«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шаруа қожалықтары сенімді ақтай ала ма?

Шаруа қожалықтары  сенімді ақтай ала ма?
ашық дереккөз
Шаруа қожалықтары сенімді ақтай ала ма?

1444306102_akim2биыл ауданда 2000 гектарға қант қызылшасы егілуі тиіс. Алайда...

Облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев жұмыс сапарымен Шу ауданында болып, ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан шаруалармен танысты. Жұмыс тобы алдымен Тасөткел су қоймасына барып, оның оң және сол жағалауларында орналасқан егістік алқаптары мен каналдардың жай-күйіне назар аударды. Тасөткелдің сыйымдылығы 602,0 миллион текше метрді құрайды. Бүгінде оның жүйелері арқылы қос жағалаудың әрқайсысында 7650 гектар егістік жер суғарылады. Олардың арасында тамшылатып суару жүйесі енгізілген алқаптар саны жылдан-жылға өсіп келеді. Бұл тиімді тәсілдің көкжиегін кеңейту көкөніс кластерін дамытуға кепіл болмақ. 

Бұдан кейін аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиында көктемгі егіс-дала жұмыстарына дайындық барысы мен ауыл шаруашылығын жандандыру жайы пысықталды. Бұл ретте ең алдымен ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру мәйекті мәселе болып отыр. Биылғы жылдың қаңтарынан бастап аталмыш мақсатта арнайы Заң қабылданды. Жиналыста облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов кооператив құрудың тиімділігі турасында дәйекті мысалдар келтірді. Бүгінде қант қызылшасы кластерін дамыту мәселесі күн тәртібінен түспей тұрғаны белгілі. Оны егіп өсірумен айналысатын шаруаларға техника алуға мемлекеттен инвестициялық субсидия қарастырылған. Алайда, оған қол жеткізу үшін шарттарына сәйкес бір жылдың ішінде 5 мың тонна қант қызылшасын өндіру қажет көрінеді. Нұржан Молдиярұлы айтқандай, 250 центнерден есептегенде бір шаруа қожалығы 200 гектар қант қызылшасын егуге міндетті. Ұсақ шаруа қожалықтардың бұл межені орындай алмайтыны айдан анық. Биыл жоспар бойынша Шу ауданында аталмыш дақыл 2000 гектар жерге егілуі тиіс. Бірақ, басқарма басшысының айтуынша, әзірге тұқым алуға түскен тапсырыс 640 гектарға ғана есептелген. Сонда, шаруа қожалықтарының әрқайсысы шамамен 5 пен 20 гектар аралығындағы алқапты ғана қамтымақ. Және мемлекет тарапынан олардың ешқайсысы қолдау көре алмайтындығын сөз ете келе, Нұржан Молдиярұлы шаруаларды бірігіп жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ, ол ет өндірісінің дамуына да тоқталып, мемлекеттік субсидиялар туралы түсіндірді. Алдағы уақытта аудандағы Локомотив жөндеу зауытынан облыстың – 100, Шу ауданының 15 астық жинайтын комбайн сатып алатындығын айтты. Жиында орман шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қойбақов «Жасыл белдеу» құру туралы тоқталып, 2016-2017 жылдары Шу ауданының алдында 145 гектар аймақты жасылдандыру мақсаты тұрғандығын еске салды. Шу ауданында өткен жылғы мониторингке сәйкес, 140 мың гектар егістік жердің 32 мың гектары игерусіз қалған. Соңғы 3 жылда жүргізілген түгендеу жұмыстарына сәйкес ауданның 40 мың гектар жері мемлекетке қайтарылатын болған. Бұл туралы облыстық жер қатынастары комитеті басшысының орынбасары Бердібек Молдабаев сөз етіп, жерге байланысты салық кодексіне енгізілген өзгерістер мен ауыл шаруашылығы жұмыстары үшін жалға алып отырған жерді жекеменшікке айналдырудағы жеңілдіктер жөнінде тарқата айтып берді. Сонымен қатар, «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының жүзеге асырылуы да сөз болды. Жиын соңында Абдалы Нұралиев ауданда қант қызылшасын өсірудің көрсеткіштері көңіл көншітпейтінін еске салып, оны алқаптарға облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес орналастыруды тапсырды.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар