жүйені реформалау сот әділдігін өміршең етеді
Затынбек Дулатбаев, аудандық медиаторлар қауымдастығының төрағасы, кәсіби медиатор.
Қазақстандықтар үшін «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары мемлекетті дамытудың өзіндік сара жолын айқындап беруімен құнды. Аталған стратегиялық бағдарламаның ерекшелігінің өзі осында. Онда Қазақстан қоғамын жаңаша дамыту жолдары айқындалған. Мемлекет билігіне деген халық сенімін арттыруда нақты қадамдар арқылы белгіленіп, тұтас реформалау көзделген. Бес институттық реформа мемлекеттік аппаратты кәсібилендіріп, сенімді сот жүйесін қалыптастырып, жаңа экономикалық саясаттың негізін қалап, басқарудың ашық жүйесін құрып, болашағы біртұтас ел болуды көздеген ұлтты алға жетелейді. Мемлекетке деген сенімнің жеке адамдардың құқығының қорғалуына байланысты қалыптасатынын ескерсек, Ұлт жоспарын тұтас бір даму мехнизмі деуге болады. Өйткені, онда сот жүйесін жетілдіретін нақты қадамдар көрсетілген. Сот жүйесін реформалау сот әділдігін өміршең ету және соттардың кәсіби деңгейін көтеру, оларды ұйымдық жағынан нығайту, іс қарауда соттардың ешкімге тәуелді болмауын тиімділікпен арттырудың жаңа жобасы арқылы жүзеге асырылмақ. Жалпы, соңғы жылдарда сот жүйесіне серпін әкелген істің бірі «Медиация» туралы заңның қабылдануы болғанын айта кетуіміз керек. Аталмыш заңның қолданысқа енгізілгеніне төрт жылдан асты. Содан бері оны іске асыру бағытында өңірлерде көптеген жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Ауданда әр ауылдық округтен көкірегі ояу, көзі ашық, ойы жүйелі, сөзі салмақты, бітімгер болуға бейімі бар азаматтар іріктеліп, медиаторлар құрамы жасақталды. Аудандық соттың төрағасы Қ. Үсенбаевтың бастамасымен заң талаптарын түсіндіру, кәсіби тәжірибе қалыптастыру мақсатында медиаторлармен семинар-сабақтар өткізу жоспарланды. Аудан медиаторлары қауымдастығы құрылды. Бүгінде медиаторларға аудан әкімі Батырбек Құлекеев орталықтан үй-жай беріп, жұмыс істеуге қолайлы жағдай туғызды. Соның арқасында бүгінде бітімге келуші тұрғындар осы мекен-жайға қайырылып, өз өтініштерін жеткізуде. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ қоғамында ұсақ-түйек ұрлық-қарлық, барымталау, жер дауы, жесір дауының бәрін де дуалы ауыз ақсақалдар ара ағайын арасында ушықтырмай шешіп, келісімге келтіріп отырған. Бітім, яғни, екі тараптың өзара келісімге келуі сөз жүзінде де, іс жүзінде де даудың аяқталғанын білдірген. Себебі, бітімгершілікті, өзара келісімді біржақты бұзу сертінде тұрмаудың, жалпы, ар-ожданның жоқтығының белгісі болып есептелген. Бітімге келу – дауласушы тараптардың татуласуы. Бір-біріне талап қоюдан бас тартып, кешірім беру ертеде ел, ру ақсақалдарының қатысуымен өтетін болған. Мұндай жүйе барлық өркениетті елдерде бар. Біздің елімізде 2011 жылдан бастап қайтадан жаңғыртылып, келісімге келушілік заң аясында шешілуде. Өткен жылы медиаторлар 70-ке тарта іс қарап, тараптарды бейбіт келісіммен таратты. Мәселен, мен былтыр жеңіл және орта дәрежедегі қылмыстық істермен қатар, азаматтық істерге, соның ішінде неке бұзу сипатындағы істерге араласып, жеті жұпты қайта жарастырдым. 53 істі қарап, тараптарды бітімге шақырдым. Бүгінгі құқықтық тәжірибеде татуластыру рәсімі қылмыстық және азаматтық, ішінара әкімшілік істерге қолданылуда. Дауларды соттан тыс шешу сот жүйесіне жүктемені азайтуға септігін тигізсе, тараптарды татуластыру тұрғындар арасында ымырашылдықты қалыптастыруда. Аудандық медиаторлар қауымдастығының негізгі міндеті де осы. Ішкі ауызбіршілікті сақтап, неғұрлым алауыздықты туындатпау. Билердің тәжірибесіне сүйеніп, өмірден көрген, көкейлеріне түйген жайттарды саралай отырып, дауды шешетін 8 кәсіби және кәсіби емес медиаторлар ағайын арасын жақындастырып отырған көпір іспетті.
Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді