«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Монополистік заңбұзушылықтардан 18 миллион теңгеден астам қаржы өндірілген

Монополистік заңбұзушылықтардан 18 миллион теңгеден астам қаржы өндірілген
Ашық дереккөз
Ел экономикасының серпінді дамуы үшін монополиямен күресу аса маңызды міндеттердің бірі саналады. Бұл бағытта елімізде бәсекелестікті қорғау мен дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы жұмыс істейді. Тұжырымдамада бәсекелес ортаның ағымдағы жай-күйіне және бәсекелестікті дамыту және монополистік қызметті шектеу бойынша қабылданатын шараларға талдау ұсынылған, орта мерзімде шешілуі тиіс түйінді мәселелер белгіленген.

Аталған құжаттама аясында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі облыстық департаменті өңірде заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында талдау жұмыстарын жүргізіп отырады. Биыл жыл басынан бері талдау жұмыстарына көлік және байланыс, агроөнеркәсіп кешені, отын-энергетика секторы және өзге де тауар нарықтары қамтылған. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде заң бұзушылардан 18 миллионнан астам қаражат өндірілген.

– Тергеп-тексеру нәтижесіне сәйкес, мемлекеттік сатып алу конкурстарының нәтижелерін бұрмалау бөлігінде бәсекелестікке қарсы картельдік келісім белгілеріне негізделген бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін «Берікболсын Жолдары» және «Көпбосын» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне қатысты 2 әкімшілік іс қозғалды. Қозғалған істер бойынша 15 092 575 теңге көлемінде монополиялық кіріс тәркіленіп, 3 333 924 теңге сомасына айыппұл салынды. Жалпы сомасы 18 426 499 теңгені құрады, – дейді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі облыстық департаментінің басшысы Жандос Әзімов.

Департамент басшысының сөзінше, заңнама талаптарының бұзылуын алдын алу мақсатында бірқатар кәсіпкерлік нысандарына хабарлама жолданған. Аталған хабарламалар жолданған нарық субъектілерінің қатарында «Тараз» әлеуметтіккәсіпкерлік корпорациясы» АҚ, «Nomadcar» ЖШС, «Авто Прайм Тараз» ЖШС, «Лекс-Авто» ЖШС, «KGT Group» ЖШС және «Alan Gaz Terminal» ЖШС секілді нысандар бар.

Айта кетейік, бәсекелестікті қорғау мақсатында нарық субъектілері тарапынан монополияға қарсы заңнаманың бұзылуы анықталған жағдайда, монополияға қарсы орган тарапынан заңда көзделген ден қою шаралары қабылданады. Аталған шараларға хабарлама мен ескертулер жолдау, сондай-ақ тергеп-тексеру жүргізу жатады. Заңбұзушылықтар дәлелденген жағдайда, алынған кірістің 3-5 пайызы көлемінде айыппұл салынып, сонымен қатар монополиялық кіріс тәркіленеді.

 

Нұрболат АМАНБЕК.

Ұқсас жаңалықтар