сондықтан ол үнемі айналымда болып, облыс экономикасының дамуына септігін тигізуі қажет
Республика аумағының 5,3 пайызын алып жатқан облыста 14 миллион 426 мың гектардан астам жер бар. Бұл – халық санына шаққанда, облыстың әрбір тұрғынына 13,5 гектардан айналады. Ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер 4 миллион 445 мың, елді мекендер жері 460,8 мың, өндіріс, көлік, байланыс, қорғаныс мақсатындағы жерлер 144,8 мың, ерекше қорғалатын аймақтағы жерлер 12 мың, орман қорының жері 4 миллион 424 мың, су қоры жері 535,9 мың және босалқы жер қоры 2 миллион 114 мың гектарды құрайды екен. Мұндай деректі өңірлік коммуникация қызметінде журналистермен өткен брифингте облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасының басшысы Ілияс Тортаев келтірді.
Мемлекеттік және жергілікті деңгейде көрсетіліп жатқан қаржылық қолдаудың нәтижесінде соңғы 3-4 жылдың көлемінде жер қорын пайдаланудың тиімділігін арттыруға бағытталған ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Республикалық бағдарлама аясында 2012-2014 жылдар аралығында облыстың ауыл шаруашылық жерлерін түгендеу жұмыстары аяқталыпты. Тексеру нәтижесінде облыс бойынша 591,2 мың гектар ауыл шаруашылық жерлерінің пайдаланусыз жатқаны анықталған. Қолданылған шаралардың нәтижесінде 547,4 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Осы мәселелерге назар аударған басқарма басшысы әлі де болса Шу ауданында 40 мың, Қордай ауданында 3 мың гектар ауыл шаруашылық жерлері мемлекет иелігіне қайтарылмай отырғанын атап көрсетті. – Мемлекет иелігіне қайтарылған жерлер бос жатпай, экономикалық айналымға тартылуы тиіс. Бұл бағытта жерді игеруге мүмкіндігі бар және аграрлық салаға инвестиция салатын тұлғаларға басымдықтар берілуде. Қазір осындай жолмен 538 мың гектар жер ауыл шаруашылық айналымына қайта қосылып, оның 56 мың гектары инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін берілсе, биылғы бірінші тоқсанда 97309 гектар жер қайта айналымға қосылыпты. Басқарма тарапынан 2013-2015 жылдарға арналған ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалануға бағытталған облыстық бағдарлама әзірленіп, жүзеге асырылған. Осы бағдарлама аясында жүргізілген жерді түгендеу жұмыстары барысында облыс аумағында 6278 гектар бүлінген жер бар екені анықталған. Сол сияқты саяжай құрылысы үшін бөлінген 438 гектар жер де бос жатқаны белгілі болған. Игерусіз жатқан жерлерді қайта айналымға тарту облыс экономикасының дамуына септігін тигізеді. Жер кодексінің нормаларына сәйкес мұндай жерлерді экономикалық айналымға қосу жердің сауда-саттығын ұйымдастырып, өткізу жолымен жүзеге асырылуы тиіс, – дейді І.Тортаев. Басқарма басшысына журналистер тарапынан қойылған сұрақ аз болмады. Облыста қанша гектар жер сатылымға шығарылатындығы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жолының маңайындағы мердігер мекемелер қазып кеткен шұңқыр-жыраларды қалыпқа келтірудің жайы-күйі тағы басқа сұрақтарға нақты жауаптар қайтарылды.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді