«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жамбыл – Чанцзи-Хуэй

Жамбыл – Чанцзи-Хуэй
ашық дереккөз
Жамбыл – Чанцзи-Хуэй

достық та, экономикалық қарым-қатынас та нығая береді

Үстіміздегі жылғы 7 сәуірде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған жамбылдық делегация тобы ҚХР-дың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің Чанцзи-Хуэй автономиялық округінің бірқатар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және әлеуметтік нысандарында болды. Әулие­аталық­тар бұл сапар барысында аспан асты еліндегі ауыл шаруа­шылығы аймақтары мен базаларының, «Ланьшань-Тунхэ» жоғары технологиялар өнеркәсіп паркінің, «Юнхуа» биотехнологиялық, «Цзюшэнхэ» тұқым индустриясы компанияларының, ҚХР-дағы «Ихай цзяли» ұн және майлы дақылдар өндірісі компаниясы Чанцзи филиалының, Шыңжаң медициналық университеті жанындағы №1 аурухана филиалының, сондай-ақ әлемдегі ірі «ТВЕА» электр-техникалық корпорациясының штаб-пәтері мен зауытының тыныс-тіршілігімен танысты.

Қытай шенеуніктерімен және кәсіпкерлерімен кездесулер барысында К.Көкірекбаев облысымыз бен ҚХР-дың ШҰАӨ Чанцзи-Хуэй автономиялық округі арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту перспективаларын, сондай-ақ облысымыз жағдайында Чанцзи ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп тәжірибесін қолдануды басты әңгіме арқауы етті. Жамбылдық делегация құрамында облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев, Байзақ, Қордай және Шу аудандарының әкімдері Мұратхан Шөкеев, Қайрат Досаев, Рүстем Дәулет, облыс әкімінің баспасөз хатшысы Гүлбаршын Құланбаева, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов, мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Мүбәрак Жинақбаева, Тараз мемлекеттік педагогикалық және Тараз инновациялық-гуманитарлық институттарының ректорлары Дария Қожамжарова, Ерболат Саурықов, «Рыспаева және К» ЖШС директоры Сәуле Рыспаева, «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС директоры Дастан Айтөленов, сондай-ақ «Бапыш-Сейсенбай», «Олжа», «Злиха», «Талап», «Нариман» шаруа қожалықтарының басшылары Сәкен Рәпілбеков, Берік Егембердиев, Нұржігіт Бегалы, Мауыт Фазылов, Бақтыбай Саудабаев болды. – Біз Қытайдың ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерін білеміз, Сиань ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне үнемі қатысып жүрміз. Бұл жолы біз ШҰАӨ Чанцзи-Хуэй автономиялық округінің жылыжай шаруашылығын аралап көрдік. Бізді мұндағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу тәжірибесі, ең алдымен қызанақ өсіру тәжірибесі қатты қызықтырды. Біз жылына 70-80 мың тоннадай қызанақ өсіреміз, сондықтан да біз осы өнімдерді өңдейтін зауыттар мен цехтар құруымыз қажет, – деді облыс әкімінің оынбасары Абдалы Нұралиев журналистерге берген сұхбатында. Жалпы, бұл кездесулерде Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастық, экономикалық даму, екі жақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері бойынша пікір алмасулар да ұйымдастырылды. Айта кету керек, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, электромеханикалық өнеркәсібі, мұнай-химия, құрылыс материалдары, минералдық ресурстар мен жоғары технологиялар игеруі Чанцзидің экономикалық дамуының жетекші салаларының бірі, ал қаланың өзі Чанцзи-Хуэй автономиялық округінің әкімшілік орталығы болып табылады. Әрі маңызды көлік торабы, ол арқылы Синьцзянның солтүстік темір жолы және Укуй магистралі өтеді. Ежелгі уақытта қала Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағындағы негізгі бекеттердің бірі болған. Өңір басшысының бастамасымен өткен жылы арнайы делегация ҚХР Шаньси провинциясына барып қайтқан болатын. Бұл жолы да ауыл шаруашылғы өнімдерін өңдеу тәжірибесі кәсіпкерлеріміз ойына қозғау салып, жаңа жетістіктерге жігерлендіретініне бек сенімдіміз.

«Ақ жол-Ақпарат».

Ұқсас жаңалықтар