Ауылшаруашылығы саласын өркендету, ет пен сүт өндірудің экспорттық әлеуетін арттыру, астық өсіру, мал шаруашылығын ілгерілету мәселелері бойынша елімізде ауқымды шаралар атқарылуда. Алайда, соңғы жылдары ауылдық жерлерде және агроөнеркәсіп құрылымдарында мамандар тапшылығы орын алуда. Бұл біздің өңірге де ортақ мәселе. Бүгінде облыста агроөнеркәсіптік кешен мамандарын дайындаумен 16 колледж айналысады. Оларда 2616 студент білім алып жатыр. Оқыту ауылшаруашылығы бағдарының жеті мамандығы бойынша жүргізіледі. Соған қарамастан, қазіргі таңда облыстың агроөнеркәсіп құрылымдарын қажетті маман иелерімен қамту мүмкін болмай отыр. Бұл мәселе облыстық мәслихаттың аймақты, ауылшаруашылығы мен әкімшілік-аумақтық құрылымды дамыту мәселелері және жер учаскелерін сатып алу туралы шарттар жобаларын қарау жөніндегі тұрақты комиссия отырысында қаралды. Жиынды аталмыш комиссия төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Сембек Сейдәзімов ашып, жүргізіп отырды.
«Талас, Сарысу, Жуалы, Т. Рысқұлов, Байзақ және Жамбыл аудандарында ауылшаруашылығы саласына мамандар дайындаудың және мемлекет есебінен оқып, ауылдық жерлерге жұмыс істеуге жолданған мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетудің жағдайы туралы» аталған ауданнан келген өкілдер сөз алды.
Бірінші болып мінбеге шыққан Талас ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Қартабаев нақтылы кезеңде Талас ауданында шартты мал басына шаққанда 93 ветеринар маман қажет екенін, қазіргі таңда 63 маман жұмыс атқарып жатқанын, 30 маманның әлі де жетіспейтіндігін тілге тиек етті. Ал, Сарысу ауданында 2009-2013 жылдар аралығында 159 маманға көтерме жәрдемақы, 65 маманға тұрғын үй сатып алуға жәрдемақы берілсе, соның ішінде бір ғана мал шаруашылығы маманы баспаналы болған. Сол сияқты Жуалы ауданында тұрғын үй сатып алуға несие алған 35 маманның екеуі ғана мал маманы, тағы да 58 маманға берілген көтерме жәрдемақының небәрі бесеуі ауылшаруашылығы мамандарына бұйырыпты. Осыдан жас мамандардың мұндай аудандарға тұрақты еңбек етуге барғысы келмейтіні анық. Жалпы айтқанда жоғарыда аты аталған аудандардағы жас мамандарға қатысты ахуал бір-біріне өте ұқсас. Ауылдық елді мекендерде мал шаруашылығы саласымен айналысатын білікті мамандардың тапшылығы салдарынан бірқатар аудандарда малдан тарайтын түрлі аурулардың қатары да азаймай отырған көрінеді. Сондықтан, бұл күрделі мәселе әрбір ауданда аудан басшылары тарапынан жан-жақты сарапталып, шешімін табуы тиіс. Бұдан бөлек комиссия отырысында «Мойынқұм, Шу, Қордай және Меркі аудандарында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал өнімінің сапасын және өнімділігін арттыру жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы» ағын су пайдаланушылар үшін төлемақы ставкасына өзгертулер енгізу жөніндегі облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Б. Әмірғалиевтің облыстық мәслихаттың кезекті сессиясының бекітуіне ұсынып отырған хаты туралы мәселелер де қаралды. Қаралған мәселелерге орай арнайы қаулы қабылданды.
Фариза ӘБДІКЕРІМОВА, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- 26 желтоқсан, 2024
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді