Жуалыда қажет ті су қоры болады

Жуалыда қажет ті су қоры болады
ашық дереккөз
Жуалыда қажет ті су қоры болады

Панорама_без_названия1++Бөгеттер қауіпсіздігі де басты назарда

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Жуалы ауданындағы «Дарбаза», «Теріс-Ащыбұлақ» жасанды су қоймалары мен «Көксай» каналының жай-күйімен танысты. 

1976 жылы пайдалануға берілген «Дарбаза» су қоймасының сыйымдылығы 3 миллион текше метрге есептелінген. Бүгінгі таңда онда 1 миллион 700 мың текше метр су жинақталып тұр. Қоймаға ешқандай да өзен суы келіп құйылмайды. Судың аз-көп жиналуы тауға түскен қардың мөлшеріне байланысты. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Қойбақов аталған су қоймасына жиналған су төменде жатқан Дарбаза, Жылыбұлақ ауылдары тұрғындарының ауласындағы бау-бақшаларды суаруға молынан жететінін айтады. Әйтсе де, батыстан тұратын қатты жел, қар мен жаңбыр бөгеттің беріктігіне едәуір нұқсан келтіріп, осы кезде дамба қол күшімен жөнделетінін алға тартқан Серік Мамыртайұлы оны күрделі жөндеуден өткізу үшін 5-6 миллион теңге қажет екенін жеткізді. Облыс басшысы қазіргідей қаржы тапшылығы жағдайында қаражат үнемдеу үшін қоймаға халыққа жеткілікті мөлшерде ғана су жинап, артылғанын Талас ауданындағы «Ақкөл» су қоймасына жіберіп отыруды тапсырды. Ал «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы 1963 жылы салынып, 2005-2010 жылдары күрделі жөндеуден өтіпті. Сыйымдылығы 158 миллион текше метр болғанымен, негізінен 145 миллион текше метр су жинауға рұқсат бар. Қазіргі таңда жиналған су 120 миллион текше метрді құрап отыр екен. «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының жағдайымен танысқан Кәрім Нәсбекұлы сәуір айында егістіктерді суару үшін шаруа қожалықтары тарапынан суға деген сұраныс жаппай артатынын, сол үшін неғұрлым ертерек су жинап, шаруашылықтар мен ауыл тұрғындарының сұранысын қажетті деңгейде қанағаттандыру керек екенін, былтыр осы су қоймасына 147 миллион текше метр су жиналуы кезінде кейбір ауылдарға ыза судың әсері болғанын айтып, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалының директоры Қоңырбай Шатановқа «Өткен жылғы жағдай қайталанып, қиналып қалмаймыз ба?» деген сауал тастады. – Келіп жатқан судың қарқынына қарағанда алдағы бір айда қажетті қор жинап үлгеретінімізге сенімдіміз. Бөгеттің қауіпсіздігі басты назарда. Су жинауда биыл да былтырғыдай меже үдесінен шығамыз деген үміт бар. Өткен жылы су көп жиналғанда Нұрлыкент ауылындағы дренаждың суы көтеріліп кеткені рас. Биыл ондай жағдай қайталанбайды. Себебі, су сорғылары (насос) толық жөндеуден өтіп, қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр, – деді ол. Бұдан кейін, облыс әкімі Көксай каналына ат басын бұрып, ондағы жағдаймен де жете танысты. – Жуалы ауданының бірқатар су қоймаларын аралау барысында олардың қалыпты жағдайда екеніне көз жеткіздік. 2010 жылы «Дарбаза» су қоймасы кемеріне келгенде артық су ағып кететіндей, апаттың алдын алуға арналған қосымша арнаға жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы да қалыпты жағдайда. Тиісті орындарға көктемнің ерте шығуына байланысты осы бастан су қорын мол жинауды тапсырудамын. Ал 11 шақырымы Қырғыз мемлекетін басып өтсе, осы мөлшердегісі біздің облысқа тиесілі мына «Көксай» каналына қатысты осыдан екі-үш жыл бұрын қырғыз ағайындармен арада күрделі мәселе туындап, осыған байланысты жаңадан 22 шақырым канал салып алғанбыз. Қазір «Көксайда» секундына 600 литр су ағып жатыр. Каналдағы судың сыйымдылығы – 3,5 текше метр. Ол өз арнасымен кетіп жатыр. Енді бірер күнде арна жабылады да, су тікелей Жуалы ауданының бірқатар ауылдарына барады. Аталған ауылдардағы тұрғындардың 3 мың гектар алқапқа орналастырылған егіні, жеміс-жидек, бау-бақшасы осы канал суымен суарылады. Таудан судың мол ағып келетініне сенімім мол. Себебі, тауда әлі қар бар екен. Демек, тау аңғарларындағы «ақ ырыс» мамыр айында толық еритін болса, ол шаруалар үшін береке болмақ, – деді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол». Жуалы ауданы.

Суреттерді түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЙ.

Ұқсас жаңалықтар