деп жырлаған Кенен ата ауылында жаңа мектеп пайдалануға берілді
Кенен ауылындағы Екейбай Қашағанов атындағы мектептің жаңа ғимаратының құрылысы 2011 жылдың аяғында басталған болатын. Жоба бойынша ол бір жарым жылда аяқталып, яғни, былтырғы жаңа оқу жылын ауыл оқушылары осы жаңа білім ордасында бастауы тиіс еді. Бірақ, бастапқы мердігер «ЗакСервис» ЖШС құрылыс барысын негізсіз созбалаңға салып, тіпті, біраз уақыт тоқтатып та қойғандықтан 2013 жылдың 16 тамызында облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен мектеп құрылысына тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы келісімшарт бұзылған. Сонымен жаңа мердігер «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС жұмысы орта жолда тоқтап тұрған құрылысты өткен жылдың соңына қарай жалғастырып, міне, арада жарты жыл өткенде пайдалануға беріп отыр. Соның қуанышына кеше ақын ауылында үлкен мереке өтті. Оған облыс әкімі К. Көкірекбаев пен облыстық мәслихаттың хатшысы Б. Қарашолақов қатысты.
Құрылысы онсыз да кешіккен мектепті алдағы жаңа оқу жылына қарата ашса да болар еді. Оқу аяқталар тұстағы бұл салтанаттың себебін оған қатысқан облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев былайша түсіндірді: – Бірер күннен кейін соңғы қоңырау соғылады. Алда мемлекеттік емтихандар тұр. Биыл бұл мектепті бітіретін түлектер бар. Олар да жақсылықты көппен бірге сезініп, біраз уақыт болса да жаңа мектептегі жаңа парталарда отырып емтихандарын тапсырсын. Оның үстіне алда 1 маусым – балаларды қорғау күні келеді. Ал одан да бөлек оқиға --- биыл Кенен атамыздың туғанына 130 жыл толуы атап өтілмек. Ауылдағы жаңа нысанның ашылуы осыған жарасымды тарту емес пе. Бұдан соң әкім облыс көлемінде білім беру саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша шолу жасады. – Соңғы төрт жылда өңірде облыс аумағында 56 мектеп пен 138 шағын орталықтардың құрылысы жүруде. Тек биылдың өзінде 18 мектеп және 12 балалар бақшасы салынуда. Мұның барлығы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы халыққа Жолдауында атап көрсеткендей, апатты және үш ауысымды мектептерді азайту талабына сәйкес қолға алынған шаралар. Біз алдағы екі жылда облыс көлеміндегі апатты және үш ауысымды мектептерді толық жойып, оларды міне осындай жаңа ғимараттармен алмастыратын боламыз, – деген Кәрім Нәсбекұлы жаңа мектепке көрімдікке теледидар тарту етті.
Екі қабатты жаңа мектеп 600 орындық. Сынып бөлмелері, кабинеттер осы замандық талғаммен жабдықталған. Лингафон кабинеті мен компьютер сыныбында ең жаңа үлгідегі электрондық жабдықтар мен ноутбуктер көздің жауын алады. Шағын футбол ойнауға болатындай кең спорт залы, ер балаларға және қыз балаларға арналған бөлек шеберханалар, бір мезгілде 250 бала тамақтанатын асхана, медкабинет бәрі керекті жабдықтармен толық жабдықталған. Бұл мектептің ішінде болса, сыртында стадион, балалар алаңы, гүлзарлар болады. Рас, сыртқы көріктендіру жұмыстары әлі толық аяқталмаған. Мектептің бұрынғы ескі ғимараты бірнеше күн бұрын ғана бұзып алынып орны тегістеліп жатыр екен. Ғимаратты қатты отынмен жылытатын өз қазандығы бар. Осының барлығына мемлекеттен 850 миллион теңге қаржы бөлініп, игерілген.
«ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС құрылтайшысы Ә.Жұмабеков мектептің директоры Б.Арқабаевқа ғимараттың символикалық кілтін тапсырып, облыс әкімі К. Көкірекбаев пен ардагер ұстаз, Ұлы Отан соғысының ардагері К. Қосақов ашылу лентасын қиғаннан кейін жиналғандар ғимараттың ішін аралап көрді. Шашу шашылып, сый-сияпаттар да аз болмады. Ауыл мектебінің қуанышына бүкіл аудан мектептерінен, балалар бақшаларынан өкілдер келген. Айтпақшы, алыстан ат арылтып мектепке аты берілген Е. Қашағановтың балалары мен немерелері де келіпті. Осы ауылдың тумасы, танымал партия-совет қайраткері Екейбай Қашағановтың есімі кезінде республикаға белгілі болған. Біздің аудан, облыстан кейін Семей облыстық атқару комитетінің төрағасы болып біраз жыл қызмет атқарған. Жаңа мектепте оның шағын бюсті мен өмір деректері қойылған бұрыш ашылыпты. Дәл осылай Кенен атамызға да арналған бұрыш өз жарасымын тауып тұр. Мәртебелі меймандардың қатарында Қордай ауданының тумасы, Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есболовтың осы мектепті шефтік қамқорлыққа алғаны туралы шешімі баршаны қуанышқа бөледі. Оның айтуынша оқтын-оқтын университет ұстаздары осында келіп шеберлік сыныптарын өткізіп, мектеп оқушылар сонда барып университет өмірімен танысып, алдағы үлкен өмірге дайындалатын болады. Басқадай да қамқорлықтар жасалып тұрмақ. Салтанатты жиын ұзаққа созылды. Екі жарым мыңдай адам мекендейтін іргелі ауылдың тұрғындары, ұстаздар мен ата-аналары, әрине, оқушылар да көптен сарыла күткен армандарын жүзеге асырып, осындай сән-салтанаты жарасқан білім ордасын салып бергені үшін Президенттен бастап, облыс, аудан әкімдеріне, құрыш қолды құрылысшыларға алғыстарын жаудырды. Мектеп ауласын ән мен жырға бөледі. Биыл мектепте 605 бала оқыса, олардың 32-сі жақында мектепті бітірмек. 31 түлек ҰБТ-ға қатысады. Осыған қарап-ақ, мұнда білім сапасына жете мән берілетінін көруге болады. Енді мектептің 55 мұғаліміне (27-сі жоғары және бірінші санатты) шәкірттеріне лайықты білім берудің жаңа мүмкіндіктері ашылып отыр. Ал ауданда тағы да үш елді мекенде – Алға, Қызыл партизан, Қақпатас ауылдарында жаңа мектептер салынуда. Оның бірі жаңа оқу жылында пайдалануға берілмек. Сөйтіп, үш ауысымды және апатты мектептерді жою мәселесі ауданда өз шешімін тауып келеді.
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол»
Қордай ауданы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді