жыр алыбының 170 жылдығына орай салтанатты жиын өтті
Жамбыл – ғасырлық ғұмырымызда арыны басылмаған алып жыршы, шұрайлы жырдан өшпес мұра қалдырған дүлдүл ақын. Ол өзінен кейінгі әр ұрпақтың ат басын арнайы бұрып, шөліркегенде тұнық жырларынан сусындар тұма бұлағы!
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті.
Жыр алыбы Жамбылдың асқақ жырлары бүгінде дәуір үніндей жаңғырығып, ақын есімін асқақтатып келеді. Ол – айтыс өнерінің біртума ақтаңгері. Оның суырыпсалма сөз сайысындағы қайталанбас құбылыс болғандығы даусыз. Ақынның мерейлі 170 жылдығы биыл облысымызда ғана емес, жалпы ел көлемінде аталып өтуде. Осыған орай «Баласағұн» орталық концерт залында өткен «Жамбыл – жырдың өшпес өнегесі» атты салтанатты жиын барысы жыр алыбының рухани мұралары – ұлтымыздың мәңгі байлығы екенін тағы бір дәлелдеді.
Салтанатты жиын басталарда ақын туралы деректі туынды көрсетілді. Онда ақынның көзі тірісінде таспаға жазылған бейнесі, даусы көрініс тауып, көпшілікті әдемі әсерге бөледі. Сондай-ақ, үлкен экраннан жолданған әдебиет зерттеушілері мен ғалымдардың ақын туралы татымды әңгімелері шара мазмұнын аша түсті. Бұдан соң мерекелік жиынды сөз сөйлеп ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков жыр алыбының қазақ ауыз әдебиетіндегі орны айрықша екенін жеткізді.
– Ардақты ағайын, дәл қазір еліміз бойынша қара өлеңнің қайнары, дархан даланың данасы Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтуде. Баршаңызды осынау мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Мойынқұм өңірі, Жамбыл тауы етегінде өмірге келген ақын бабамыздың мерейтойы – біздің облыс үшін де айтулы мереке. Өйткені, жетпіс жеті жыл тарихы бар облысымыздың есімі ақын атымен аталса, облыс орталығы алпыс жыл бойы аты аңызға айналған жыр қайнарының есімімен аталып келді. Сондықтан да, бұл тағылымы мол іс-шара – жыр алыбы Жамбыл Жабаевқа деген құрмет, оның өлмес рухына тағзым. «Ұлы Жамбыл – қазақтың дәстүрлі әдебиетінің аса дарынды, асқақ жаратылған алып өкілі» деп Елбасымыз айтқандай, ол – ұлтымыздың өнері мен өлеңінен өзіндік орнын алған ұлы тұлға. «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» деп жырлаған ол жай ғана ақын емес, сөздің пірі Сүйінбайдан бата алған суырыпсалма айтыскер, кестелі сөздің шебері, ұшқыр ойдың иесі. Оны өз заманының дүлдүлдері Нартай, Шашубай, Құлмамбет секілді замандастары да, Кенен, Үмбетәлі тәрізді аса талантты әріптес інілері де мойындаған. «Менің тамырым – туған халқым, бұтағым – жырларым, мен – бар болғаны жүз жылдық бәйтерекпін. Ендеше, елімнің жарқын күнін, халқымның бақытын жырлап өтемін», – деп, артындағы халқына мол өсиет қалдырған дарабоз ақынды қашанда қадір тұтуымыз керек,–деген Бекболат Серікбекұлы абыз бабаның өлеңдері Елбасымыздың «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясымен де үндес екенін тілге тиек етті. Иә, ақынның өлеңдері бүгінгі жас ұрпақты «Мәңгілік Ел» идеясы рухында тәрбиелеуде, оларға тәуелсіздік құндылықтарын ұғындыруда таптырмас рухани мұра екені даусыз. Сондай-ақ, Бекболат Орынбеков абыз ақынның өнегесі ұрпақтан-ұрпаққа тарай беретініне сенім білдіріп, тұлға есімін ұлағат тұтып, есте қалдыруда өңірімізде орын алған шараларды атап өтті. Өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы барысында облыс орталығындағы ақын ескерткіші қайта жаңғыртылып, әрленгені белгілі. Осыдан кейін сөз алған мәдениеттанушы Әлібек Әмзеұлы Жамбылдың ұстазы Сүйінбайдан бата алғаны туралы, қырғыз қызы Ақмаралмен айтысы жайлы ойларын ортаға салды. Ал ТарМПИ-дің қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Тұрсынай Әбдіқадырова дала дарыны туралы кейінгі зиялы қауым өкілдерінің айтқан пікірлері мен берген бағалары хақында сөз қозғап, оның шығармаларының көркемдігі турасында әңгімеледі. Жиын барысында қара өлең қайнарының шығармалары үш тілде оқылып, көпшіліктің ықыласына бөленді. Айталық, жас ақын Нұрболат Сатымқұл Жамбылдың «Өсиет» атты өлеңін қазақ тілінде тебірене оқыса, студент Алла Савельева «Алатау» өлеңін орыс тілінде мәнерлеп орындады. Ал Назарбаев зияткерлік мектебінің ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Балжан Сеңгербекова ақынның «Жаратылыс сыры» атты жыр шумақтарын ағылшын тілінде оқып, көрермендерді тәнті етті. Салтанатты жиын барысы концерттік бағдарламаға ұласты. Кеш Қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы Нұрғиса Тілендиевтің Жамбыл бабаға арналған «Ата толғауы» күйімен ашылғаны тыңдармандарға тамаша әсер сыйлады. Абыз ақынның шәкірті Кенен Әзірбаевтың әні мен сөзіне жазылған «Жамбыл туралы сарын» шығармасы «Тараз» триосының орындауында көпшіліктің құлақ құрышын қандырса, Сағадат Мырзақұлов шырқаған ақынның өз әні «Угәй-ай» әні жүректердің қылын шертті. Сондай-ақ, «Тыңда, дала, Жамбылды!» атты республикалық жыршы-термешілер байқауының жүлдегерлері Қарлығаш Жамбаева, Еркебұлан Оразымбетов, Сұлужан Әбеновалар да өнер көрсетіп, қошеметке бөленді. Кеш барысында Сүйінбайдың термелері орындалып, шара маңызын арттыра түсті. Жүз жасаған абыз ақынға арналған жиын соңы «Жаңарған Жамбыл» әнімен түйінделді.
Жанғазы Ахмет, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді