«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Шырмауықтың» шымшымалары

«Шырмауықтың» шымшымалары
ашық дереккөз
«Шырмауықтың» шымшымалары

1 сәуір күлкі күніне орай өткен «Шырмауық» студенттік әзіл-ысқақ театрының «Өсек-аяң, қыбыр-жыбыр» атты әзіл мен ән кеші көпшіліктің көңілін көтерді. М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың студенттерінен құралған театрдың бұл алғашқы қойылымы аталмыш оқу ордасының бас ғимаратының мәжіліс залында өтті.

Кеш барысында театр әртістері Асқар Наймантаевтың «Диеата немесе шындық айту», «Арман болған абақты», «Гитара», «Өлу операциясы» секілді шығармалары мен қатар өздерінің жекелей дайындаған «Батырлар көтерілісі» сынды интермедияларын көрермендер назарына ұсынды. «Диеата немесе шындық айту» интермедиясында театрдың әртістері актерлік дуэт арқылы оқиға желісіне көрермендерді сендіре отырып, ерлі-зайыптылардың ащы шындықтарын сәтті қалжыңмен өрбітсе, «Арман болған абақтыда» қоғамдағы қарама-қайшылықтарды әзіл арқылы астарлап жеткізуге тырысады. «Өлу операциясында» театр әртістері қазіргі қоғамдағы жағымпаздар мен байшыкештердің байыпсыз әдеттерін әшкерелей отырып, сахна сиқырымен тігісін сетінетпей суреттеп, олардың жағымсыз қылықтарын сатираның сын садағымен нысанаға алады. Ал кешті түйіндеген «Батырлар көтерілісі» интермедиясы бұл театр әртістерінің өздерінің қиялынан дүниеге келген шығарма екендігімен ерекшеленеді. Онда олар өздерін сатираның жас сардарлары, яғни, батырлары ретінде сезініп, көрермендердің көңілін көтере отырып, жүректерін жаулап алуға деген ниеттерін байқатады. Күлкі күнінде көрермендерін күлкіге кенелткен кешті өңірімізге танымал «Әдемі-ай» дуэті, «МелАРТ» тобы секілді жас өнерпаздар әнмен әрлей түсті.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар