немесе Аса мен Талас – ақ толқын айдын, ұмыта алмаймын, ұмыта алмаймын...
Ақын Күләш Ахметованың жыры ақынжанды әрбір алаш баласы үшін қуаныш.
Шабытын қайғы мен күйректікке шалдырмайтын ақын жас пен жасамысты үнемі өршіл рухқа үндеумен келеді. Бұған оның кез-келген жыры дәлел. Елім аман болсын деп көзімді іліп, Елім аман болсын деп оянамын, – деген қарапайым да қастерлі сөзді Күләш сияқты үлкен жүректі ақын-аналар ғана айта алады. Мемлекеттік сыйлықтың иегері болған ақын туған жері – Жамбыл облысына келіп, жырсүйер жамағатпен кездескенде, міне, осы сөз өнер шаңырағының төрінде жазулы тұрды. Тәуелсіздік, тұрақтылық, береке-бірлік, елдің дәулеті мен сәулеті дегенде, Абайдан қалған қауырсын қаламды пір тұтқан, ақындық өнерге адал жандардың да еңбегі ерен екенін ұмытпауымыз керек. Олардың шығармашылық еңбегі күнделікті өмірде көзге шалына бермеуі де мүмкін. Бірақ ақын сөзінің бағасын беретін Уақыт деген әділ қазы бар. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде КСРО-ның Бас қолбасшысы Сталин, қанша жерден стратег дегенмен, қазақтың қарт Жамбылы мен Қап тауының ақыны қарт Стальскийдің жырына жүгінген. Сонда әрісі Бұқар, берісі Абай, Сүйінбай жырларымен сусындаған Жамбыл еңсесі пәс ел-жұртына өлеңменен дем берген. Мұны неге айтып отырмыз. Күләш ақынның «Құты» негізінен тәуелсіздік кезінде туған жырлардан тұрады. Ал тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елге оңай тиген жоқ. Соған қарамастан, ақын қыз жырына қазақтың қара шаңырағы мен қара қазан, сары баласының амандығы, екі ғасырдың тоғысында тәуелсіздікке қол жеткізген қазақ деген елдің рухы мен мақсат-мұраты, Адам ата мен Хауа анадан басталатын адамгершілік құндылықтарды арқау еткен. Жаны ақ, көңілі пәк, сезімі күншуақтағы сәуледей жылы ақынның жүрегінен төгілген жыр қаны тамып тұрған мәселесіз-ақ өріліп жүре береді екен. Рас, басына қиындық түскенде адам түңілмей тұра алмайды. Бұл мүшкіл халге күйреуік ақындар елден бұрын тап болады. Бірақ түңілмес бұрын алдымен ақиқаттың астарына үңілу деген мәселе бар емес пе? Кейбір жазармандар халқының «Битке өкпелеп, тоныңды отқа тастама» дегеніндегі алдымен өзіңді түзе деген пәлсәпаны аңғармастан, туған елінің көсемдері мен шешендерін жерден алып, жерге салып жатады. Өлеңдегі көркемдік, нәзіктік, сұлулық деген ұғымды ащы айғай – «аттан, жау шаптымен» жаба тоқығысы келеді. Күләшта осындай жойдасыз түңілуден гөрі ақиқаттың сырына үңілу басым. Сана көзімен заман түбінен сыр ұқтым, Сабағы мықты адамзат салған ғұрыптың. Келешек ұрпақ, сенің құтың мен қуатың, Кемелдігінде білімнің, сұлулығында рухтың! Күләштің жыры мен сыры, міне, осы! Жүйесін тапқан сөзге иесін тапқан сыйлық та жарасып тұрады. Жамбыл облысының қай әкімі қай кезде болмасын ақын, жазушысынан құрмет-қошеметін аяған емес. Өңірден өсіп шыққан ақын-ана Күләш Ахметоваға да облыс басшылары үнемі қолдау көрсетіп келеді. Кешегі Жамбыл, Кенендердің жырын жалғаған ақын қыздарына деген өңір халқының қолдау-қошеметі де жарасымды жалғасын тапқан. Аса мен Талас – ақ толқын айдын... Ұмыта алмаймын. Ұмыта алмаймын, – деп жырлайтын ақын бүгінде Тараз қаласында тұрады. Өзі туып-өскен облыстағы сөз зергерлерінің, ой дегдарларының ұлы көшіне Ұмай анадай байыппен бас болып та жүр.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Тараз.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді