Өндірістің экономиканы өрге сүйрейтіні әлімсақтан белгілі. Индустрияландыру бағытының таңдалынуы да содан. Еліміздегі, оның ішінде облысымыздағы жергілікті шикізаттардың мол қорын сәтімен игеріп, өңдеп, ұқсату ісі қанатын кеңге жая түсті.
Қаратау қаласындағы «Жамбыл Недр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты цемент зауыты да өңіріміздегі өңдеуші-ұқсатушы кәсіпорындардың бірі де бірегейі болады деп күтілуде. – Мұнда жұмысшылар зауыттың құрылыс жұмыстарын бір сәтке де тоқтатпауда. Соның нәтижесінде ұнтақтау, майдалау, ұнға айналдыру нысандарының сұлбасы дайын. Енді Қытайдан әкелінген құрал-жабдықтар құрастырылу үстінде, – дейді бас прораб Болат Батырбеков. Іс басында құрастырушы Нағашыбай Сейілхановты да жолықтырып, сөзге тартқанбыз. – Кенді ұнтақтау алаңына жеткізетін темір жол тартылды. Алып бункерлерді де құрастыру үстіндеміз. Оған қоса электр желілері тартылуда. Зауыттың құм қиыршықтары төгілетін алаңы да дайын. Темір жол рельсін төсеу жұмысының да 80 пайызы аяқталған, – дейді ол. Жалпы, цемент зауытында 120 жұмысшы-қызметкер еңбек етуде. Олардың 95 пайызы – жергілікті тұрғындар. Айлық жалақылары – 80-85 мың теңге аралығында. Әрине, жұмыстың күрделілігіне қарай одан да мол жалақы алатындар бар. Бетон құюшылар өздерінің ай сайынғы еңбекақылары уақтылы қолдарына тиетінін айтады. Зауыт құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанының өзіміз де куәсі болдық. Кәсіпорын басшысы Асхат Іңкәрбековтің айтуынша, Индустрияландыру картасына енгізілген осынау өндіріс орнының құрылыс жұмыстарына күні бүгінге дейін 2 миллиард теңге жұмсалған. «Енді инфрақұрылымға қажетті қаржыны қарастырудамыз. Оған Үкімет қолдау көрсетуі тиіс. Уақыт күтпей, қаражат тауып, ол мәселені өз күшімізбен шешсек, үстіміздегі жылдың маусымында алғашқы А-400, А-500 маркалы цементті шығара бастаймыз. Кәсіпорын толық іске қосылғанда 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ», – дейді ол. Тағы бір атап өтерлік жай, Қаратау қаласы маңынан тұрғын үйлерге еурожөндеу жүргізу үшін пайдаланылатын мәрмәр ұнтағын шығаратын өндіріс орны да ірге көтеруде екен. Әлемге әйгілі «Алинекс» компаниясының бір филиалы болып табылатын, міне, осы «Қаратау-Өндіріс» комбинатының да құрылыс ісі қарқынды өрістеуде. Оның әкімшілік ғимараты дайын, енді ұнтақ шығаруға арналған бөлігінің құрастыру жұмыстары қолға алыныпты. Кәсіпорынның бас директорының орынбасары Т.Алтаевтың айтуына қарағанда, алдағы уақытта бұл зауытта мәрмәр ұнтағынан түрлі құрылыс бұйымдары өндірілмек. Қаратау құрылыс материалдарының түр-түрін дайындайтын өндірісті аймаққа айналатын күн де алыс емес.
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ, «Ақ жол».
Қаратау қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді