Тағылымды тарихы бар гимназия

Тағылымды тарихы бар гимназия
ашық дереккөз
Тағылымды тарихы бар гимназия

Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясына – 30 жыл толып отыр. Мерейлі датаға орай аталмыш гимназияда «Сүйікті гимназияма – 30 жыл!» атты ашық есік күні өткізілді. Мерекелік кешке ардагер ұстаздар мен түлектері және білім ордасының бұрынғы басшылары қатысты. 

Жалпы, №45 классикалық гимназиясы облысымыздағы алдыңғы қатарлы білім ошақтарының бірі екенін атап өткен жөн. Аталған білім беру мекемесінің ғимараты 1986 жылы салынған. Типтік үлгідегі мектеп 1176 оқушыға арналған. 1990 жылы даңқты қолбасшы, майдангер-жазушы Б.Момышұлының есімі беріліп, 1992 жылы гимназия мәртебесіне ие болған білім ошағы бүгінде талантты да талапты шәкірттерімен республикаға танылған. Солардың арасында саясаттанушы Берік Әбдіғали, журналист, «Болашақ» стипендианты Қанат Әуесбай осы гимназияда білім алғандықтарын мақтаныш санайтынын айтады. – Гимназияның еліміздегі ең үздік 100 мектептің қатарына кіретінін білесіздер. Мен бұл гимназияның 1999 жылғы түлегімін. Таразға жол түскен сайын ат басын бұрып, ұстаздарыммен, оқушылармен кездесіп тұрамын, – дейді Қанат Әуесбай. Ашық есік күнінің ашылуында гимназия директоры Айша Ниязбекова сөз сөйлеп, білім ошағының соңғы жылдарда қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды. – Биыл – біз үшін ерекше жыл. Ерекше болатындығы – мектебіміздің 30 жылдық мерейтойы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Біздің гимназия 30 жыл ішінде көптеген биік белестерді бағындырды. Атап айтсақ, 2000 жылы республикалық «Таңдаулы мектеп» байқауында лауреат атанып, дипломмен марапатталды. 2009 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде «Мектеп бітірушілердің орташа балы жоғары болған 100 мектеп» қатарына ендік. 2010 жылы «Адамдық борышың...» атты Шәкәрім Құдайбердіұлының мұраларын жатқа айтушылар байқауында «Үздік мектеп» номинациясын жеңіп алдық. 2011 жылы «Алтын қыран» халықтық сапа белгісімен, «Халық таңдауы» байқауында «Білім беру қызметі» аталымы бойынша жеңіске жеттік. Облыс әкімдігінің білім басқармасының «Өнегелі педагогикалық ұжым – 2011» атағын бергені де күні кеше, – дей келе, Айша Бердешқызы гимназияның дамуына үлес қосқан ардагер ұстаздар мен ұжымына алғысын жеткізді.

Наурызбек САРША, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар