Нәзира Байырбек.
Жүрегің тастан ба еді, мұздан ба еді, Әлде менен жақын бір қыз бар ма еді. Көңілімді суыттың үнсіз қалып, Мен де айналсам жұмбаққа қызғанба енді. Қызғанба енді өзгемен билесем де, Шақыра ғой өзгені биге сен де. Мен жүрейін жанында жат біреудің Өлең оқып берейін сүймесем де...
Біз өскен ортада бойжеткен қыздардың көбі осы өлеңді жатқа оқушы еді. Бала көңіл біздің өзімізге арудың өкпе-назы тұнған бұл шумақтар сөз иесінің соншалық жан нәзіктігін сезіндіретін. Ақ, адал махаббат, риясыз сезім иесін өкпелеткен адамның әбес қылығы бізді де өкіндіруші еді. Нәп-нәзік гүлді күлдірген, күнді көлегейлеген, жайқалып ашылған гүлді ауыр мұң арқалап, солуына себеп болған әлдекімге жек көрініш тудырғаны да рас еді...
* * *
Өлең – біреуге бақ, біреуге сор. Талай ақын жан-жүрегін ақтарып, бойындағы өлең тасқынына ерік берем деп, қату қабақтарға тап болған. Пыр еткен сезім құстарын қалт жібермей жыр құсына айналдырам деп, тіпті дос-жаран, жан жарынан да түсіністік таппағандар қаншама! Өйткені, өлең адамға сыр бүгерлік мүмкіндік бермейді. Қу сөз адамның ақымақтығын да, даналығын да, ұшқары ойларын да, тереңнен түйгендерін де, сүйдіргенін де, күйдіргенін де, қуанғанын да, мұңайғанын да жайып салады. Сондықтан да, өлең – Абай айтқандай өсекші. Өсекші болғандықтан да, ол – ақынның бағы мен соры. Ал белгілі ақын, өлеңдері нәзік лиризмге толы Күләш Ахметова үшін ол – бақ. Өйткені, ақынды жан жары ақын Қайырбек Асановпен тілдестірген де, үндестірген де, өмірді бір кештірген де – сол өлең.
* * *
Бірде қаламыздағы Назарбаев университетінде Күләш Ахметовамен кездесу өтетін болып, оған газет редакциясынан біз жіберілгенбіз. Аты аңызға айналған ақын апаны көру, әрине, үлкен бақыт. Әріптесім Серікгүл Сұлтанқажы екеуміз алып-ұшып аэропорттың жолын бетке алдық. Осы алғаш танысқан сәтте ақынға өзіміздің сұхбат алғымыз келетінін айтқанбыз. Жүзінен нұр төгілген, жаны жайсаң Күләш апай реті келсе, сұхбат беруге келісім берді. Бұл күндері Астанада Тараз қаласының мәдени күндері етіп жатқан. Күләш Ахметова мен жұбайы ақын Қайырбек Асанов жамбылдық өнерпаздар тобының ақсақалдары ретінде көпшілікті бастап келген. Сонымен араға күн салып, ақынға телефон шалдық. Сұрақтардың жөнімен танысқан соң қолы қалт еткенде өзі хабарласатынын айтып сендірді. Астанаға бар болғаны үш-ақ күнге келген Ахметованың кісіден босай қоймасы анық. Біраз жылдан бері денсаулығы сыр беріп, қоғамның қым-қуыт тіршілігінен сырт қалып жүрген ақынды бір көрсем деп, іздеп барып жатқандар аз емес-тін. Оның сыртында бұл сапардағы бағдарламасы мәдени іс-шараларға, кездесулерге толы... Жырларының бірінде:
Азаматқа серік болған әйелдің, Дүниеге көрік болған әйелдің, Толғақ қысып, бала туған әйелдің, Бейнет үшін жаратылған әйелдің Оған қоса қалам ұстап қолына, Илхам кешіп ықтиярлы кеңесте Жыр жазғаны бір ғаламат емес пе?
– деп жазған ақынмен, кезінде Қадыр Мырза Әлінің өзі «ғаламат! ғаламат!» деп, қолдаған, сүйсінген, ілтипат білдірген ақынмен газет оқырмандары үшін кездесіп, сұхбат алуға біз, әрине, мұқтаж едік. Көп көріне бермейтіндіктен де, онымен әңгіме жүргізіп, «сөйлесіп» қалуға әйтеуір бізде құлшыныс күшті. Сондықтан, минут санай бастадық. Өзі хабарласатын уақытты тағатсыздана күттік. Шынында да, өзі айтпақшы, «әйелдің басы орнына кішірейген жер шарын орнатып ап жүрген» ақын, ақын әлемі бізді ынтықтырып, магниттей тарта түскен еді. Бала күнімізден әртүрлі өлеңдерінің әртүрлі шумақтары көңіліміздің бір-бір түкпірінде жатталып қалған адаммен тағы кездесу кәдімгі арманға айналды. Тағы да ақын кітаптарын ақтара бастадық. Не деген нәзіктік, не деген лиризм деп елжіредік іштей. Бұл «әлемдегі» әрбір өлең бір-бір этюд, картина сияқты. Егер Ахметованың қолына берілген қалам сиямен емес, бояумен жазылатын қылқалам болса, онда мына шығармалар жиынтығы кіргенге шыққысыз сурет галереясы болар ма еді, кім білсін?! Расында да, әр өлеңі өмірдің әртүрлі кезеңдерін бейнелеген бір-бір картина дерлік! Соншалық мөлдір, сондай нәзік, сондай кірпияз... Қазақтың маңдайына біткен абыз Әбіш Кекілбаев ақынның елу жылдығында, сонау 1996 жылы: «Күләштің жыры жүрегіңе сондай жылы, сондай жақын... Күннің нұрындай, гүлдің әріндей, нанның дәміндей, сүттің өңіндей, бөбектің иісіндей емірентпей, тебірентпей қоймас, кінә тақсақ, кие айтатындай пәк жыр» дегенді де тегін айтпаса керек. Тағы бір жолында: «Ол ананың пейіліндей дарқан, ғашықтың жүрегіндей отты, сәбидің еңбегіндей нәзік, қарындастың көз жасындай мөлдір» демей ме Әбіш ағасы ақын жыры туралы... Осындай тәтті мұңға оранған өлеңдердің әсерінен арыла алмай отырғанда, телефон шылдырлап қоя берді. – Мен денсаулығым болмай, кездесулерден қалып қойдым. Қазір екі сағаттай уақытым бар, келе ғой. «Думан» қонақ үйіндемін, – деді Күләш апа. – Қазір шығам. 15 минутта жетем, бұйыртса, – деп ұша жөнелдім мен де... Бұл күні өткендегідей емес, Қайырбек аға бізді оңаша қалдырды. Күләш апаның да әңгімесінен ерекше шынайылық сезіндім мен. Әңгіме ауаны әйел болмысы мен ақын болмысы, әйелге артылған жүк пен ақынға артылған аманат төңірегіне ауғанда: – «Ақын әйел» деген өлеңіңізде ақындықтың өзі әйел адам үшін «ерек сынақ» екенін жазыпсыз... Өзіңіз сол сынақтан қалай мүдірмей өтіп келе жатырсыз? – деп сұрадым. – Поэзия – өзіне селқос қарағанды ұнатпайтын өнер. Кез-келген өнер адамының жан-тәнімен өзіне беріліп, соңына түсіп, ізденіп, жанкештілік танытқанын қалайды. Сондықтан, мұның қиын сынақ екені рас. Өзіңіз енді «осы қиын сынақтан қалай мүдірмей өтіп келе жатырсыз?» деп отырсыз ғой, қалай мүдірмей өтейін?! Мүдіріп қаламын. Зулап өтіп келе жатқан жоқпын. Ондай сынақтан өту оңай емес. Кей күндері қанша илхам шабыт келіп тұрса да, өлеңіңді жылатып, балаңды жұбатуға тура келуі мүмкін. Аузыңа келіп тұрған өлеңді тұншықтырып, қоя тұрып, басқа тірлікке мойын бұрып кетуің мүмкін. Кейде, тіпті, сондай бір шабыт келіп, өлең жазайын деп отырғаныңда сау етіп, қазақтың қонағы келе қалады. Мұсылман әйелі болғаннан кейін ер-азаматың бір тапсырма бере қалады... Сондай қат-қабат жұмыстардың арасында жүріп, өлеңге қолыңды соза бергеніңде кейде тұрмыстың тауқыметі басталып кетеді. Бірақ, осы қайнаған тіршіліктің арасынан жол тауып, қызу тірлік үстінде көңіліңнің түкпіріндегі сәулені сөндіріп алмай, саңылау тауып, соны жарыққа шығару, көкейіңе оралған өлеңді қағазға түсіру – шынында да, оңай шаруа емес. Бірақ, Алла тағала адамға өзі көтере алмайтындай сынақ бермейді дейді ғой. Біз қанша көңіліміз алаңдап, отбасы, ошақ қасындағы міндетімізді орындасақ та, тағдырдың талант деген сыйын бағалауға тиіспіз. Олай болса, мен де өлеңнің ауыр байрағын көтеріп өтуге міндеттімін деп ойлаймын, – деді ақын ағынан жарылып. Ал: – Отбасы, бала қамын бірінші кезекке қоямын деп отырсыз. «Ер-азамат болғанымда бұдан жақсы жазар едім-ау» деп, жарыққа келмей жадыдан өшіп жатқан өлеңдеріңіз үшін өкінетін кездеріңіз болмай ма? – дегенімде: – Рас, кейде сондай кездер де болады. «Ер адам болғанымда қазір бұдан да көп жазып, жақсы дүниелер тудырған болатын едім ғой» деп, кейде мұңайып қаламын. Өйткені, ер адам отбасының бітпейтін күйбеңінен азат қой! Бірақ... «ер адам болсам, классик ақын болар ма едім» деген, ол – пендеуи ой. Олай ойлау – күпірлік те. Сондықтан, әркімнің арқалаған жүгі, арманы мен мақсаты, бақыты да өзіне шақ болуы керек деп ойлаймын, – деп жауап берді... Осыншалық жаны нәзік, қамқорлыққа, күтімге мұқтаж адамның қоғамдық ортадағы күрескерлігі туралы сұрағанымда: – Көп адамдар маған нәзіксің ғой деп жатады. Бірақ бұл – қоғамда көздеген мақсатыңа жетуге, алға ұмтылуға кедергі болатын нәрсе емес. Өзімді ішкі рухы мықты адаммын ғой деп ойлаймын. Атақ-абыройға, өзгелердің көзқарасы мен пікіріне тәуелді адам емеспін. Сондықтан ешқашан «мені біреу бағаламай қойды ғой» немесе «біреу озып кетті» деп, ренжіп жатпаймын. Керісінше, «біреуді түсінбей қалдым ба, бағаламай қалдым ба» деп өзіме-өзім сынмен қараймын. Өзгелерден көп талап етпеймін. Өзіме көп талап қоямын. Дәл бүгінгі күннің әрбір сәтін бағалай білсем, нығметтерін сезіне білсем – мен үшін сол үлкен жақсылық. Бұған мені ислам діні үйретті. Осы тұрғыдан келгенде, мен өзімді нәзік, әлсіз адаммын деп есептемеймін. Нәзік жаратылсам да, өз мақсатына жете алатын адаммын ғой деп ойлаймын, күпірлік болмасын! – деп жауап берді...
* * *
Ғалым ағамыз Амантай Шәріптің сөзімен айтқанда, «нәзіктігіне намысқойлығы, сезімталдығына сергектігі үйлескен» ақын болмысы бізді қайран қалдырды. Ақын ұстанымының дұрыстығын іштей мойындадық. Біздің түйгеніміз, ақ түс кір шалғыш келеді. Бірақ сонда да көңілді, жан-жүректі кірден тазартып, мөлдіретіп сақтауға иман ғана көмекші болмақ. Осы орайда Мәулана Жәлалладин Румидің: «Адамның болмысы – ішінде әртүрлі аңдар мекендейтін орманға ұқсас. Біздің бойымызда таза-лас, жаман-жақсы, имани-хайуани сияқты мыңдаған қасиеттер бар. Егер ішкі жан шаһарыңда қасқыр үстемдік ете бастаса, онда адамның қасқырға айналғаны» – дегені ойға оралады. Бұл жағына келгенде Күләш апа хал-қадірінше ішкі орманын жылы, жайлы, әсем орманға айналдыра білген адам сияқты...
* * *
Әңгімелесіп отырғанда нәзік жанына жақсылық ұялап, жүзін ұят нұрландырып тұрған Күләш апаның менің де көзіме ойлы жанарын қадап қойып отырғанын байқағанмын. Әңгіме аяқталғанда: – Сен де, байқаймын, нәзік адам сияқтысың. Өзіңді-өзің күт! Мықты бол! – деді батасын да, апалық ақыл-кеңесін де білдіріп. Уақыт жеткенде қоштасып, тұра бергем. Есікке беттегенім сол: – Айналайын! – деп еміріне дауыстады Күләш апам. Жалт бұрылсам, соңымнан күлімсіреп қарап отыр. Ол саусақтарын жұмырлап қолын сермей сөйледі: – Күйрек болмайық! Күшті болайық!
P.S. Қонақ үйден шығып, аялдаманы бетке алдым. О, тоба! Осындай да сезім болады екен! Мына кісі менің бұрыннан таныс туысым секілді! Жаным егізін тапқандай ма, қалай?! Аузынан шығып жатқан әрбір сөз, әр жауабы маған өз ішімнен шығып тұрғандай, өз сұрағыма өзім жауап беріп отырғандай, соншалық жақын, соншалық жылы тигені несі! Кім біледі... кейін, бәлкім, қартайғанда мен де осы кісідей болатын шығармын... Қазақтың сайын даласындай кең Сарыарқа бойымен жүріп келе жаттым. Бірақ... жүріп емес, ұшып бара жатқандай едім...
Астана.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді