«Инабатты ару» байқауының жеңімпазы ТарМПИ грантын иеленді
«Баласағұн» орталық концерт залында өткен облыстық «Инабатты ару – 2016» байқауында ұлттық құндылықтарымыздың тұнық бастауынан нәр алған, көңілдері ізгіліктен жаралған, қос бұрымы таралған қаракөз қарындастарымыздың ізгілікке талпыныстарына жиналған көпшілік тәнті болды. Бес жылдан бері желісін үзбей жалғасып келе жатқан қыздар тәрбиесіне оң әсері мол бұл байқауды «Асыл арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Байқауда тоғыз талапкер ару үш бөлім бойынша өз өнерлері мен шеберліктерін ортаға салды. «Сымбат – жанның айнасы» бөлімінде үміткерлер тараздық Сымбат Жұлдызбай, Жамбыл ауданынан Диана Дүйсенбай және мойынқұмдық Ләйлім Шайдахметтің өнері ерекше шықты. «Анадан тәлім алған қыз» атты екінші бөлімде қатысушы бойжеткендер бірінен-бірі өткен шебер екенін байқатты. Олар өз қолдарымен жасаған түрлі ұлттық бұйымдарының мән-маңызын көпшіліктің алдында түсіндіріп, қосымша қойылған сұрақтарға да сүрінбей жауап берді. «Шаңырақтың шамшырағы» атты үшінші бөлімде де арулардың жақсы қасиеттері жан-жақты ашыла түсті. Бұл бөлім барысында ата-ана мен перзент арасындағы ізгі байланысты, қайын сіңлі мен жеңге арасындағы жақсы құрметті байқап, көңіліміз жадырады. Байқау қорытындысында қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге Шу ауданынан келген үміткер Әлия Төлеуханқызы ие болды. Ол Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының оқу грантын иеленді. Жүлделі бірінші орынға тараздық Сымбат Жұлдызбай лайық деп танылса, жуалылық Дана Айтуғановаға жүлделі екінші орын берілді. Қос үшінші орыннан меркілік Аяулым Мұхтанова мен Жамбыл ауданының мақтанышы Диана Дүйсенбай көрінді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді қазылар алқасының төрайымы, Қазақстанның халық әртісі Мәкен Рахымжанова, ТарМПИ-дің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сейсекүл Исматова, «Асыл арман» орталығының директоры Ринат Нұрақбаев марапаттап, дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырды.
Есет Досалы, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді