«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жанға дәру жас орман

Жанға дәру жас орман
ашық дереккөз
Жанға дәру жас орман

ол 900 ГЕКТАР АЛҚАПТА ЖАЙқалып тұратын болады

Облыстың орман қорларын молайту, елді мекендерді көгалдандыру мен жасыл аймақтар құру жұмыстарының барысы облыс әкімдігінің аппарат отырысында қаралды. Өңір басшысы Кәрім Көкірекбаевтың басшылығымен өткен жиынға басқарма басшылары, аудан әкімдері мен өзге де тиісті орган өкілдері қатысты. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Қойбақов аталған мәселе бойынша баяндама жасады. 

Бүгінде облыс аудандарында 14 орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесі мен «Орманды қорғау жедел қызметі» мекемесінде 753 адам қызмет етеді. Ормандар қорының жалпы аумағы 4 миллион 434 мың 191 гектар болса, оның орманды жері 2 миллион 234 мың гектарды құрайды. Биыл ормандарды сақтау, қорғау, молайту іс-шараларына жергілікті бюджеттен 89,1 миллион теңге қаржы бөлініп, оның есебінен өртке қарсы профилактикалық шаралар, тұқымбақтарды қалпына келтіру мен көшеттер өсіру, ормандарды қалпына келтіру мен оны өсіру шаралары іске асырылмақ. Нақтырақ айтқанда, ерте көктемде орман қоры аумағында сексеуіл, жүзген және қарағаш көшеттерінен 900 гектар жерге жаңадан ағаш көшеттері отырғызылып, күзде 4100 гектар алқапқа сексеуіл тұқымын себу жоспарланыпты. Аталған жұмыстарға арналған жер бүгінде жыртылып, әзірленген. Ал басқарма қарамағындағы мемлекеттік мекемелердің техникалық базасын жақсарту мақсатында 2011-2015 жылдар аралығында 315,6 миллион теңге бөлініпті. Баяндамасында осындай ақпараттарды келтірген Серік Мамыртайұлы: «Ормандарды қорғау жедел қызметі» мекемесінің қатысуымен өткен жылы 510 рейд ұйымдастырылып, 254 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде, сексеуіл ағашын заңсыз кесіп тасымал­даушыларға 89 хаттама толтырылып, 26 адамның ісі аудандық ішкі істер бөліміне өткізілді. Қазіргі таңда 8 адамға ҚР ҚК 339-бабымен қылмыстық іс қозғалып, Мойынқұм аудандық сотының үкімімен 7 адам бір-бір жылдан бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне 183,3 текше метр сексеуіл отындық ағаштары өткізілді. Заңсыз аң аулау оқиғаларына 62 хаттама толтырылды. Өткен жылы толтырылған хаттама бойынша 2 миллион 900 мың теңге айыппұл салынды. Оның 2 миллион 300 мыңы өндірілді. Ал келтірілген зияны 11 миллион 600 мың теңге болса, оның өндірілгені – 8 миллион 900 мың теңге», – деді. Сонымен қатар, басқарма басшысы елді мекендерді көгалдандыру арқылы жасыл аймақ пен белдеулер жасау жобасымен таныстырды. Бұл шараға әр ауданнан ондаған гектар жер телімі бөлініп, қаржыландыру көздері қаралуда екен. Баяндамадан соң облыс әкімі басқарма басшысы мен бірқатар аудан әкімдеріне күн тәртібіне қойылған мәселеге қатысты сұрақ қойып, өз ұсынысын білдірді.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар