«Шексіздіктің шетіне көз жіберсем, Мөлт-мөлт етіп мөлдірім жасаурайды»

«Шексіздіктің шетіне көз жіберсем, Мөлт-мөлт етіп мөлдірім жасаурайды»
ашық дереккөз
«Шексіздіктің шетіне көз жіберсем, Мөлт-мөлт етіп мөлдірім жасаурайды»
Ілияс Ахметов. Өлеңім – өркешім Дүние қуған баратыр азып әлем, Жолыққандай боламын бәлеңе құп. Мен мұндайда ширығам жазып өлең, Босаңсимын барынша өлең оқып. Әр тиынның жүр пенде біле құнын, Жанға батып тұрмыстың қыштағаны. Мен мұндайда қоймастан жыр оқимын, Көрінгенді көшеден ұстап алып. Көңіл бөліп өзімдей кіріптарға, Өзімсіне қараймын өңге елге де. Қол бұлғаймын көктегі бұлттарға, Шешіле сап тікбақай шеңгелге де. Үмітімен көрінбек ірі халық, Аужайынның ауылынан бұрын қайтам. Көктеректің қасында тұрып алып, Жанға айтпаған жетімек сырымды айтам. Әруақтансам қаламын жеңілденіп, Сыртқа әсер тисе де дүре құсап. Біздейлерге тартардай өмір нені, Тәп-тәуір боп қаламын жыр оқысам. Жібітпе  Жасып қапты жанымның қасқа өлеңі, Тұнжырасам көзіме жас келеді. Жалпағынан жалғанды басқан кім бар, Армандап ек арынмен басқа нені? Қайтып қапты қайраттың қасқа өлеңі, Өмір қайтсін назары пәс немені. Сыртым түгіл, ішім де әлем-жәлем, Бұнысы да бар болсын, басқа әлемі... Кәрің – жасық, ал жастың жастығы бар, Әркімге де жоқ-кәтін, басты құмар. Тіршіліктің сәні не, мәні нешік, Ойлап кетсем, бойыма жас тығылар. Албырттықпен көңілін жас аулайды, Жығып тынар ынжықты асау қайғы. Шексіздіктің шетіне көз жіберсем, Мөлт-мөлт етіп мөлдірім жасаурайды. Еш бересім жоқ еді, тек аласым Қайдағының қайтпекпін шекарасын. Жасым шылап тастапты көптен бері, Жарық пенен түнектің екі арасын. Ешбір жаққа тұрғам жоқ құлағалы, Тисе екен ерінге сұрағаным. Күлсем де екі көзіме жас келеді, Кей күлкіңе пара-пар жылағаным. Көкжиегін көместің түріпті өлең, Көз жасым бар қаныммен бірікпеген. Өз жасымды өзімнің өзім сүртіп, Жер үстілік жетеммен жүріп келем. Кешірім Жазмыштан оздым ба, әлде қалдым ба, Көпірши сап көп тынам. Күнәлімін Құдай-заттың алдында, Алдында да адамзаттың көп кінәм. Өз-өзіммен жай-ақ жүргім келсе де, Көк пен жерге жазып қалам әйтеуір. Жайсыздыққа бөгіп біттім белшеден, Бейнет кештім, баз да кештім қайтемін. Сәл қит етсем, жақпай қалам көп елге, Сәл шатассам, діл-дінге... Пәруана боп қойдым сосын өлеңге, Мені қойшы, өзіңді, елім, білдің бе? Түршіккенде, кімдеріңді тілдеймін, Кеңдік іздер құл басым. Қайсы елге қалай жағам, білмеймін, Сабырсыздар тілін тағы былғасын. Екпініме енген шақтан шапқылай, Ілінгенді түйсігіме түртемін. Қалайда да кешір мені, хақ Құдай, Кешіре сал жазғаныңды, жұрт елім, Кешіріңдер!!! Ой тепкі Жан дүмпуін ескеріп, Жиі алар сөз демін. Өз-өзімді дос көріп, Ұмыттым ба өзгені? Ауқымына бөленгем, Хабар жетсе Иемнен. Жалғыздығым – көлеңкем. Жалғыз соған сүйенгем. Сұмдығыңның сұлбасы, Тұр сұрқымда сұрланған. Мені иттей қылмашы, Уақыттарым, ұрланған? Бәрі түгел тұр келіп, Жалғыздығым – нобайым. Ойдың басын іркелік, Көбік емес көп уайым... Өз-өзіммен қалдырар, Алдағының бәрі арт. Шарасыздық шалды ұрар, Не ете қояр кәрі қарт. Беті қайтқан уақыттан, Жеткілікті біздейлер. Жаңылысып бағыттан, Неменесін іздейді ел? Ішкі ойыма қамалдым, Мен де оған түрмемін... Көрмей кеткіш көп алдын, Бірде өзім, бірде ебім. Аспан төнгіш асқарға, Құдіреті-ай Құдайдың. Көзімде екі жас барда, Үлпілдеймін, жылаймын.

Ұқсас жаңалықтар