үшінші басқосуымыздың арасына екі жыл салыппыз. Бұл осы уақыт ішіндегі өркенді өзгерістерді бағамдауға мүмкіндік береді. Қараңыздаршы, біздің бас қаламыз қалай қарыштап дамыды. Астана тәуелсіз Қазақстан жаңаруының символына айналды. Ол – барлық қазақстандықтардың маңдайға басар мақтанышы. Қала қазір халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін қабылдауға қызу дайындық үстінде. Алып құрылыс кешенінде қандай ауқымды жұмыстар жүріп жатқанын өздеріңіз аралап көресіздер. Бұйырса, бұл қалашық ару Астананың жаңа жауһары болғалы тұр. Көгілдір көктем күндері Астанаға келген қадамдарыңызға сәттілік тілеймін!». Сөзінің соңында Дариға Нұрсұлтанқызы алқалы жиынның төрінде отырған Ауғанстанның экс-президенті Хамид Карзайға арнайы шақыртуды қабыл алғаны үшін алғыс айтып, мұндай тұғыры биік тұлғалар Еуразия медиа форумының мәртебесін биіктететінін атап көрсетті. Шын жүректен шыққан құрметті қошеметпен қабылдаған Хамид Карзай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренадағы бітімгерлік рөліне жоғары баға берді. «Ауғанстанның қайта қалпына келтірілуіне көп көмек көрсеткен Қазақстанмен қайта қауышқаныма аса қуаныштымын. Бұл ретте Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін ескермесе болмайды. Мына биік мінберді пайдаланып, Қазақстанның мыңға тарта ауғанстандық студенттерге стипендия бөліп отырғанын айта кеткім келеді. Олардың 180-ге жуығы медициналық білім алуда. Ұзақ мерзімге оқудан қол үзіп қалған ел үшін бұл қайырымдылықтың бағасы өте қымбат», – деді Хамид Карзай ағынан жарылып. Ол, сондай-ақ, Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде көтерілген көкейкесті мәселелердің алмағайып мынау заманда өте өзекті екендігіне айрықша назар аударды. Еуразиялық медиа форумның алғашқы мәжілісі «Әлемдік экономиканың бүгіні мен ертеңі» тақырыбына арналды. Дәл туған күнінде конференция тізгінін ұстаған америкалық продюсер Риз Хан ашық әңгіме алаңындағы пікір алмасулардың қаншалықты қызықты өрбитіндігі залдағы зиялы қауымның белсенділігіне байланысты екендігін ескертті. Соны сезген отырыс модераторы оңтүстікафрикалық, Си-Эн-Эн телеарнасының жүргізушісі Элени Гиокос ғаламдық экономикалық дағдарыс, мұнай бағасының құлдырауы, дүниежүзін дүрліктірген қантөгісті оқиғалар және басқа да «күйіп» тұрған күрделі тақырыптарды спикерлердің ортасына тастап кеп жіберді. Сол-ақ екен аналар ағыл-тегіл ақтарылып қоя берді. Қаузалмаған проблема қалмағандай. Әсіресе, алпауыт мемлекеттер арасындағы көшбасшылыққа ұмтылу бәйгесінің барысы тілге тиек етілді. Ұзаққа созылған санкциядан сап тыйылған Иран, әлемдік мұнай бағасының құбылуына тікелей әсер етуші Сауд Арабиясының сан қырлы саясатының ақыры қайда апарып соқпақ? Әрекетсіз ОПЕК-тің қара алтын нарығында қалыптасқан түйінді шешуге қауқары жете ме? Ғаламдық қаржы құрсауында шырмалмаудың жолдары қандай? Қанды қақтығыстарға тосқауыл қойыла ма? Тұйыққа тірер сұрақтар жетерлік. Ал, солардың жауабын табу қиынның қиыны. Ұлыбританияның бұрынғы сыртқы істер министрі Джек Стро әңгімесінің әлқиссасын: «Біз өзіміздің демократиямыздың дәрегейін мақтан тұтамыз», деп бастады. Одан соң ағылшындық сақа саясаткер доллар бағасының тұрақсыздығын түсіндірген сыңай танытты. Үзілді-кесілді пікірі мынадай: «Бұған бірде-бір қайраткер, бірде-бір мемлекет тікелей әсер ете алмайды. Егер ОПЕК тарапынан сәтті стратегиялық қадам жасалса, мұнай бағасын көтеруге мүмкіндік туар еді. Соның нәтижесінде әлемдік экономикаға әл кіріп, тәуекел деңгейі төмендеуі кәдік. Шетелдік шешендердің шетін ала отырған «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов Қазақстанның шикізатқа негізделген модельден экономиканы әртараптандыруға көшуге мүмкіндік туатынына үміт артатынын жариялады. Қазақстандық қаржы маманының сөзіне сенсек, ғаламдық экономикалық өрлеуге жетелейтін факторлар онша көп емес. Есесіне екінші тенденция қылаң берді. Жаһандық экономика технологиялық тұрғыдан жетілуге бет бұрды. Ағылшын тілінде кеңінен көсілген Қайрат Нематұлы, ел экономикасының еңсесін тіктеуге қатысты ұтымды ұсыныстарын білдірді.
Таяу Шығыс тағдыры
Иә, Таяу Шығыстағы ахуал тұрақтанған жоқ, әскери қақтығыс, лаңкестік әрекет пен наразылық толқуы күн сайын Ауғанстаннан Йеменге дейінгі өңірді телегейдей шайқап теңселтуде. Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы жанжал өрши түсті. Бұл Израиль мен араб әлемі арасындағы ежелгі текетіреспен бірге күллі Таяу Шығыстағы онсыз да әлсіз саяси тепе-теңдікті бұзып, бейбітшіліктің келешегін күңгірттендіре түсуде. Халықаралық дипломатия Иранға қарсы санкцияның күшін жоюға көмектесті. Бірақ, Сирияда бес жылға созылған азамат соғысын ешқандай мәмілегерлік тоқтата алмады. Бұл елде содырлар өз күшін сақтап қана қоймай, өзге елдерге де, соның ішінде, Түркия мен Тунисте тамыр жая бастағаны жасырын жағдай емес. Сириядағы қантөгіс ұрысты тоқтату жөніндегі келісім Батыс пен Шығыс арасындағы сындарлы үнқатысудың бастамасы бола ала ма? Осы және өзге де халықаралық ушыққан жағдайларға байланысты маңызды мәселелер талқыланған алқадағы жиын тізгінін «Russia Today» Таяу Шығыс бюросының басшысы Пола Слиер өз қолына алды. Таяу Шығыста тамыр жайған мемлекеттердің тағдырына байланысты тақырыпты тарқата талдаған спикерлер қатарында Хамид Карзай, Мысырдан келген «Әл-Аһрам» медиахолдингі басқармасының төрағасы Ахмед Әс Сайид Әл Нагар, Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің бұрынғы кеңесшісі Артур Денаро, Ливаннан келген Таяу Шығыс зерттеу және қоғаммен байланыс орталығының президенті Хишам Жабер, саясаттанушы, Ресей халықаралық мәселелер кеңесінің сарапшысы Максим Сучков белсенділік танытты. Осылармен қатар, сарапшылар санатында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин қатысып, ұлтаралық қақтығыстардың туу себептері мен оны тоқтату жолдарына баса назар аударып, жан-жақты талқылады.
Жаңа имидж – Келешектің кепілі
Медиа форум аясындағы үшінші мәжіліс мұнай елдерінің жаңа имиджіне арналды. Шараға қатысқан сарапшылар қазіргі энергетикалық ресурстар нарығындағы тұрақсыздыққа байланысты бренд тиімділігін жаңа жағдайда арттыру жолдарын қарастырып, туризм мен қызмет көрсету салалары бойынша табыс табудың тетіктерін сөз етті. Жиынды ашқан модератор, Қытайдың CCTV телеарнасындағы «Жаһандық бизнес» бағдарламасының жүргізушісі Лей Ченг ханым қазіргі нарықты бренд стратегиясын дамытусыз елестету мүмкін емес екенін айтты. Өз кезегінде Ұлыбританиядан келген саяси мәселелер жөніндегі кеңесші Саймон Анхольт 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесін өткізетін Қазақстан үшін жетістік имиджін нығайтуға мол мүмкіндік туып отырғанын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан ЭКСПО әлеуетін толық пайдаланып, елдік бренд қалыптастыратын алғашқы ел болуы мүмкін, – деді. Ал «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы төрағасының орынбасары Ербол Шорманов көрмеге дайындық жұмыстарымен таныстырып өтті. Оның мәлімдеуінше, ЭКСПО-ны ойдағыдай өткізу үшін барлық тиісті шаралар жүзеге асырылуда. Сондықтан, оның жоғары деңгейде өтеріне сенім мол. Сондай-ақ, Е.Шорманов бүгінге дейін 81 мемлекет пен 14 халықаралық ұйым көрмеге қатысатындарын ресми түрде растағанын жеткізді.
Қуатты қару – әлемге қауіп
Медиа форумның бұл күнгі соңғы мәжілісі «Ақыл-ой мен жан-дүние үшін күрес. ХХІ ғасырдағы ақпараттық қақтығыстың ерекшелігі. БАҚ-тың бейбітшілік орнату мен жанжал туғызудағы рөлі» тақырыбына арналды. Мәжілістің модераторы ретінде бірінші кезекте сөз алған ТАСС бас директорының бірінші орынбасары Михаил Гусман (Ресей) қазіргі таңда ақпарат құралдарының үлкен күшке айналып отырғаны, оның адамзат алдындағы жауапкершілігі жөнінде кеңінен тоқтала келіп, жиынға қатысушы спикерлерді ортақ әңгімеге шақырды. Жиында Bloomberg медиакомпаниясының атқарушы продюсері Тодд Баер (АҚШ), Chaim for Change веб-платформасының жауапты редакторы Мариэнн Перл (Франция), «Сколково» қорының вице-президенті Александра Барщевская (Ресей), Түркия премьер-министрі кеңсесі баспа және ақпарат бас басқармасының жетекшісі Синан Күрүн, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермекбаев сөз сөйлеп, ақпараттық кеңістікте болып жатқан түрлі жағдаяттар төңірегінде өз ойларын ортаға салды. Ал Нұрлан Ермекбаев нақты талдау жасаудың аздығынан БАҚ лаңкестерге еріксіз қолдау жасап отырғанын атап өтті. АҚШ өкілі Тодд Баер өз кезегінде БАҚ-тың адам санасын арбайтын əккі технологияларын орынды пайдалануға шақыра отырып, ақпараттық соғыстың әлемге қауіптілігін қаперден шығармау абзал екенін жеткізді. Қорыта айтқанда, бұл басқосуда қоғамдық сананы билеу ісінде ақпарат қуатты қару екені, оның біреулерге тиімді табыс көзі болып отырғаны, БАҚ-тың терроризмге төтеп берудегі рөлі жан-жақты сөз болды. Иә, Еуразиялық медиа форумның екінші күні өзекті мәселелер қозғалған осындай жиындармен үлкен маңызға ие болды.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді