Қарасай таңбалы тастары

Қарасай таңбалы тастары
ашық дереккөз
Қарасай таңбалы тастары

мемлекет қорғауында

«Ақ жол» газетінің үстіміздегі жылғы 30 қаңтардағы санында жарияланған «Таңбалы тастар жойылып барады» атты мақалада Қарасай шатқалындағы петроглифтердің қараусыз жатқаны жөнінде жазылған болатын. Осы сын-ескертпеге байланысты мына төмендегі жайды мәлімдейміз. Ақбұлым ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 5,7 шақырым қашықтықта орналасқан Қарасай шатқалындағы таңбалы тастар шоғырына кезінде өлкетанушылар Ж. Бесбаев пен А. Крокошева ішінара зерттеулер жүргізген еді. Одан кейінгі уақыттарда бұл тастағы таңба-бейнелерді 2010 жылы «Археологиялық сараптама» ЖШС зерттеп, жағырафиялық орналасу аумағын белгіледі. Ал 2013 жылы Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының археологиялық-этнографиялық экспедициясы облысымызда болып, осы Қарасай, Қамыстыбұлақ шатқалдарындағы петроглифтері зерттеу-зерделеу жұмыстарын белгілі бір жүйеге түсіріп кеткен-ді. Бес мың жылдық тарихы бар осынау тасқа салынған түрлі суреттер бағзы заманда өмір сүрген адамдардың өмірінен, тұрмыс-салттарынан, әдет-ғұрыптарынан мол мәлімет беретін өте ауқымды кешен болып табылады. Аталған петроглифтер Тараз аймағы ортаңғы тас ғасыры дәуіріндегі адамзат баласының көне қоныстарының бірі болғандығының тарихи дәлелі екені даусыз. Өлкеміздегі осындай құнды да көне тарихи кешендерді қорғау жөніндегі «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қолға алынып, Қарасай шатқалындағы таңбалы тастар 2011 жылғы 15 наурызынан бастап, облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің алдын ала есепке алынған тарихи-мәдени мұра нысандарының тізіміне енгізілген. Қазіргі таңда Байзақ аудандық тарихи ескерткіштерді қорғау инспекторының бақылауында. Мұндай тарихи ескерткіштерге қол салған, жеке өз мүддесіне пайдаланған азаматтар тиісті заңнамаларға сәйкес жауапқа тартылады. Әрине, ықылым замандардан бүгінге жеткен мұндай тарихи ескерткіш орындарын бір ғана ұйымның шегінде емес, мемлекеттік ұйымдар мен құқық органдары, күллі қоғам болып қорғауды қарастырсақ, онда бұл өз еліміз бен жеріміздің тарихын, мәдени мұраларын қастерлеу ісіне қосқан қомақты үлесіміз болмақ.

Асылжан ШАЙДІЛДАЕВ, облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ-нің ғылыми қызметкері.

Ұқсас жаңалықтар