«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еңбегі - ерен, ерлігі - өнеге

Еңбегі - ерен, ерлігі - өнеге
Автор
Биыл көзі тірі болғанда асыл атамыз – Мұсақұл Шағатайұлы Тәтібековке 100 жыл толар еді, әрі оның өмірі мен ерен ерлігі, ұрпаққа қалдырған өнегесі әлі де болашақта біз үшін айрықша мәнге ие болары сөзсіз. Атамыздың өмірден озғанына көп жыл өтсе де, оның қол жеткізген жетістіктері, елге жасаған қызметі мен адами қасиеттері халық жүрегінде мәңгі сақталады, ал біз оның көрсеткен үлгісінен қашан да тәлім алып, өмір жолын жалғастырамыз.

Мұсақұл Шағатайұлы 1925 жылы Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданының Абай ауылында дүниеге келген. Өзінің бар саналы ғұмырын туған жерінің игілігіне арнап, түрлі салаларда жауапты қызметтер атқарған ол – нағыз халық жанашыры болды. Құқық қорғау органдарында, сондай-ақ кеңестік және партиялық құрылымдарда басшылық лауазымдарды абыроймен атқарып, туған өлкесінің дамуына сүбелі үлес қосты. Еңбегі мен ел алдындағы адалдығының нәтижесінде, бүгінде өзі тұрған көше оның есімімен аталады.

Сонымен қатар, Мұсақұл Шағатайұлы туған өлкенің тарихи жады мен рухани құндылықтарын жаңғырту ісінде де белсенділік танытып, кезінде Луговой атауын ежелгі Құлан атауымен ауыстыру бастамасын көтеріп, бұл маңызды шешімнің жүзеге асуына атсалысқан. 1942 жылы Меркі ауданынан әскер қатарына шақырылып, Кушка қаласындағы әскери училищені тәмамдаған соң, 1943 жылы майдан даласына аттанады. 353-Днепродзержинск атқыштар дивизиясы құрамында Оңтүстік-Батыс және 3-Украин майдандарында ерлікпен шайқасты. Командирлік қызмет атқарып, шайқас кезінде үш мәрте жарақат алды.

Қаһармандығы мен жанқияр ерлігі үшін тоғыз әскери марапатқа ие болып, Жеңіс күнін Берлинде қарсы алған жауынгер ретінде ел жадында қалды. Соғыстан кейін Қордай, Красногор аудандарында прокуратура тергеушісі, Луговой, Свердлов аудандық атқару комитеттерінде жауапты хатшы, Луговой аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, аудандық статистика бөлімінің бастығы қызметтерін абыроймен атқарған.

Құрметті демалысқа шыққан соң аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, соғыс ардагерлері кеңесі төрағасының орынбасары қызметтерін атқара жүріп, қоғамдық өмірге етене араласты. Жастармен жиі кездесіп, олардың бойына отансүйгіштік пен адалдық қасиеттерін сіңіруге ерекше мән берді. Өмірлік тәжірибесін бөлісіп, әрдайым бағыт-бағдар беріп отырды. Атамыздың айтқан әрбір сөзі – біз үшін өмірлік ұстаным. Ол «Үлкенді сыйлаңдар, кішіні қорғаңдар, адал болыңдар. Қандай жағдайда да адам болып қалу керек», – деп жиі қайталап отыратын.

1998 жылы өмірден озған Мұсақұл Тәтібековтің ғұмыры – тек өткеннің өнегесі ғана емес, келешек ұрпаққа қалдырылған аманат. Ол кісі 1998 жылға дейін қоғамдық жұмыстардан қол үзбей, ақылымен де, парасатымен де елге қызмет етуді тоқтатпады. Оның адал жолы, еліне сіңірген еңбегі мен ұрпағына қалдырған өсиеті – біздің мәңгілік мақтанышымыз. Біз оны сағынамыз. Біз оны мақтан етеміз. Біз оның жолын жалғастырамыз.

 

Бауыржан ТӘТІБЕКОВ,

экономика ғылымдарының кандидаты, профессор.

Ұқсас жаңалықтар