немесе батыр БАУЫРЖАНның әңгімесі
Кезінде Баукең сәлемімді алысымен:
– Сен қалқанқұлақты білетін бе едің? – деді күлімсірей. – Ол кім? – Нұрғиса Тілендиев. Мен қипалақтап тұрдым да: – Білемін, – дедім жүрексініп. – Қарым-қатынасың бар ма? – Жоқ. – Онда қалай білесің? Баукең мұрты едірейіп, ызғар шаша қарады. – Композитор, музыкант қой. – Оны елдің бәрі біледі. Оның қандай адам екенін араласып, қарым-қатынас жасамасаң, біле алмайсың, – Баукең ежірейе қарап, басын шайқап қойды да: – Ауылдан Сламбек інім келген еді, – деп бір әңгімесінің шетін бастады. – Үйде отырғанбыз. Телефон шыр етті. Тұтқаны Сламбек көтеріп: – Қалай келмексіз? Баукең ауырып жатыр. – Жоқ, біз барамыз. – Ол келемін десе, келеді, – дедім мен. Қасында қазақтан шыққан бірінші балетмейстер тағы бір жігіт бар, шулап кіріп келді. Олар орындарына жайғасты. Біз диванға отырдық. Ешкіммен әңгімелесуге зауқым жоқ-ты. Қалқанқұлақ ащы суды жұтып келіпті. «Жаяу кісі салт аттылыға жолдас бола алмайды» дегенді естіп пе едің? Қазақта салт атты деген болған, оның мағынасы терең. Бұрын қазақтардың әрқайысысы шама-шарқынша мініп жүретін ат ұстаған. Оған жақсы ер-тоқым, жүген тағы басқа ат әбзелдерін сатып алған. Мұнысы бір жерде ұялып қалмайын дегені. Салт атты әйтеуір атқа мінген адам деп ойлайсыңдар – қате. Салт атты жақсы киініп, өзіне, атына сенгендіктен жалғыз жүрген. Бір ауылға бұрылса, қай үй көрікті, лайықты деп таңдап барып тоқтайды. Ердің үстінде шіреніп отырып: – Кім бар-ау? – дегенде, отағасы тысқа жүгіріп шығады. – Біз бар, аттан түсіңіз. Жолаушы аттан түсіп, тартпасын босатады. Бұл да қызық деталь. Онысы атына жаны ашығаны. Атын жайғамай, отағасының қолын алмайды. – Қош келіпсіз! – деп, үй иесі оған төрден орын береді. Жұмсақ жастығын шынтағына қояды. Түріне қарап: «Бұл кім болды екен?» – деп ойлап, дастарқан жаяды. Сол замат күллі ауылға: – Ойбай, бәленшенің үйіне салт атты келді, – деген хабар тарайды. Үлкен-кіші келіп сәлем береді. Ауылдың игі жақсылары қонақтың оң-сол жағынан орын алады. Қазір бұл дәстүр ұмытылды. Оны мен көрдім, сендер көрген жоқсыңдар. Ауылдың жасы үлкен ақсақалы жолаушыға: – Қарағым, ат-көлігің аман ба? Жол азабын, шөл азабын тартқан жоқсың ба? – дейді. Қызық сұрақ емес пе, а? Дастарқан жайылып, сусын келеді. Ол кезде бүгінгідей ащы су жоқ. Қымызға қол созған жолаушыға ауыл ақсақалы: – Шырағым, әуелі жөн сұрасайық, – дейді. Танысайық дегені ғой. Бұл, бір жағынан, әдептілік, екінші жағынан, сынау, кім екен мынау дегендік. Әртүрлі болады. Егер жолаушы ақын болса, өлеңмен: «Сұрасаң, арғы атам пәлен деген, одан кейін бар атам Семен деген», – деп желдіртеді. – Иә, қарағым, білеміз, онда жақсы кісінің тұқымы екенсің. Біз пәлен деген атадан тараймыз, – деп ауыл ақсақалы өз жағын да таныстырады. Ол «келген кім екен?» деп сынап отыр ғой. «Әй, мынау текті жердің баласы екен» деп ұнатса, көзімен туыстарына белгі береді. Ол белгіде атын да, өзін де күтіңдер деген мән жатады. Мал сойылып, қазан асылады. – Дәм-тұз бұйырып келіп қапсың, қарағым. Құтты қонақ болғын, – деп айтады. – Бұл сөздің мәнісін түсінесің бе? «Құтты қонақ – құт, құтсыз қонақ – жұт» дейді қазақ. Құтты қонақ берекеңді кіргізеді, құтсыз қонақ берекеңді кетіреді. Екі жақ та бір-бірін сынап, байқап отырады. Ал егер келген жаратымсыз біреу болса, ақсақал: – Әй, бір қозы соя салыңдар, бір қонып кетсін, – деген белгі берді. Сол белгіні байқап: – Е, мен сендерді тәуір ауыл деп келген едім, – деп, қонақ ұтымды тіл қатса, ауыл иелері жеңіліп, қол қусырады. Екі жақ та қып-қызыл аңдысу, сөз жоқ. Біреуі жеңіліп, біреуі жеңеді. Тең түсу деген болмайды. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деп, жеңілген жақ тоқтайды. Ақын болса, өлең айтқызады. Баукең темекі тұтатып отырып: – Мұны неге еске алдың деп маған сұрақ қой, – деді. – Мұны неге еске алдыңыз? – Ауырып жатқанда қалқанқұлақ жұтып келіпті дедім ғой. Шынымды айтсам, жақтырған жоқпын. Жақтырмағанымды ол да сезді. «Иә, қарағым, шырағым» деп көлгірсу бар ғой, соның бәрін аямай жұмсап жатырмын. Бір кезде: – Мынаған бір нәрсе беріп құтылайықшы, – деп әйеліме ымдадым. Жеңгең тұра бастап еді: «Жеңеше отырыңыз» – деп, қалқанқұлақ рұқсат етпеді. – Әй, мынау бірдеңені бүлдіре ме екен, – деп, ызаға булықтым. Әттең, «Неменеге ұрттап келесің? Сырқат екенімді естідің емес пе?» дегім келеді-ақ. Ол оны сезді. Қасындағылар ештеңе аңғарған жоқ. Қалқанқұлақ алқын-жұлқын боп отырса да, сөз тапты. Өзі әдеп-ғұрыпты жақсы біледі екен. Сіз ауырып жатыр деген соң, ағаның көңілін сұрайын деп келдім. – Онда кешір, қарағым. Маған әжептәуір жауап қайырғанына риза болып қалдым. Көз алдыма ақылды салт атты елестеді ...Амал жоқ, төсектен тұрып, әңгімелесіп отырдым. Ішіп келгеніне қарамастан, ол жақсы әсер қалдырды. Жаным жадырап, еркін сөйлестік. Фольклор, әдебиет, музыкадан хабары мол тәрізді. Бір кемшілігі – солардың басын құрай алмай жүргендердің біреуі екен деп ойладым. Оған ұстамдылығы жетпейді, білем. Мақтағаным емес, жаңа келгенін онша жақтырмадым дедім ғой, меніңше, жан-жақты жігіт болу керек. Менің де музыкадан хабарым бар ғой, әндері өз алдына әрі тамаша дирижер. Бұл, ескіше айтқанда, Құдайдың берген таланты. Дирижерлік – үлкен өнер. Он образованный, но не организованный человек. Баукең шабыттана, шамырқана сөйледі. Егер ол өзін бір салаға жұмылдыра білсе, Қазақстанның опералық өнерінің тізгінін ұстауға болар еді. Білімді болу жеткіліксіз. Дипломмен түкке жарамай жүргендер жетеді. Құр біліммен ештеңе тындыра алмайтындар да көп, ал ұйымдастырушылар олардан озып кетеді. Мысалы, мен таза әскери адаммын. Әскери жағынан білімдімін. Сенбесеңдер, орыстың академигінен сұраңдар. Кемістігім – мен де ұйымдастыра білмеймін. – Мұны кемшілік деп ұғасыз ба? – Әрине. Алдымен өзіңді-өзің сына, жақсыңды – жақсы, жаманыңды – жаман деп тани біл. Бір нәрседен бағым өрледі екен деп, құр дарылдай беру ақымақтыққа жатады. Табиғат берген талантты қадірлей білу керек. Қалқанқұлақтың мен байқаған бір кемшілігі – өзінің айтқаны – айтқан екен. Егер ол бойындағы дарынын бір бағытта жұмсаса, әлдеқайда жемісті болар еді... Амал не, салт аттының да өзіне лайық кемшіліктері болған ғой. Ол заңды құбылыс, шырағым. Баукең темекі түтінін үрлей түсіп: – Қалқанқұлақ – самородок, біздің ұлы композиторлардың заңды жағасы, – деді жұмсақ үнмен. Жағынуға жоқ. Мінезі тік. Аты шыққан бір әртіс қызымыздың бір жерде салған әні қалқанқұлаққа жақпай қалыпты. Үзіліс кезінде: «Аузыңды аша білмесең, ән салып нең бар?!» – депті оған. Күллі елдің алдында әйелге бұлай айту жақсы емес. Көпке дейін жұрт ұмытпай жүріпті. Мінезі тіктеу дегенімнің себебі осы. Қалқанқұлақ әлгі әнші әйелге тағы бірдеңе демек болған екен, марқұм Құрманбек Жандарбеков: «Әй, болды. Айтарыңды айттың ғой, жетер», – деп тоқтатып тастапты. Құрекең жарықтық та талантты еді ғой. Әртіс десең – әртіс, білімді десең – білімді, әнші десең – әнші. Халық әртістерінің ішіндегі ең білімдісі болатын. Маған бір жолыққанында: – Қалқанқұлағың сөйтті, бірақ одан бір нәрсе күтуге болады, – деп, жоғарыдағы әңгімені айтып берген. Қалқанқұлақтың мен ерекше құрметтейтін жақсы қасиетін мойындау керек, ешкіммен бақтаспайды, біреуді кемсітпейді. Мансапқорлық, іштарлық, майдалықтан ада. Шын талант иесі өзінен асқан дарындарға қуанады, күндемейді. Бұған дәлел – Пушкиннің ұстазы Жуковский. Ол Пушкинді көкке көтерген. Екінші ұрыста Петр Бірінші жеңіледі. Қашып бара жатып: «Жарайсың, Карл, жеңісіңмен құттықтаймыз», – деп уралаған. Багратион жараланып, атының жалын құшып бара жатқанда артына бұрылып: «Молодцы, французы», – деп айқайлаған. Кейбіреулер мынау менен асып кетпесін деп күні бұрын алдынан ор қазып жүреді. Қалқанқұлақтың бойынан ондай кеселді аңғарған емеспін. Ал енді көңіліңе келмесін, осында кеудесін көтеріп жүрген бір композиторсымағымыз бар. Оқыған, консерватория бітірген, доцент. Бірақ ол қалқанқұлақтың шынтағына да тұрмайды. Баукең темекісін үсті-үстіне тартты да, бүгінгі әңгіме осымен бітті дегендей, үндемей қалды.
Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ.
Алматы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді