Кооператив – ауыл шаруашылығын дамытудың басты тетігі
Дастан Айтөленов, «Меркі өнімдері» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы Жолдауларында ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл бағытта елімізде көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Өткен жылы Қазақстан Республикасының «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңы қабылданды. Мұның өзі саланы әртараптандыруға, ұсақ агроқұрылымдарды ірілендіруге жаңа серпін беруде. Көптеген өркениетті елдердің ауыл шаруашылығындағы қиындықтарды кооперативтерге бірігу арқылы еңсергенін жақсы білеміз. Өткен жылы Жапонияда «ТМД және Моңғолия мемлекеттерінде агроөнеркәсіптік өндірісті басқаруды ұйымдастыру» тақырыбында екі апталық оқу курсы өткізілді. Оған ТМД-дан 14 өкіл, олардың арасында Қазақстаннан мен және Шығыс Қазақстан облысы «Қарадоңғал» ЖШС-ның бас зоотехнигі Олжас Ибрагимов екеуміз қатыстық. Осы оқу курсында көкейімізде жүрген көп сауалға жауап тапқандай болдық, көп нәрсе үйреніп, жапондық мамандармен тәжірибе алмастық. Жапония – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өткеруде әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің бірі. Олар да осыдан 50-60 жыл бұрын ауыл шаруашылығы саласында Қазақстандағыдай қиындықтарды бастан кешірген. 1960 жылдары ұсақ шаруашылықтар өндірістерін дамыта алмай, өнімдерін өткере алмай қиналған екен. Тұйықтан шығу үшін ірілендіру қолға алынып, кооперативке біріккен. Ол жақтан келгеннен кейін мен аудан басшыларына кіріп, сүт өндіретін ұсақ агроқұрылымдарды біріктіріп, кооператив құруға ұсыныс жасадым. Аудан басшылары менің ұсынысымды қуана қолдады. Бұрын мен басқарған «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС-ның ісін алға бастыруға үш мәселе кедергі болды. Тұрғындардан сатып алынатын шикізаттың сапасы төмен әрі бағасы жоғары. Өндірілген өнімді лайықты бағаға өткеруде де қиындықтар кездесті. Зауыттың құрал-жабдықтарының жартысы жаңартуды қажет етті. Мұндай қиындықтар сүт өндірушілерге де тән. Жоғарыдағы мәселелерді оңтайлы шешу үшін сүт өткізетін шаруа қожалықтарын кооперативке бірігуге шақырдық. Ол үшін әуелі ұсынысымызды Ауыл шаруашылығы министрлігінің талдау-сараптама бөліміне жолдадық. Ол жақтан арнайы өкілдер келіп, біздің әлеуетіміз бен мүмкіндігімізді зерттеп, зерделеп, ниетімізге қолдау білдірді. 2015 жылы қараша айында аудандағы сүт өндірумен шұғылданатын шаруа қожалықтарымен жиналыс өткізіп, «Меркі өнімдері» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативін құрдық. Оның басшылығына мен тағайындалдым. Кооператив – агроқұрылымдардың өздерінің жалпы экономикалық, әлеуметтік және мәдени қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында еріктілік негізінде бірігетін дербес қауымдастық. Алғашқы кезде «Меркі өнімдеріне» 15 шаруа қожалық өз еріктерімен қосылуға өтініш білдірді. Қазір олардың қатары 42-ге жетті. Біздің бұл ісімізге республикалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы қызу қолдау көрсетуде. Кооперативке біріккен сүт өндіру бағытындағы 42 шаруа қожалығында 2,5 мың сиыр бар. Әйтсе де, көп уақыттан бері іріктеу, асылдандыру жұмысы жүргізілмегендіктен, олардың өнімділігі төмен. Бірқатар сауын сиырлардан күнделікті сауылатын сүттің мөлшері 5-10 килограмнан аспайды. Сондықтан да біз ең әуелі мал тұқымын асылдандыруды ұйғардық. Асыл тұқымды мал сатып алу үшін облыс әкімдігі «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жеңілдікпен 300 миллион теңге, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы осы мөлшерде несие беретін болды. Ол сүт өндіретін агроқұрылымдарға сұраныстарына қарай бөліп беріледі. Бұл қаржыға олар мың басқа жуық асыл тұқымды сиыр сатып алуды көздеп отыр. Бұйырса, жеңілдетілген несие таяуда беріле бастайды. Бұған аудандағы «Бахор» шаруа қожалығының игі ісі де түрткі болды. «Бахор» былтыр Ресейден 150 бас «Гольштинофриз» тұқымдас құнажындар алып келген болатын. Бүгінде олардың әрқайсысы күнделікті 20-25 килограмнан сүт беруде. Бір жылда осындай бір сиырдан 5 мың килограмм сүт өндіруге болады. Мұның өзі өзгелердің де қызығушылығын туғызуда. Қазір кооперативке мүше 42 қожалықтың 35 пайызы «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС-на сауған сүттерін өткізуде. Келешекте қалғандары да өнімдерін осында әкеледі. Кооперативтің шикізат өңдейтін өз зауыты болуға тиіс. Жақында Ауыл шаруашылығы министрлігінен арнайы өкілдер келіп, «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС-ның әлеуетін зерделейтін болады. Егер өндіріс орны олардың көңілінен шығатын болса, модернизация жүргізіліп, кооперативтің құрамына сатып алынады. Талап үдесінен көрінбесе, жаңа зауыт салынады. Шаруа қожалықтары кооперативке кіру нәтижесінде сүтті өткізу қиындығынан құтылады. Шикізатқа және дайын өнімге бағаны қожалық мүшелері жиналыста өздері белгілейді. Кооператив мүшелері сүтін шикізат және дайын өнім күйінде сата алады. «Меркі өнімдеріне» біріккен ұсақ агроқұрылымдардың біразының сиырлары болғанымен, қора-жайы және техникасы жоқ. Оларды салу және алу үшін қаражат қажет. Екінші деңгейлі банктер шаруа қожалықтарына несие алу үшін қатал талаптар қояды. Сондықтан да олардың көпшілігінің несиеге қолы жетпейді. Сүт өндірушілер банктерден несие алатын болса, оларға кооператив кепіл болады. Мемлекеттен берілетін несие мен субсидия бірнеше санатқа бөлінеді. Олар кооперативке бірінші кезекте беріледі. Демек, кооперативке мүше болған қожалықтар несиені қысқа мерзімде әрі қиналмай алады. Бұл жұмыспен кооператив басшылары шұғылданады. «Жалғыздың үні шықпас» демекші, бұрын сүт өндірумен айналысушылар жемшөп дайындауда да үлкен қиындықтарды бастан кешіріп келді. Кооператив мүшелері мұндай кедергілерден де құтылады. Қажетті жемшөпті қолда бар барлық техниканы жұмылдырып, бірлесіп әзірлейміз. Сол кезде оның өзіндік құны да едәуір төмен болады. Жыл соңында өнім өндіруге жұмсалған шығын шегеріліп, жиналыс шешімімен түскен табыс шаруаларға теңдей бөлініп беріледі. Табыс мөлшері көбейген кезде жаңа техника және басқа да қажетті керек-жарақтар сатып аламыз. Жапонияда бірқатар кооперативтердің өз балабақшалары мен мектептері және басқа да әлеуметтік нысандары бар екен. Сондай-ақ, кооператив жалпы жиналыстың шешімімен өзінің мүшелеріне автомобиль және үй сатып әпере алады. «Меркі өнімдеріне» енген шаруалар сауған сүтін, ал келешекте кооперативке мүше болып кіретін «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС өңдеген өнімін кедергісіз өткере алады. Осы мақсатта коммуналдық және басқа да бірнеше сауда орындарымен меморандумдарға қол қойылды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында өндірілген өнімнің сапалы, ыңғайлы, әдемі әрі бағасы қолжетімді болуы керектігін ерекше атап көрсетті. Нарықтық экономикада бәсекеге қабілеттінің ғана бағы жанады. Сондықтан да біз келешекте жоғарыдағы талаптарға сәйкес тауар өндіруге күш саламыз. Ол үшін өндіріске инновациялық технологиялар кеңінен енгізіледі. Өз жұмысымызда отандық және шетелдік озық әдістерді басшылыққа аламыз. Ауданда бірлесіп жұмыс істеуге ниет білдірген сүт бағытындағы шаруа қожалықтарын кооперативке шектеусіз қабылдаймыз. «Меркі өнімдері» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің өнімдері келешекте еліміздегі нарықпен қатар экспортқа да көптеп шығарылатын болады. Меркі ауданы.Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді