өмірден ерте өткен талантты ақын Серік Томановтың 60 жылдығына арналған «Адасып жүрген ақбөкен едім...» республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Өлеңдері өмірдің өзіндей сыршыл ақын Серік Томанов тірі болғанда наурыз айында 60 жылдық мерейтойын тойлар еді-ау... Алайда келте ғұмыр кешкен Серік ақын өзі өмірден өтсе де, артында өшпес, өлмес мұрасы – өлеңі қалды. Өнерін ардақтаған жұртшылық ақын атын қаперден шығарған емес.
Облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының ұйытқы болуымен Серік Томановтың 60 жылдығына орай «Адасып жүрген ақбөкен едім...» атты республикалық жабық жыр мүшәйрасының қорытындысы Талас аудандық Ұлбике ақын атындағы Мәдениет үйінде белгілі болды. Жүлдегер-жеңімпаздарды марапаттау рәсімі концерттік бағдарламамен үйлесім тапты. Шараның ашылу салтанатында облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Мүбәрак Жинақбаева мен Талас ауданы әкімінің аппарат жетекшісі Қадірбек Садубаев сөз алып, ақынның алдаспан жырлары халықтың жадында жаңғыра беретінін айтты. Ақынның жары Бибігүл Оразбаеваға сый-сияпат жасады. Елімізің әр қиырынан 21 жас ақын қатысқан мүшәйраға Қазақстан жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, ақын Қайырбек Асанов, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, «Егемен Қазақстан» газетінің облыс бойынша меншікті тілшісі Оралхан Дәуіт секілді азаматтар төрелік еткен. Нәтижесінде қалалық «Жамбыл–Тараз» газетінің тілшісі Нұржан Қадірәлі бас жүлдеге лайық деп табылса, облыстық «Арай» жастар газетінің тілшісі Хамит Есаман бірінші орын, әріптесіміз, облыстық «Ақ жол» газетінің бөлім редакторы Табиғат Абаилдаев пен қарағандылық Ақерке Асан екінші орынды иеленді. Үшінші орын алматылық Нұртас Тұрғанбекұлы мен тараздық Оразбек Жалғасқа бұйырса, ынталандыру жүлдесін әріптесіміз, «Ақ жол» газетінің тілшісі Наурызбек Сарша мен қызылордалық Мадияр Төлеуов бөлісті. Ақын шығармаларына арналған композициямен ашылған шара барысында Серіктің өмірінен сыр шертетін деректі фильм көрсетілді. Шара барысында облыстық «Ақ жол» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Ақылжан Мамыт сөз сөйлеп, ақынның жары Бибігүл Оразбаеваға редакция атынан сый-сияпатын табыстады. Ақын сөзіне жазылған әдемі әндермен әдіптелген іс-шарада өзге де белгілі азаматтар сөз алып, естеліктерімен бөлісті. Шараның жақсы өтуіне Талас аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі (басшысы Пернебек Оспанов) атсалысты.
Есет Досалы, «Ақ жол».
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді