Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға

Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға
ашық дереккөз
Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға

Ұстаз – ұлы тұлға. Осы аталы сөз бар саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған Жұпар Шалхароваға да бағытталған сияқты. Яғни, 37 жылдық еңбек өтілі бар, физика пәнінің мұғалімі Жұпар Дөңбайқызына қандай құрмет көрсетсе де лайықты. Әкім Тарази атындағы орта мектептің ұстаздар қауымы әріптестеріне құрмет көрсете отырып аяулы ұстазды салтанатты жағдайда құрметті демалысқа шығарып салды.

37 жыл. Осынау жылдар ішінде қаншама жас оның алдынан білім нәрімен сусындап шықты. Үлкен өмірге қанаттанып, аяқ басты. Үлкен армандардың жетегінде алыстарға аттанды. Олар бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еселі еңбек етіп жүр. Салтанатты кеште мектеп директоры Нұргүл Әйтешова, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері, ұстаздың ағасы Келгенбай Шалхаров, жеңгесі Сақыш, абысыны Шария, бауырлары, курстас достары, құрбы-құрдастары, ұл-келіндері, шәкірттері көңіл тербетер тілек тетігін ағызса, немересі Нұрай Нұрболатқызы жүрекжарды жырын арнады. Мектеп ұстаздары мен оқушылары әннен шашу шашты. Білім қызметкерлері аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Ернар Тәжібаев Құрмет грамотасын табыстап, аудан әкімдігі білім бөлімінің алғысын жеткізді. – Мұнан артық қуаныш болар ма?! Мен бақытты ұстазбын. Шәкірттеріммен мақтанамын, – деді өзіне арналған ағыл-тегіл тілектерге толқыған Жұпар Дөңбайқызы. Иә, Жұпар шын мәнінде бақытты жан. Жолдасы Ыбыш екеуі алтын асықтай Ербол, Азамат, Нұрболат есімді ұлдарды өмірге келтіріп, нағыз азамат етіп тәрбиеледі. Бәрі де жоғары білімді, бір-бір мамандықтың иесі. Ыбыш та мектепте қызмет етеді. Сондықтан шығар, ұрпақтарына сапалы білім, саналы тәрбие беруде ерлі-зайыптылардың сіңірген еңбектері елеулі. Сол үшін де мектеп ұжымы, ауыл жұртшылығы оларды құрметтейді, өзгелерге үлгі тұтады.

Дүйсенбек Орманов, журналист.

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар