«Қант зауыты» аумағында жаңа мектеп салынып жатыр

«Қант зауыты» аумағында  жаңа мектеп салынып жатыр
ашық дереккөз
«Қант зауыты» аумағында жаңа мектеп салынып жатыр

Дағдарысқа қарамастан, білім нысандарын салуға бағытталған қаржы көлемі қысқармады. Оған жер-жерлерде есігін айқара ашқан жаңа білім ошақтары дәлел. Қазіргі таңда Тараз қаласының «Қант зауыты» аумағында 300 орындық мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр. 

Бұл білім ошағының құрылысына республикалық бюджеттен 800 миллион теңге қаражат бөлінген. Тапсырыс беруші – Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі. Мердігер компания астаналық «ORNAU CONSTRUCТION» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екен. Мектеп құрылысы 2015 жылдың маусым айында басталған. Құрылыстың аяқталуы бастапқыда 2016 жылдың желтоқсан айына көзделген болатын. Алайда, кестеден озып келе жатқан мердігер компания биылғы қыркүйектегі жаңа оқу жылында бұл мектепті пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Мердігер компания елордалық болғанмен, жұмысшы, құрылысшылардың түгелге жуығы жергілікті тұрғындар. Оның ішінде 30 пайызы «Қант зауыты» аумағынан жұмысқа алыныпты. Құрылыстың ең маңызды бөлігін игеріп жатқан құрылысшылардың айлығы 100 мың теңгеден асып жығылады. Компания директоры Айдар Әшімжанов құрылысқа облысымызда шығарылатын құрылыс өнімдерін қолдануды жіті назарда ұстайды екен. Тараздық құрылыс өнімдерін өндіруші кәсіпорындардың өнімі бұл мектептің қажетіне жарап тұр. Аумақ тұрғындары жаңа мектептің салынып жатқанына дән риза. Ғимарат дер кезінде керекті жеріне салынып отыр. Аумақ тұрғындары еңселі, жаңа білім ошағына балалардың қол жеткізу мүмкіндігін жақындататын бағдарлама үшін Елбасына, мұндағы мектеп жағдайына оң назарын бөлген облыс басшысына алғыстарын айтуда. – Мұнда жүз адам еңбек етуде. Қазіргі таңға дейін 210 миллион теңге қаржы игерілді. Құрылысшылар екінші қабаттың негізгі жұмыстарын аяқтап, үшінші қабатқа көтерілді. Бұл дегеніңіз шамамен жұмыстың елу пайызы атқарылғанын білдіреді. Құрылыстың тоқтаусыз жүргізілуіне еш кедергі жоқ. Ең бастысы, сапаға көп көңіл бөліп отырмыз. Құдай қаласа, осы қарқыннан айнымай, алдағы қыркүйекте 300 орындық жаңа мектепті балаларға тарту етуді көздеп отырмыз. Жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыс соның айғағы, – дейді «ORNAU CONSTRUCТION» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің учаске бастығы Ерік Артықбаев.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар