«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Елден қалмай ізденген ұтады

Елден қалмай ізденген ұтады
ашық дереккөз
Елден қалмай ізденген ұтады

Облыс әкімдігінің көктемгі егіс-дала жұмыстарына дайындық барысы қаралған кезекті мәжілісі облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өтті. Аталған мәселе мәжілістің күн тәртібіне шығарылған жиырма бір мәселенің алғашқысы әрі негізгісі болды. Аталған тақырыпта облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов баяндама жасады.

– Ауыл шаруашылығы дақылдары егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруға сәйкес 593,2 мың гектарды құрайды деп жоспарлануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,3 мың гектарға немесе 0,9 пайызға артық. 2015 жылдың өнімі үшін егілген ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 587,9 мың гектарды құрап, игерілмеген жердің көлемі 50 мың гектар болса, биыл игерілмеген жердің көлемі 45,4 мың гектарға дейін төмендейді деп болжануда. Облыс бойынша суармалы егістік жердің көлемі – 170873 гектар. 2015 жылы 10100 гектар алқап игерілмеген. Аудан әкімдіктерінің берген мәліметтері бойынша 2016 жылдың өніміне егілген 100,4 мың гектар күздік бидайдың 36,1 пайызы – жақсы, 46,7 пайызы – қанағаттанарлық, 15,8 пайызы – нашар және өнбеген. Ағымдағы жылдың өніміне егілетін жаздық дәнді және майлы дақылдардың тұқымы толық жеткілікті. Облыс бойынша 2015 жылдың жаздық егінінің көлемі 16,04 пайызға ғана сақтандырылды. Оның ішінде, Сарысу мен Т.Рысқұлов аудандары ұйымдастыру жұмысының арқасында егілген егіннің 40 пайызын сақтандырса, ал Байзақ, Жамбыл, Меркі, Шу аудандарының осы жұмысты ұйымдастыра алмағандықтарынан көрсеткіштері өте төмен. Биыл бұл жұмысты заң аясында жергілікті атқарушы органдардың өз деңгейінде ұйымдастыра алмағандығынан Қордай ауданы – 24,49, Байзақ ауданы – 34,43, Шу ауданы 47,7 пайызға ғана сақтандырды. Осы жылдың өнімі үшін қант қызылшасының көлемін 9,5 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Қант қызылшасы дақылына қажетті тұқымды сатып алу мақсатында облыстық бюджеттен 220 миллион теңге бөлінді, – деген басқарма басшысы майлы дақылдардың көлемін арттыру, су үнемдеу технологияларының қолданылу барысы, минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету, техника дайындығы, кепілді дизель отынының қоры, субсидиялау бағдарламалары туралы да ақпарат берді. Баяндамамен танысқан соң облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев басқарма басшысына бірнеше сұрақ қойды. Биыл облыстық бюджеттен қант қызылшасын өсіруге 420 миллион теңге қаржы бөлген облыс басшысы сапасыз тұқым себілмейтін болсын және өңірдегі қос бірдей қант зауыты толық қуатында жұмыс істесін деген тапсырма берді. Сонымен қатар, Кәрім Нәсбекұлы биыл Сауд Арабиясынан келген дихандар Қордай, Меркі, Шу, Т.Рысқұлов аудандарында барлығы 1100 гектар алқапқа қызылша өсіруді қолға алғалы жатқанын айтты. Жердің құнарлылығы мен ауа райының қолайлылығы оң ықпал еткенмен, өнімнің өзге өңірлермен салыстырғанда аз мөлшерде алынуының себебін технологияны дұрыс пайдаланбаудың салдарынан деп түсірдірген облыс әкімі тиісті мамандар мен аудан әкімдеріне бірқатар ұсынысын айтты, ел байымай, елді мекендер жақсармай, жағдай түзелмейтінін ескертті. Мысалы, облыста картоп өсірумен кеңінен айналысатын Жуалы ауданында орташа есеппен әр гектарынан 25 тонна өнім өндірілсе, Павлодар облысында бұл көрсеткіш 70 тоннаны құрайды екен. Ал Қырғызбен шекаралас «Колос» бөгетінің арғы бетінде көршілес елдің дихандары құлпынай өсіруді кәсіп етіп, нәсібін тауып отырса, дәл сол бөгеттің бергі бетіндегі қордайлықтар еш қамсыз отыр. Осындай қарапайым ғана мысалдарды келтіре отырып, Кәрім Нәсбекұлы ауылдағы дихандарға қолдау көрсетіп, жол нұсқау керектігін айтты. Аудан әкімдеріне көктемгі дала жұмыстарына қажетті техника мен тұқым дайындығын тексеріп шығуды тапсырып, олардың жұмысын бақылауды өзінің орынбасары Абдалы Нұралиевке жүктеді.

Маржан Рақай, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар