«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аймақ экономикасының әлеуеті мол

Аймақ экономикасының  әлеуеті мол
ашық дереккөз
Аймақ экономикасының әлеуеті мол

«Самұрық-қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы өмірзақ шөкеев облысымызға жұмыс сапарында «бурное солар-1» және «тараз химия паркі» арнайы экономикалық аймағын аралап, бірқатар тапсырмалар берді

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің облысымызға арнайы іссапары Жуалы ауданындағы «Бурное Солар-1» күн электр стансасының жұмысымен танысудан басталды. Орталық Азиядағы күннен қуат өндіретін ең ірі станса болып табылатын бұл кәсіпорын өткен жылы жаңа индустрияландыру аясында өткен телекөпірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен іске қосылған болатын. Өркениетті елдерде қуаттың дені баламалы энергия көздері – күн, жел және судан өндіріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде жасыл энергияны дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта облысымызда да ірі жобалар жүзеге асырылуда десек, «Бурное Солар-1» КЭС-і солардың бірі де бірегейі екені сөзсіз. 150 гектар аумаққа орналасқан жаңа стансаның қуаттылығы 50 мегаватты құрайды. Күн электр стансасы жобасының жалпы құны – 23,6 миллиард теңге. Ірі күн электр стансасын салу ісі «Samruk Kazyna – United Green» бірлескен кәсіпорны күшімен Еуропадан арнайы мамандар тартылуымен жүзеге асырылған. Қазіргі таңда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, олар стансаның қызметін бақылаумен айналысуда. Алатау мен Қаратау ортасында, Жуалы ауданының төскейінде орналасқан күн энергиясы стансасының игілігін қарапайым халық көреді.

IMG_5091– Біздің электр стансамыздың аумағында энергия өндіретін барлығы 192 мың күн панельдері қолданылуда. Күн энергиясының есебінен жылына 73 миллион кВт қуат өндіруге, 30 мың ауланы электр энергиясымен қамтуға қауқарлымыз. Айта кету керек, жүзеге асырылып жатқан бұл жоба экологияға еш кедергісін тигізбейді, – дейді «Бурное Солар-1» ЖШС-ның бас директоры Нұрлан Қапенов. Сондай-ақ, ол «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеевке жобаның екінші кезеңін жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізіп, сол арқылы стансаның қуатын 100 мегаватқа дейін арттыруды жоспарлап отырғандықтарын айтты. Ал облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев станса орналасқан аумаққа таңдаудың қалай түскеніне тоқталды.

– Мұндағы қыратқа күннің көзі көп түседі әрі үздіксіз жел есіп тұрады. Жел электр қуатын өндіретін панельдердің қатты қызып кетпеуіне оң әсер етеді. Күннен өндірілген қуаттың бағасы көмір мен газбен өндірілгенге қарағанда бірнеше есе арзан болады. Оның құрылысына жұмсалған қаржы аз уақыттан кейін толық өтеледі. Стансаның өнімі жалпы еліміздің электр жүйесіне қосылған. Тағы бір айта кетерлігі, мұндай әдіспен энергия өндіру экологиялық жағынан өте таза. Облысымыздың өзге де аудандарында желден, күннен, судан электр қуатын өндіру жұмыстары жемісті жүргізілуде. Аталған жобаларды жүзеге асыру облысты таза экологиялық энергиямен қамтамасыз етуге ықпал етеді, – дей келе, Кәрім Нәсбекұлы бұл станса «Жасыл экономика» аясында бой көтеріп жатқанын атап өтіп, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне келер қонақтардың да назарын өзіне аударатынына сенім білдірді. Еліміздегі бірегей өндірістік жоба – «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінде инфрақұрылымдық нысандар құрылысының бірінші кезеңі 70 пайызға аяқталып отыр. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеев және облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Шу ауданына арнайы жұмыс сапары барысында өндірістік кешен құрылысымен танысты. Экономиканы әртараптандыру, қазақстандық үлесті арттыру, шағын және орта кәсіпкерлік мүмкіндіктерін мультипликациялау, жоғары технологиялық өндіріспен болашақтың экономикасына көшу – бүгінгі күннің басты мақсаты. Бұл ретте химиялық өнімдердің жаңа өндірісін қалыптастыратын жобаның айтарлықтай маңызы бар. Себебі, химиялық шикізат қоры елімізде мол. Оны тиімді пайдалану жаһандық даму дәуірінде Қазақстан үшін аса қажет. Сондықтан, қазір «Тараз химиялық паркінің» құрылысына айрықша мән берілуде.16 зауыттың шоғыры үшін Шу ауданының аумағы таңдалып алынуы да кездейсоқ жағдай емес. Себебі, аудан тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан, инфрақұрылым тарту үшін тиімді. Бұл басымдық инвесторлардың да қызығушылығын арттырары сөзсіз. Келешек кәсіпорынның инфрақұрылым нысандарының құрылысын 2 кезең бойынша жүзеге асыру жоспарланған болатын. 2016 жылдың соңғы тоқсанында сыртқы инфрақұрылым түгел аяқталуы тиіс. Яғни 505 гектар жердің 208 гектарына тиесілі құрылыс жұмыстары бітуі тиіс. Ал екінші кезең қорытындысы 2018 жылдың қараша айына жоспарланған. 2015 жылы 496,7 миллион теңге 10 шақырым газ құбырын тартуға, 1 миллиард 501,9 миллион теңге 6,4 шақырым темір жол дәлізін жүргізуге, 1 миллиард 497,3 миллион теңге 5,8 шақырым автожол дәлізін жүргізуге, 1 миллиард 490 миллион теңге 5 шақырым электр желісін тартуға жұмсалды. Яғни, электр желісін тарту жұмыстары 70 пайызға орындалып отыр. Оның негізгі қондырғылары, яғни трансформаторлар германиялық «Сименс» компаниясынан алынған. Сондай-ақ, су құбырын тарту жұмыстары 70 пайызға орындалып, бұл мақсатқа 2 миллиард 406,4 миллион теңге игерілді. Жалпы, арнайы экономикалық аймақты жабдықтауға 2,5 миллиард теңге, инфрақұрылымға 34 миллиард теңге қарастырылған, бүгінде бұл қаражаттың 15 миллиард теңгесі толық игеріліпті. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің жұмыс сапарында белгілі болды. Сондай-ақ, «Біріккен химиялық компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басқарма төрағасының орынбасары Өсербай Жеңіс және «Химплюс» ЖШС-ның басқарма төрағасы Мұқаш Өсембаев өндірілетін химиялық өнімдер нарығы, сипаттамасы, сұранысы туралы түсіндірді. Бүгінде арнайы экономикалық аймақта глифосат өндіру бойынша біріктірілген кешен құрылысы басталуда. Жобаның үйлестірушісі – «Химплюс» ЖШС. Бұл жоба импортты алмастыруға бағытталған және еліміздің аграрлық секторын астық өнімділігін арттыруға қажетті химикаттармен қамтамасыз ететін болады. Кездесу барысында «Химпарк Тараз» АҚ-ның төрағасы Алмас Абжаппаров жоба қатысушылары туралы айта келе, бүгінгі күнге 4 қатысушы компанияның тіркелгендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, өндірістік кешеннің макеті көрсетілді. Содан соң, Ө.Шөкеев құрылыс алаңын аралап, бірқатар тапсырмалар берді.

Жанғазы АХМЕТ, Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Жуалы–Шу аудандары.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар