Облыс бойынша аумақтық жер инспекциясының еліміздің қолданыстағы заңнамасы талаптарының сақталуына қатысты қалалық, аудандық және ауылдық округ әкімдіктері аралас ұзын саны 46 мемлекеттік әкімшілік құрылымға жоспарлы тексеру жүргізген кезде, сондай-ақ, жұртшылықтың арыз-шағымдары мен жергілікті атқарушы органдардың тарапынан берілген материалдардың, прокуратура мен басқа да құзырлы орындардың тапсырысы негізінде жүзеге асырылған мыңнан астам тақырыптық тексеру жұмыстарының барысында Жер кодексі талаптарын бұзғаны үшін 16 ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлері мен әкімдіктеріне 1 миллион 510 мың, ал заң бұзушылық қадамдарға барған жер иелері мен жер пайдаланушыларға және жерге байланысты заңдарды бұзуға жағдай туғызған 73 лауазымды тұлғаға 5 миллион 530 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынып, 164 лауазымды тұлғаға ескерту берілген.
Мысалы, Жамбыл ауданының әкімдігі 2007 жылы аудан аумағы арқылы өтетін үшінші санаттағы Тараз-Құмшағал автомобиль жолының екі жағын бойлай орналасқан ұзындығы – 2,5 шақырым, ені – 200 метр болатын, жалпы аумағы 5 гектарды құрайтын жер телімін мал жайылымы ретінде «А. Абдралиева» шаруа қожалығының меншігіне беруде қисынсыз заң бұзушылыққа барған. Тексеру барысында құзырлы органның шаруа қожалығына жер телімін рәсімдеу актісін тапсырған кезде облыс орталығын ауызсумен қамтамасыз ететін үш бірдей ауызсу құбырының, Тараз қаласының батыс бөлігін жерасты суының көтерілуінен қорғайтын дренаж жүйесінің, жоғары кернеулі электр желілерінің нақ осы жер телімі арқылы өтетіндігін қасақана ескермегендігі анықталған. Өйткені, олар сол тұста Тараз қаласының жаңа бас жоспарының жасалып жатқандығынан, алдағы уақытта аталған жер телімінің облыс орталығын кеңейту аясында қала аумағына кіретіндігінен және соған орай сұраныстың артуына байланысты жер телімдерінің бағасы жоғарылайтындығынан хабардар болған. Әрі, көп ұзамай-ақ, жер иеленушінің мал жаюға тиімсіз жер теліміне иелік етудегі негізгі көздеген ниеті де айқындалыпты. Ол Тараз қаласының Құмшағал аумағында салынған полиэтилендік құбырлар мен тамшылатып суландыру құбырларын шығаратын зауытқа қажетті газ құбыры желісін өз иелігіндегі жер телімі арқылы өткізу кезінде еш қисынға сиымсыз қыруар мөлшерде қаржы талап етіп, ымыраға келмей қойған. Тек, құзырлы органдардың араласып, күш салуымен аудан әкімдігінің дау туғызған жер телімін «А. Абдрайымова» шаруа қожалығына жеке меншікке беру туралы қаулысының күші жойылғаннан кейін ғана туындаған проблема шешімін тапқан. Міне, осы және басқа да жемқорлыққа қатысты деректер облыс бойынша аумақтық жер инспекциясында прокуратура, сот, қаржы полициясы органдарының, әділет департаментінің, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының, облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен өткен жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлық қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу туралы дөңгелек үстелде белгілі болды. Дөңгелек үстелді жүргізген аумақтық жер инспекциясының басшысы С. Тәпиев пен аумақтық жер инспекциясының бөлім басшысы Ж. Әсембеков, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің хатшысы Ш. Кенжебаев, облыс бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің жауапты қызметкері, қаржы полициясының подполковнигі М. Байдалиев және басқалары саладағы жемқорлық көріністері мен оған тосқауыл қоюда қолданылуға тиісті шаралар хақында ой-пікірлерін ортаға салды.
Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді