«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бірлік пен берекені ұлықтаған

Бірлік пен берекені  ұлықтаған
ашық дереккөз
Бірлік пен берекені ұлықтаған
көрісу дәстүрі – Наурыз мерекесінің мөлдір бастауы Мизамкөктің хабары жетісімен көп кешікпей көктем туады десек, көктемнің алғашқы айы наурыздың мерекелі де берекелі, сән салтанаты тасып, жерге гүл, елге нұр себелетіп келетіні хақ. Биылғы наурыз да сондай игі әдетінен жаңылмай жетті. Жер-ананы бусантып, түлетіп, келген бұл маусымның әрбір күні жайма-шуақ, шұғылалы болып тұрғаны да соның дәлелі. Мезгілдің мерейлі шағы – 22 Наурыз – ұлыстың ұлы күні мерекесі. Барша түркі, шығыс халықтарына ортақ мерекенің қазақ үшін де орны ерекше. Елімізде ұлыстың ұлы күні көктемнің алғашқы күндерінен бастап-ақ тойланып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлаған. Әз Наурызға байланысты рәсімдер туралы көптеген мысалдар айтылады. Бұл кезең қазақтың көк жүзіндегі айдың қозғалысы арқылы жүргізілетін ескіше есебі бойынша наурыздың 14-інен басталады. Яғни ескіше ай есебінде 13-інен 14-іне қараған түні жаңа ай туады. Бұл күн елімізде Көрісу күні ретінде мерекеленеді. Наурыздың басты рәсімдері ғұрыптық сипаты алты ай қыс мезгілі бітіп, жазғытұрым уақыттың келіп, табиғаттың жаңаруын қуаныш етумен байланысты туындайды. Наурыздың 13-ін қазақтар «тоқсан» деп атап кеткен. Шаруаны, тұрмыс-тіршілікті «қысып тастаған» тоқсан күндік қыс бітіп, аяқ-қол кеңейетін жазғытұрым мезгілі жер бетіне аяқ басады. Алты ай қыста ұйқыға, яғни өлі кезеңде болған табиғат қайта тіріліп, жаңа тіршілігін бастайды.  Наурыздағы көне танымның белгілері Қазақстанның батыс аймағында тереңірек, айқынырақ сақталған. Бұл өлкеде жыл басын 14 наурызда қарсы алады және оның жалпы жұртшылық арасында орныққан басты рәсімі, ежелгі ғұрпы – көрісу (яғни қауышу немесе амандасу). Мұны «қайта тірілу» деп атасақ та болады. «Өткенге – салауат, болашаққа – аманат» – Наурыздың басты философиясы. Ата-баба рухына дұға бағыштау, көрші, ағайын-туғанын аман көріп, оларға сый-сияпат жасау, тарту-таралғы беріп құрмет ету, Алла тағала берген жастың бір жылға ұзаруына шүкіршілік ету – көрісу дәстүрінің басты амалдары. Көрісу кезеңі туғанда жауласып жүрген ел немесе ру-тайпалар араздықты тоқтатып, татулықты орнатуға ұмтылған.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар