«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мақсат – өнім өңдеуді дамыту

Мақсат – өнім өңдеуді дамыту
ашық дереккөз
Мақсат – өнім өңдеуді дамыту

Е-АнабековЕркебұлан АНАБЕКОВ, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары.

Өткен жылы Елбасының мемлекеттік дамудың жаңа қазақстандық жолын, қазіргі заманғы мемлекет құрудың 5 институционалды бағыттарын айқындайтын «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жариялауы ел өміріндегі айрықша елеулі оқиға болды. «100 нақты қадамның» 60-қадамында сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тарту бойынша алдағы үш жылда атқарылатын міндеттер алға қойылды. Облыс көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 210 кәсіпорын, шағын зауыттар мен цехтар тіркелген. Оның ішінде бүгінгі күні нақты 180 кәсіпорын жұмыс істеуде. Мұнда 2 700-ге жуық адам жұмыс орындарымен қамтылған. Ауыл шаруашылығы саласындағы басымдыққа ие ет, сүт өңдеу жобалары бойынша, 2015 жылы Байзақ ауданында «Агали» шаруа қожалығы күніне 8 тонна, Шу ауданында «Айшот» шаруа қожалығы тәулігіне 3 тонна сүтті өңдеуден өткізетін шағын цехтарды іске қосты. Биыл Талас ауданындағы «ZHYMA» және «Тіленше Ата», Т.Рысқұлов ауданындағы «Астана» шаруа қожалықтарында, Меркі ауданындағы «Севиль - Мерке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, Жуалы ауданындағы «Мешелов» жеке кәсіпкерлігінде шағын сүт өңдеу цехтарын іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Олар күніне тиісінше 3-25 тонна аралығында сүт өңдеу әлеуетіне ие. Облыс бойынша сүт зауыттарын шикізатпен қамтамасыз ететін 8 сүт қабылдау орнынан бөлек, ағымдағы жылы «Тараз» ӘКК» ҰК» акционерлік қоғамы арқылы 18 салқындатқыш танкер алынып, оның 8-і «Меркі ірімшік зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 34,1 миллион теңгеге, 10-ы «Көкжиек-2030» ЖШС-на 44,5 миллион теңгеге лизинг жүйесімен берілді. Сонымен қатар, «Бурный ірімшік зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі былтыр «Тараз» ӘКК» ҰК» акционерлік қоғамы арқылы 5 сүт қабылдау пунктін ашу мүмкіндігіне қол жеткізді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындардың басым көпшілігі және ірі-орта өндіріс орындары Тараз қаласы мен Меркі ауданы аумағына шоғырландырылған. Сүтті қайта өңдеуші кәсіпорындардың орташа жүктелімі 63 пайызды құрайды. Кәсіпорындардағы жабдықтардың басым көпшілігі ескірген. Ескіру пайызы – 10-70 пайыз аралығында. Кәсіпорындарда орын алып отырған негізгі мәселе – шикізаттың тапшылығы, сонымен қатар, жабдықтарды ауыстыруға қажетті несие алуына екінші дәрежелі банктер алдында кепілге қоятын мүліктердің төмен бағалануы. Бұл кәсіпорындардың жабдықтарын ауыстыруына, айналымдық қаражатын толықтыруына барлығы 2,7 миллиард теңге қаражат қажет. Қазіргі таңда Жамбыл ауданындағы «Оңтүстік Халал тағамдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ет бағытында шикізатты қайта өңдеу кәсіпорнын ағымдағы жылдың екінші тоқсанында іске қосуды жоспарлауда. Осыған орай, аудандар бөлінісінде сүт, ет және егіншілік бағыттарында дайындаушы ұйымдар құру тапсырмасы бойынша жоспар бекітіліп, аудандарға жолданды. Аудан әкімдері осыған байланысты ағымдағы жылдың наурыз айына дейін дайындаушы ұйымдарды ашуды ұйымдастыруы тиіс. Аудандар тарапынан іске қосылуы сәуір айына жоспарланып отырған ет өңдеу комбинатына өткізілетін малдың жалпы санын нақтылау жұмыстары жүргізілуде Етті қайта өңдейтін кәсіпорындар орташа жобалық қуаттылығының 61 пайызы шамасында жұмыс атқаруда. Жабдықтардың ескіруі 20 пайызды құрап отыр. Шикізат тапшылығы жоқ. Кәсіпорындарда қойылған жабдықтарды заманауи талаптарға сәйкестендіру, айналымдық қаражатын толықтыру мақсатында 127 миллион теңге қаражат қажет. Осылайша, жүйелі жұмыс жалғасын табуда.

Ұқсас жаңалықтар