Ауыл шаруашылығы да, өнеркәсібі де дамуда

Ауыл шаруашылығы да,  өнеркәсібі де дамуда
ашық дереккөз
Ауыл шаруашылығы да, өнеркәсібі де дамуда

Мойынқұм ауданында аграрлық саламен қатар, өндіріс те қарқынды дамуда. Биылдың өзінде алғашқы тоқсанда экономикалық қызмет түрлері бойынша аймақтың жалпы өнімі көлемі 7171,2 миллион теңгені құрап, былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 2,2 пайызға артқан. Оның ішінде 6623,8 миллион теңгенің өнеркәсіптік, 628,4 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліпті. Өңірлік коммуникация қызметінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен дәстүрлі брифингте аудан әкімі Бақытжан Нүркенов осылай деді.

Ол слайд арқылы «Ақбақай», «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы», «Аль-Басар», «Хантау цемент зауыты», «Эврика барит», «Көптас» және «Оргстрой» сынды өндіріс орындарының тыныс-тіршілігінен хабардар етті. Б.Нүркеновтің назарынан Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстар да тыс қалмады. Ауданда биылғы 3 айда жалпы сомасы 2290 миллион теңгені құрайтын 3 инвестициялық жоба жоспарланып, өңірдің Индустриялық картасына еніпті. Мирный ауылындағы Шолпан стансасында «Казгранит», Ақсүйек ауылындағы «Ер-тай» және Мыңарал ауылдық округінің Қашқантеңіз ауылында орналасқан «Тенардит» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүзеге асыратын жобалар толық қуатында жұмыс істегенде қазынаға мол қаржы құйылып, жергілікті тұрғындар көптеп жұмысқа тартылады. Аудан әкімі одан әрі ауыл шаруашылық саласындағы оң өзгерістерге тоқталып, бұл тұрғыда «Агрофирма Түрікпен», «Мойынқұм Откорм» және «Мойынқұм Агро» және «Мойынқұм Асылтұқым» серіктестерінің жаңа жобалары жөнінде хабардар етті. Мойынқұм шөл және шөлейтті аудандарға жатады. Сондықтан өңірде тамшылатып суару технологиясын енгізудің маңызы зор. Биылдан бастап «Ақ ниет» шаруа қожалығы 3 гектар жерге қызанақ, осынша алқапқа жүгері және 4 гектар жерге бақша дақылын егіп, тамшылатып суару тәсілін пайдалана бастапты. «Айдос» шаруа қожалығы да 3 гектар алқапты игеруге осы технологияны пайдаланбақшы екен. Аудан бойынша Мойынқұм, Бурыл-Байтал және Көктерек ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау мекемелері жұмыс істейді. Б.Нүркенов орманшылардың атқарып отырған жұмысын да жан-жақты баяндады. Жер қатынастары, кәсіпкерлік салалары бойынша да толыққанды ақпарат берді. Өңірде өндіріс орындарының өрісі кеңеюінен аудан бюджеті айтарлықтай өскен. Биылғы 1 сәуірге бюджетке салықтар мен төлемдер түсу болжамы 520,7 миллион теңге болса, 698,0 миллион теңге нақты түсіп, ол 134,0 пайызды құрған. Аудан әкімі автомобиль жолдары, құрылыс, абаттандыру жұмыстары, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет тағы басқа салалар бойынша да кеңінен қамтып, әңгімелеп берді.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар