Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Жуалы ауданына жұмыс сапары кезінде аудан басшысына жұртты еңбекке жұмылдыруды тапсырды
Теріс өзеніндегі «ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қарасты «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасында биылғы 20 мамыр күні 133, 926 миллион текше метр су болды. Су бөгеті бірыңғай топырақтан жасалған. Жотасы бойынша ені – 7,5 метр, биіктігі – 30, ал, тереңдігі – 21 метр. 2005-2006 жылдары бөгеттің сыртқы жақтарына, 2012-2013 жылдары су жақ беттеріне және гидротехникалық құрылғыларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Қазіргі кезде су қоймасының жағдайы жақсы.
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев кеше ауданға жасаған жұмыс сапарын осы маңызды нысанның жай-күйімен танысудан бастады. Облыстық су шаруашылығы және аудан басшыларының мәлімдеуінше су қоймасының беріктілігіне алаңдауға негіз жоқ. Мамандандырылған күзет қызметінің полицейлері иықтарына автомат асынып, көздің қарашығындай күзетіп тұр. Алыс-жақын шетелдердің кейбірі дүрбелеңге түсіп жатқанда маңызды нысанды осылай күзету жөн енді. «Теріс-Ащыбұлақтағы» жағдаймен таныcқаннан кейін облыс әкімі Ақтөбе ауылындағы №25 Ақтөбе орта мектебіне атбасын бұрды. Былтыр ғана пайдалануға берілген,144 оқушы білім алып жатқан білім ошағының ажары атқан таңдай құлпырып тұр. Мектеп директоры Гүлнар Әбілдаева білім ошағымен жан-жақты таныстырды. Ал, Қызыларық ауылындағы орта мектеп туралы бұлай айта алмаймыз. 125 оқушыға арналған мектепте 172 оқушы білім алуда. Мектеп ғимараты соғыс басталған 1941 жылы салынғандықтан әбден ескірген. Түрлі себептермен жаңа ғимараттың құрылысы басталмай келіпті. Жобалық-сметалық құжаты қайта жасалып жатқан көрінеді. Кәрім Нәсбекұлының «ауылда қанша адам тұрады, нәрестелердің дүниеге келу көрсеткіші қалай?» деген сұрағына ауыл әкімі Ермек Сейдалиев жауап бере алмай, ыңғайсыз жағдайға қалды. Елбасының сол ауылдағы өкілі болғандықтан ауылдық окугтің әкімдері адам саны түгілі малдың, тіпті, тауықтың санын жатқа білуі керек емес пе? Кейінгі жылдары «жыр» болған «Көксай» каналының құрылысын облыс басшылығы былтырдан бері қолға алып, Үкіметке дейін шықты. Ақыры, өзіміздің аумағымыздан өтетін канал құрылысын қаржыландыруға Елбасы Үкіметке нақты тапсырма берді. Бөлінген қаржы көлемі 5,8 миллиард теңгені құрады. Аз қаржы емес, ендігі жерде «жырға» айналған судың мәселесі түпкілікті шешілуі тиіс. 23 шақырым жерге диаметрі бір метр темір құбыр тартылып жатыр. Құрылыс жұмыстарымен Алтынбек Садырбаев басқаратын «Сұңқар» және Айгүл Иматаева жетекшілік ететін «Жігер-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің құрылысшылары айналысуда. Жұмысқа барлығы 190 адам, 60 техника жұмылдырылуда. Облыс әкімі құрылыстың аяғынан бастап, тау шатқалындағы бастауына дейін барып, көрді. Тау шатқалындағы бөгеннің құрылысымен де жете танысты. Сөйтіп құрылысқа жауапты мекеме басшыларына, аудан әкімі Батырбек Құлекеевке жұмысты белгіленген мерзімде бітіруді шегелеп тапсырды.
Жуалыда шаруасы шалқыған жеке шаруашылық құрылымдарының бірі – «Зылиха» шаруа қожалығы. Картоп, көкөніс және майлы дақылдар өсіретін Керімқұл Бегалиев басқаратын шаруашылық кейінгі жылдары судың зардабын аз тартқан жоқ. Бірақ «су тапшы» деп қол қусырып қарап отырмады. Аз суды тиімді пайдаланып, бел шешпей еңбек етудің нәтижесінде өнім көрсеткішін төмендетпеді. 31 адамға тұрақты жұмыс тауып беріп отырған қожалықта науқандық жұмыс кезінде 100-ге жуық адам еңбек етеді екен. «Латона», «Амороза» және басқа картоп тұқымдарын өсіріп жатқан құрылым былтыр 150 гектар жерге картоп отырғызып, гектарына 210 центнерден өнім алыпты. 500 тонна картобын қолжетімді бағамен облыс әкімдігі жанындағы бағаны тұрақтандыру қорына өткерген. Германиядан картоп сұрыптайтын техника алыпты. 1132 тонна картоп сақтайтын қоймасы бар. Тағы да сыйымдылығы 5000 тонна болатын қойма салуға бекініп отыр.
Шаруашылықтың жұмысымен танысқан Кәрім Нәсбекұлы осында жиналған шаруа қожалықтарының жетекшілеріне сәтін салса шілде айының аяғына дейін канал құрылысы аяқталатынын жеткізіп, егіс алқаптарын еселеп арттыру қажет екенін айтты. Мемлекет тарапынан шаруаларға көрсетіліп жатқан көмек пен қолдау туралы сөз қозғап, аудан әкіміне елді еңбекке жұмылдыруды нықтап тапсырды. Нұрлыкент ауылындағы ауызсу құбырының құрылысы мерзімінен бұрын алдағы тамыз айында пайдалануға беріледі екен. Осы нысандағы жұмыспен танысқан облыс әкімі тиісті мекеме басшыларына «судың да сұрауы бар» екенін естеріне салып, әр тұтынушы үшін су есептегіш құралдарын міндетті түрде орнату қажеттігін ескертті. «Бурный» ірімшік зауыты 2012 жылдан бастап жұмысын қайта жалғастыра бастады. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 154 миллион теңгеге қазандық, су құбырлары және қалдық суды тазалау қондырғыларымен толықтай жаңартылды. «ҚазАгроҚаржы» АҚ-нан 318 миллион теңгеге ультрапастерленген сүт және ірімшік түрлерін шығаратын қондырғыларды лизингке алған кәсіпорында алдағы 20 маусымда жоғары температурада сүт өңдеу қондырғысы іске қосылады деп күтілуде. Пастерленген сүт шығаратын мұндай цех еліміздің оңтүстік өңірінде жоқ екен. Алайда мемлекеттің көмегімен қайта жабдықталып, іске қосылған кәсіпорында сүт тапшы. Ағарғанның тапшылығын жоюға аудан әкімдігі қол қусырып қарап отыр деуге болмас. Аудан әкімі Б.Құлекеевтің облыс әкіміне мәлімдеуінше, аудан бойынша 12 тұтынушылар кооперативі құрылыпты. Ауылдардан сүтті осы құрылым арқылы жинауды қолға алмақшы. Үкімет тарапынан бір сиырдан сауылған сүтке субсидия берілмейді. Кемі 30 сауын сиыр болуы шарт екен. «Ауылда 60 отбасы болса, сол үйдің бәрінде кемінде бір-бірден сиыр бар, солармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу ауыл әкімдері мен ауыл шаруашылық бөлімі басшыларының тікелей міндеті, ал оны қадағалау аудан әкімінің жұмысы» деді Кәрім Нәсбекұлы. Аудандағы іргелі шаруашылықтың бірі – «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сүтін Меркі ауданына өткеретіні тағы да сөз болды. «Осы ауданның жерін пайдаланып, ауасын жұтып отырған соң, өнімін осында өткізсін» деп облыс әкімі кесіп айтты. Аудан әкіміне шаруашылық жетекшісімен осы мәселе туралы жұмыс жүргізуді міндеттеді. №7 аудандық өрт сөндіру және төтенше жағдайлар бөлімдерінің жауынгерлері мен қызметкерлерінің іс-қимылымен, техникасымен танысқан Кәрім Нәсбекұлы оларға әрқашан қырағы болуды жүктеді. Майлы дақылдарды өңдеумен айналысатын «Агро азық-түлік нанмен жабдықтау» ЖШС шетелден жеткізілген озық үлгіде жасалған қуаттылығы жоғары жабдықтардың нәтижесінде былтыр 18 миллион 511 мың теңгенің өнімін өндіріпті. Небәрі 16 жұмысшы еңбек ететін шағын кәсіпорын үшін бұл аз табыс емес. Облыс әкімі серіктестік басшысы Нұрлан Ортаевтың жұмысына сәттілік тіледі. Аудан орталығындағы «ҚазМұнайҚұрылыс» және «Арайстроймаркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері құрылысын жүргізіп жатқан 280 орындық балабақша мен 300 орындық мектеп алдағы оқу жылында пайдалануға беріледі. Облыс әкімі мердігер мекемелердің жұмысын оң бағалады. Ол сондай-ақ, аудандық орталық аурухана жұмысымен де жан-жақты танысты. Кәрім Нәсбекұлы жұмыс сапарын аудан активімен кездесуде қорытындылады. Онда аудан әкімі Б. Құлекеев аграрлық өңір саналатын аймақтың тыныс-тіршілігі туралы хабарлама жасады. Қай салада болсын, ілгерілеушілік бар екенін атап көрсеткен аудан әкімі биыл Б. Момышұлы ауылында сегіз көшенің орта жөндеуден өтетінін мәлім етті. Басқа да атқарылатын шаруаларды да еске салды. Денсаулық сақтау, білім, ауыл шаруашылығы, құқық қорғау, әлеуметтік, дін, тағы басқа салалар бойынша тиісті мекеме басшылары хабардар етті. Актив жиынын қорытындылаған К. Көкірекбаев аудан әкімі мен облыстық басқарма басшыларына ауданда атқарылуға тиісті жұмыстар туралы нақты тапсырмалар берді. Облыс әкімінің ауданға жасаған жұмыс сапары кезінде онымен бірге облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов және бірқатар облыстық басқармалардың, мекемелердің басшылары болды.
Амангелді ӘБІЛ,
"Ақ жол".
Жуалы ауданы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- 26 желтоқсан, 2024
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді