«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қоғамдық орынның тәртібін сақтау қажет

Қоғамдық орынның тәртібін сақтау қажет
Ашық дереккөз
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мемлекеттің басым міндеттерінің бірі болып табылады. Осыған байланысты «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» Заңға қоғамдық орындарда бетті тануға кедергі келтіретін киім заттарын киюге тыйым салуды көздейтін түзету енгізіледі. Бұл шараның мақсаты – адамдарды сәйкестендіру тиімділігін арттыру және қоғамдық тәртіпті қорғаудың алдын алу тетіктерін күшейту.

Тәжірибе көрсеткендей, бетті киіммен жасыру заңсыз әрекеттерді жасау кезінде жеке тұлғаны анықтауды едәуір қиындатады. Атап айтқанда, жаппай тәртіпсіздіктер немесе төбелеске қатысушылар, соның ішінде футбол жанкүйерлері, беттерін жиі шарфтармен немесе маскалармен жабады. Бұл оларды қазіргі заманғы бейнебақылау жүйелері болған кезде де анықтауды қиындатады.

Мәселен, футболдан еліміздің Премьерлигасында ойнайтын «Қайрат» пен «Ақтөбе», «Астана» мен «Жеңіс» футбол клубтарының кезекті ойынында жанкүйерлер арасында атрибуттардың көмегімен өздерінің сыртқы келбетін жасырып, кейіннен жаппай төбелеске, ескерткіштердің, азаматтардың мүлкі мен көліктің бүлінуіне қатысты оқиғалар орын алды. Мұндай жағдайлар ұрлық, вандализм немесе бұзақылық әрекеттері жасалатын ірі мәдени, спорттық және мерекелік ісшаралар кезінде де тіркеледі.

Тонау, бопсалау, көлік құралдарын ұрлау, есірткі заттарын тарату және қару-жарақтың заңсыз айналымы сияқты ауыр қылмыстардың көпшілігін кейбір адамдар өздерінің сыртқы келбетін жасырып жасайтындығы ерекше алаңдаушылық туғызады. Бұл құқық бұзушылардың жеке басын анықтауда құқық қорғау органдарына айтарлықтай кедергілер туғызады және қоғамдық қауіпсіздік деңгейіне кері әсер етеді.

Осы заңнамалық норманың болуы жол берілетін және ықтимал қауіпті жағдайларды ажыратуға мүмкіндік береді, жедел ден қою үшін құқықтық негіз қалыптастырады және бейнебақылау мен тұлғаны тану жүйелері жұмысының тиімділігін арттырады. Ұсынылып отырған тыйым адамның жабылуы медициналық қорытындыға, уәкілетті органдардың нұсқамаларына, сондай-ақ қорғаныс неме се арнайы нысанды киюді қоса алғанда, кәсіптік немесе қызметтік міндеттерді орындауға байланысты болған жағдайларға қолданылмайтынын атап өткен жөн.

Сонымен қатар «хиджаб», «шейла», «химар», «әл-амира» және басқалары сияқты діни киімдердің элементтері тыйымға жатпайды, өйткені олар бетті визуалды тануға кедергі келтірмейді. Аталған түзету діни сенім бостандығы құқығын шектеуге бағытталмаған және Қазақстан Мұсылмандарының Діни басқармасын қоса алғанда, діни бірлестіктердің өкілдерімен алдын ала талқыланған.

Қарастырылған жауапкершілік шаралары негізінен профилактикалық болып табылады. Негізгі назар жазалауға емес, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және азаматтарды құқықтық ақпараттандыруға аударылады. Қоғам аталған заңнамалық норманы түсіністікпен және азаматтық жауапкершілікпен қабылдайды деген үміттеміз.

Мұндай заңнамалық шаралар бірқатар шет мемлекеттерде, соның ішінде көрші елдерде де жүзеге асырылды. Мәселен, Өзбекстан мен Қырғызстанда да осындай норма қолданылады. Сонымен қатар мұндай шектеулер Еуропа елдерінде де жүзеге асырылды. Францияда 2010 жылдан бастап жауапкершілік шаралары белгіленген қоғамдық орындарда бетін жауып тұратын киім киюге тыйым салынды.

Белгияда мұндай тыйым 2011 жылдан бастап енгізіліп, 2017 жылы Еуропалық сот растады. Ұқсас нормалар Нидерландыда, Швейцарияда, Болгарияда, Австрияда, Данияда және Германияда қолданылады. Айта кету керек, бұл заңнамалық норма зайырлы және қоғамдыққұқықтық сипатқа ие және тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының, соның ішінде ар-ождан мен дін бостандығының Конституциялық кепілдіктерін бұзбайды.

Тыйым тек қоғамдық орындарда жеке тұлғаны сәйкестендіруге кедергі келтіретін киімдерге қатысты және бетті жаппайтын діни киім элементтеріне қолданылмайды.

Аталған түзетуді қабылдау азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қосымша құқықтық негіздерді қамтамасыз етеді, құқық бұзушылықтардың алдын алудың пәрменді құралы болады және қоғамдық тәртіпті нығайтуға, қылмыс деңгейін төмендетуге және мемлекеттік билік институттарына деген сенімді арттыруға ықпал ететін болады.

 

Батырбек АТАМҚҰЛОВ

облыс әкімдігі Дін проблемарын зерттеу орталығының маманы.

Ұқсас жаңалықтар