Әпке өкініші

Әпке өкініші
ашық дереккөз
Әпке өкініші
Зейнеп түскі шәйін ішкен соң әдетінше демалып отырған. Сыртта ойнап жүрген немере қызы: «Апа, апа, тойға шақыру қағазы келді, Асхат тәтенің үйлену тойы», – деп үйге жүгіре кірген. Қолында тойға шақыру қағазы бар. Танауы делдиіп кетіпті, көзінде ұшқын байқалады. «Апа, тойға мені де ала барасың ба?» дегені айтпаса да түсінікті. Бұл кіші баласының үлкен қызы, биыл, Алла жазса, мүшел жаста. – Е, Қатыш бейшараның кіші баласының үйлену тойы болады екен ғой. Осыдан екі ай шамасы бұрын «Асхат үйленіпті» деген хабарды ауылдағы келіні жеткізген еді. Қатыш тірі болғанда келіннің беташар қуанышына шақыратын еді деп ойлап, онда да көзінің жасын бір сығып алған. Сіңлісі Қатыштың ұзақ ауырып жатып, дүниеден озғанына да он жылдан асыпты. Тірі адам тіршілігін жасайды деген – осы, Асхат шешесі дүниеден қайтқанда он екі-он үштегі бала еді. Шешесін шығарып бара жатқанда шыңғырып ұзақ жылаған, сонда Зейнеп баланы бауырына қысып, жанарының жасын қосыла сыққан еді. Қатыштың беті бері қарамаған соң, үйіне алып келген, көп жатпады. Демі таусылар күні қасында болған абысынынан Қатыш пен күйеу баласы Жетпістің құшақтасып қоштасқанын естігенде өзегін өрт шалып, екі көзге ерік берген. Бәрі де Зейнептің есінде. Қалай ұмытсын?! Мереке сайын бас қосып, қуаныштарын бауырларымен бірге атап өтуші еді. Сол күндер таусылмайтындай көрінетін, жастық шақтың өткінші екенін кім ойлаған? Балалар өсе келе амандықтарын алыстан білісіп, бұрынғы думанды күндер қатары сиреген. Қатыш өмірден қайтқаннан кейін аралары тіпті суысып, арнайы шақырмаса, бір-біріне бармайтындай жағдайға жеткен. Ұстараның жүзіндей төңкерілген дүние-ай, десейші. Бауыры Қатыштың жер-ананың қойнында қымтанып жатқанын ойлағанда, әлі күнге егіліп сала береді. Зейнептің шашына ақ қатарластарынан ерте түскен. Ойында еш нәрсе жоқ немересіне: «Асхаттың тойына сені де ала барамын», – деген ауыр күрсініп. Қала орталығындағы үлкен мейрамхана, Асхаттың үйлену тойы. Зейнеп келіні мен баласын, немере қызын ертіп келген. Осыдан екі-үш күн бұрын той жайлы бауырларымен хабарласқанда олар ашып еш нәрсе айтпады, тықақтап сұрауға мұның да зауқы соқпады. Өздерің біліңдер деп, Қатыштың әруағы үшін деп келген. Сіңлісінің көзі тірісінде құшақтасып амандасатын құда-құдағилардан ондай ілтипаттың байқалмағанына да біраз жылдың жүзі болған. Мейлі. Күйеу баласы сол баяғы томсырайған қалпы. Сіңлісінің ұл-қыздары ғана «әпке» деп келіп, қолын алып, құшақтап, бетінен сүйіп амандасқан. Оларды көріп, Қатыш есіне түсіп, жанарына жас үйірілген. Сіңлісінің немере абысыны ғана аңқылдап келіп: «Той құтты болсын!» – деп, құшағын айқара ашып амандасты. Бар сырын бүкпей, жайып салып жүретін аңқылдаған мінезі ашық, жақсы әйел. Жаңа құдалар мұны қайдан танысын, ешқайсысы көңіл бөле қоймаған. «Мына кісі – өмірден өткен құдағиларыңыздың әпкесі», – деп, олармен таныстырған жан болмады. Күйеу баласы: «Құдалармен бірге болыңдар», – деп шақырғанымен, әйтеуір бір күш тежеп тұрып алды. Асхат пен келін кіріп келе жатқанда соңдарынан сіңлісі Қатыш та ілесіп келе жатқандай болып көрінген, «сағыныш елесі ғой осылай болсашы» деген ауыр тыныс алып. «Биссимиллә, биссимиллә» деп тілін калимаға келтірді. Той басталып, екі жақтың үлкендері шығып, шаңырақ көтерген жастарға бақыт тілеп, тойдың шымылдығын түрген. Мейрамхана ішін сазды әуендер тербеп тұрғандай. Той қонақтары өзара қауқылдасып той қызығын бастап кеткен. Барлығы да түгел, барлығы да орынды тәрізді. Япыр-ау, осы тойдың басты тойанасы қайда, ауызға алған, іздеген жан болсайшы. Тағдыр-ай десейші, баласының дүрілдеп тойы өтіп жатыр, осы тойды қолымен атқаратын тойанасы анау қырда жер-ана көрпесін қымтанып, мәңгілікке тыныштық тапқан. Мына қуанышты көруді маңдайына жазбапты, мына тойда отырғандарға Алла алдында аманат етіп қалдырғандай, Зейнеп өксігін баса алмады, тұншығып жылады. Тіршілігінде абысындары сыртынан «Қатышсыз іс бітпейді» деуші еді. Пысық еді, тыным таппайтын, енді, міне, бәрі де бітті, ол басқа әлемде. Өлгеннен кейін бәріміз де осы күйге түсеміз-ау деген ойдан Зейнептің денесі түршігіп кетті. Тойдың асабасы да тіл-жағына сүйенген жігіт екен, бар жақсылықты осы тойдың үстіне үйіп-төгуде. Алғаш құттықтау сөз алған байырғы құдалар да, олардан кейін сөз алған тілек білдіруші жегжаттар да бас қосқан жастарға қуаныш пен бақыт, ұзақ ғұмыр, берік шаңырақ иелері болуларын тілеп, сый-сияпаттарын ұсынып жатты. Әр жақсы құттықтау тілектерден кейін даңғаза биге үлкен-кіші жаппай шығып, бірін-бірі сүйреп, мәре-сәре күй кешті. Осы көріністің бәрі Зейнеп үшін ауыр соқты. Көптің ішінен елге дәм алғызып, зыр жүгіріп жүретін бауырын іздеді, көре алмады, қамығып, тұншығып жылады. Құда-құдағиларға жабылып жатқан шапандар мен сый-сияпаттарды тірі болғанда сол бейшара жасар еді ғой деп егілді. Асаба Асхат пен келіннің ата-анасын ортаға шақырғанда, күйеу баласы Жетпіс сопайып жалғыз шыққанда, Зейнеп тіптен егілді. – Апа, Сіздерді сөз сөйлеуге шақырып жатыр, – деген немере қызының сөзінен өзіне-өзі тез келген Зейнеп келін-баласын ертіп, той төріне озған. Келіннің нағашы жағынан бір қауым адамдар шығып бұлар солардың тасасында қалып қоя берді. Зейнеп Асхат пен келінді үйлену тойларымен құттықтап, сый-кәдесін тапсырды. Мұнан соң бұларға көңіл бөлген жан болмады. Байырғы құдалар, нағашы-жиендері, ағайын-туыстары тарапынан Қатыштың есімін той үстінде ешкім атай қоймады, сөз кезегі Жетпістің қатарларына тигенде, солардың әйелдері ғана сіңлісінің атын атап, жоқтағандай болды. Бірге жүрген күндерін еске алды. Той әдетінше топырлап сөйлеп, талғамсыз әуенге жас-кәрісі араласып билеумен өтіп жатты. Артында қалған ұл-қыздары той үшін білдірмей жүрген шығар, болмаса олар да қайбір оңып жүр дейсің, шешесін сағынады ғой деп өзін жұбатқансиды. Той тарқар тұста Зейнеп Асхат пен келінді құшақтап, ұзақ егілді, бауырын сағынып жоқтады, орнын сипап қалғанын ұққандай болды, тірі адам тіршілігін жасайтынына көзі жеткендей. Тойдан құлазып-егіліп қайтқан Зейнептің қан қысымы көтеріліп, бірнеше күн басын көтере алмай жатып қалды. Бірінші, Құдай, онан кейін, емдеуші дәрігерлер мен қолындағы келінінің арқасында өзіне-өзі келген соң келін баласына: «Асхат пен келінді шайға шақырыңдар, үй көрсін, бөлелерімен аралассын, бұған да тәубе», – деген баяу қозғалып. «Асхат көке мен жеңешем келеді!» – деп немере қызы тысқа әндете шықты. Шіркін, өмір баланың патша көңіліндей болсайшы деп ойлады Зейнеп іштей.

Адамдар, сыры терең бұл өмірге, Қараңдар әрқашанда ойлы көзбен.

Рудаки.

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар