Тәуекел етпеген тәуір өмір сүрмейді
шаруашылық жетекшісі Бауыржан төреқұлов құлан құмынан
ұңғымалы 2 құдық қазып, 48 күн сәулесі батареясын орнатты
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жұмыс сапарымен Т.Рысқұлов ауданындағы «Құдайберген Датқа» шаруашылығында болып, шөлейт жерлердегі жайылымдарды суландыру гидротехникалық кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Академик Ғани Қалиевтің ұйытқы болуымен күн сәулесі энергиясы арқылы жайылымды суландыру жобасы бойынша елімізде қолға алынған екі жобаның бірі болып табылатын бұл істің жүзеге асырылуы кісі қызығарлықтай. Құланның құмында қоныс тепкен «Құдайберген Датқа» шаруашылығына мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдау бағытында бөлінген инвестиция арқасында 48 күн сәулесі батареясы орнатылып, ұңғымалы 2 құдық қазылған. Салтанатты шарада сөз алған облыс басшысы Кәрім Нәсбекұлы: – «Қалауын тапса қар жанады» демекші, құм ішінен де құдық қазып, шаруаға қолайлы жағдай жасауға болатынына осы жоба дәлел болмақ. Бұл – академик Ғани Әлімұлы ағамыздың бастамасымен қолға алынған ерекше жоба. Біз өткен жылы осы мерзімде еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің өңірімізге іссапары аясында осынау шөлейт жерлердегі жайылымдарды суландыру гидротехникалық кешенінің іргетасын қалаған болатынбыз. Бүгін, міне, ашылу рәсіміне қатысып тұрмыз. Болашақта шаруаларымыз осынау игі бастаманың жемісін көреді деп сенемін, – деді.
Келесі кезекте сөз алған, осынау жобаның іске асуына ұйытқы болған ҚР Ауыл шаруашылығы ғылыми академиясының президенті, академик Ғани Әлімұлы:
– Біздің елімізде 180 миллион гектар жайылымдық жер болса, соның көбі пайдаланылмай жатыр. Өйткені, ол жерлерді шаруалардың тиімді игеруіне су тапшылығы өз кесірін тигізіп келген болатын. Мемлекеттің қолға алған осынау жобасы әзірге сынақ есебінде Қарағанды облысы мен осы Құланның құмындағы «Құдайберген Датқа» шаруашылығында іске асып отыр. Өздеріңіз көріп отырғандай, мұнда 48 күн сәулелі батареясы орнатылып, ұңғымалы 2 құдық қазылған, – деп, осының нәтижесінде 6 шақырымнан 12 шақырым радиус шеңберінде шаруаларға малын бағып, төлін көбейтуге толық мүмкіндік бар екеніне тоқталды. Сондай-ақ, жобаның өңірімізде іске асуына мұрындық болған облыс басшысына алғысын жеткізді.
Құланның құмынан құдық қазып, шөлейт жерлерде жайылымдарды суландыру арқылы мал азығын дайындап, қой шаруашылығын дамытуды мақсат еткен «Құдайберген Датқа» шаруашылығы бүгінде 1000 бас биязы жүнді меринос қойын өсіруде. Шаруашылық жетекшісі Бауыржан Төреқұлов жалпы құны 20 миллион теңгеге 1000 бас қойға арналған қора және шопан үйі құрылысы қаңтар айында аяқталғанын, 5 адам жұмыспен қамтылғанын айтты.
Расында, құм ішінен құдық қазу үлкен тәуекелдікті талап ететіні белгілі. Ал тәуекел етпегеннің тәуір өмір сүрмейтіні жайында тәмсіл бар. Бұл ретте, Құланның құмынан құдық қазып, күн батареяларын орнатқан «Құдайберген Датқа» шаруашылығының осынау батыл бастамасы басқа шаруаларға да үлгі болмақ.
Нұрболат Әлдибеков, «Ақ жол».
Т.Рысқұлов ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді