Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков жастар алдында осылай деді
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков Тараз мемлекеттік педагогикалық институты студенттерімен кездесіп, бүгінгі жастар бойында отаншылдық, іскерлік, жауапкершілік қасиеттерін қалыптастырудағы мемлекеттік жастар саясатының мәні мен маңызы тұрғысында байсалды әңгіме өрбітті. Кездесу барысында, сондай-ақ, бұл істің жүзеге асырылуы жайы да кеңінен сөз болды.
«Бәйтерек» ықшам ауданында жаңа нысандар салу ісі биыл да жалғасын табатынын айтқан Бекболат Серікбекұлы қазірдің өзінде бұл аумақта екі балабақшаның құрылысы басталып кеткендігін, 2015 жылы жаңа мектеп бой көтеретінін жеткізді. Бірнеше көпқабатты тұрғын үй салу жоспарда бар екен. Осының нәтижесінде, Сүлейменов көшесінің бойында 14-ші жаңа ықшам аудан пайда болмақ. Оның инфрақұрылымын жүргізу жұмыстарына қаржы бөлініп, жұмыс жүйелі жалғасын табуда. Бекболат Серікбекұлы, сондай-ақ, облыстағы бірқатар күрмеуі қиын мәселелердің де біртіндеп шешімін табатындығын атап өтті. Білімгерлердің қоғамдық көліктерде жүру ақысы жеңілдетіліп, жағдайлары ескерілетіндігіне тоқталды. Сонымен бірге, облыстағы жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлердің жайы да айтылды. «Облыс аумағында 600 мыңға жуық халық тұратын 373 елді мекен бар, соның 110-ы бүгінде газбен қамтамасыз етілген. Бұл – 30 пайызды құрайды. Жыл соңына қарай тағы да 17 ауылды газдандыру жоспарланып отыр. Яғни, бұл көрсеткіш жылдың аяғына дейін 34 пайызға жетеді деген сөз» деді Бекболат Орынбеков. Бұдан да өзге, күрделі жөндеу жүргізілген және әлі де ағымдағы жөндеуден өткізілуі тиіс көпқабатты үйлер мен облысымызда ашылып жатқан жаңа жұмыс орындары жайына да кеңінен тоқталды. «Кезінде Қаратауда 45 мың тұрғын болған болса, қазір 25 мың ғана, Жаңатаста да солай, кезінде 65 мың халқы бар қаланың бүгінде 20 мың ғана тұрғыны қалған. Моноқалаларды дамыту бағдарламасына сүйене отырып, 2012-2013 жылы Қаратау, Жаңатас қалаларында жылу жүйелері, орталық қазандықтар, су, кәріз жүйелері қаралды. Сол қаладағы апатты жағдайдағы үйлерді бұзып, қала сыртына шығарудамыз. Сол қаладан жаңа жұмыс орындарын ашу да бұл мәселенің шешімін табу керек. Бұл өңірлердегі әлеуметтік, экономикалық мәселелердің шешілуіне ғана емес, ең бастысы, өндірістік күштерді орналастыру мәселелерін де шешуге мүмкіндік береді. Моноқалаларды дамыту арқылы тұрақты дамудың үш негізгі мақсатына қол жеткізуге болады» деген Бекболат Серікбекұлы облыс аймақтарындағы әлеуметтік, экономикалық күрделі мәселелердің шешімін табу үшін шағын қалаларда инновациялық өнім түрлерін шығаруды және осы талапқа сай аймақтарда адам капиталын қалыптастыруды қазірден қолға алу қажеттігіне тоқталды. Облыстағы біраз мәселелердің жай-жапсарымен таныстырған облыс әкімінің бірінші орынбасары жастарға адамгершілік, имандылық турасында да кеңінен әңгіме тиегін ағытты. Мемлекет тарапынан барлық қолдауға ие болып отырған көзі ашық, көкірегі ояу кез келген білімді ұрпақтың өз Отанының даму жолында аянбай тер төгуі қажеттігін баса айтты. Кез келген мемлекеттің болашағы – білімді жастар екенін еске салып, қазіргі бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман екенін ұғындырған бұл дәріс жалын мен жігерді, ізденіс пен талпынысты талап ететін жастық шақта ел болашағы үшін еңбек ету әркімнің міндеті екенін түсіндірген салиқалы сабақ болды.
Гүлжан РАХМАН, «Ақ жол»
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді