Тараз төрінде жыршы-термешілердің республикалық байқауы өтті
Қазақ сахарасын ғаламға әйгілеген ұлы абыз Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойына арналған «Тыңда, дала, Жамбылды!» атты республикалық жыршы-термешілер додасының түңлігі баспасөз мәслихатымен түрілді.
Облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев, дәстүрлі әнші, Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дәстүрлі ән» кафедрасының доценті, байқаудың қазылар алқасының мүшесі Қапаш Құлыш, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жыршы-термеші, қазылар алқасының төрағасы Дүйсенбек Өмірәлиевтің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында өнер аламанының өту барысы нақтыланды. Жыр алыбы Жамбылдың шөбересі Мұратхан Жамбылов баба рухын асқақтатып, осындай өнер додасын өткізуге мұрындық болған азаматтарға деген алғысын жеткізді. Бұдан соң «Тыңда, дала, Жамбылды!» жыршы-термешілер байқауы басталып, шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов Атырау, Алтай арасынан келген өнерпаздарға сәттілік тіледі. Өнер додасын Меркі жерінен келген Бейбіт Шошабаев ашты. «Алғадайды жоқтау» жырымен басталған шара барысында басқа ұлттық өнер алыптарынан гөрі Сүйінбайдың шығармалары көбірек орындалуы – ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани үндестікті көрсетсе керек. Шығыс Қазақстан өңірінің өнерпазы Мұратхан Дөнбаев Жамбыл мен Құлмамбеттің айтысынан қайырымдарды жоғары деңгейде орындағаны да көңілге қонды. Оңтүстік Қазақстан облысының үкілі үміті Тұрар Әлменовтің даусының кеңдігі қазақтың жазиралы байтақ даласындай екен. Ал асқақ Алатау баурайынан келген Данияр Рахымбай Сүйінбайдың «Ақын болдым жиырмамда», Жамбылдың «Менің пірім – Сүйінбай» жырларын шарықтата, шалықтата шырқауы көрерменнің айызын қандырды. Шығарма сөздерін кең диапазонды дауыспен көмкеріп қана қоймай, шумақтар арасындағы мінезді, ойды, болмысты айна-қатесіз суреттеп, бір өзі бір театр секілді өнер көрсеткен Даниярға деген жұртшылықтың қошеметі ерекше болды. «Тыңда, дала, Жамбылды!» республикалық жыршы-термешілер байқауы аяқталған соң сахнаға көтерілген күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев осындай шараны ұйымдастырған азаматтарға алғысын білдірсе, облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев мерейтой аясында өткізілген шараға алыстан ат терлетіп келген меймандарға құрмет көрсетіп, иықтарына зерлі шапан жапты. Олардың қатарында Жамбылдың шөберелері Мұратхан Жамбылов пен Бекмұрат Жамбылов бар. Байқау қорытындысында Сүйінбай атындағы арнайы жүлдеге ақтөбелік Ғазиза Әбдірова лайық деп танылса, Қабан жырау атындағы жүлде жамбылдық Қарлығаш Жамбаеваға бұйырды. Үшінші орындар қызылордалық Марат Сүгірбаев, шығысқазақстандық Төлеген Шәкәрімов, астаналық Құрман Байтасовқа бұйырса (75 мың теңге), екінші орынға қызылордалық Жарасқан Төлебаев, алматылық Ерболат Шалдыбеков, шығыс қазақстандық Мұратхан Дөнбаев (100 мың теңге) лайық деп танылды. Ал жүлделі бірінші орынды жерлесіміз Сұлужан Әбенова мен алматылық Мақпал Тоқтағанова өзара бөліссе (150 мың теңге), бас жүлде Алатау баурайынан келген Данияр Рахымбайдың (200 мың теңге) қанжығасына байланды. Жыр алыбы Жамбылдың 170 жылдық мерейтойына арналған жыршы-термешілер байқауы ұлттық өнердің туын жоғары көтерді. Мерейтойдың басты олжасы да осы.
Қонақ лебізі:
Бекмұрат Жамбылов, Жамбылдың шөбересі: – Баба рухын асқақтатып, жыршы-термешілер байқауын өткізіп отырған облыс басшылығына ризашылығымды білдіремін. Қазір еліміздің әр қиырында Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойына орай көптеген шаралар өтіп жатыр. Өнерді сыйлағаның – ұлтыңды құрмет тұтқаның. Осы тұрғыдан келгенде, барлық ұлттық өнердің жанашырларына алғысым шексіз екенін жеткізгім келеді. Иншалла, сіздер ұлтымыздың төл өнерін, айтысын, термесін сыйласаңыздар, Жаратқан сіздерге мейірімін, шапағатын сыйласын!
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді