«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Баршамыздың бір ғана мақсатымыз бар – ол халықтың игілігі»

«Баршамыздың бір ғана  мақсатымыз бар – ол халықтың игілігі»
ашық дереккөз
«Баршамыздың бір ғана мақсатымыз бар – ол халықтың игілігі»

қоғамдық кеңесте есеп берген облыс әкімі кәрім көкірекбаев осылай деді

Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңы үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енгені белгілі. Азаматтық қоғамның маңызды мәселелеріне байланысты ой-пікірлер қозғау қоғамдық кеңестердің басты мақсаты болып табылады. Қоғамдық бақылау мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің тиімділігін, ашықтығын және айқындығын арттыру, қоғамдық мүдделерді қорғауға бағытталған азаматтық бастамаларды іске асыру, азаматтардың мемлекет пен оның органдарының, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметіне сенім деңгейін арттыру, қоғам мен мемлекет арасында қайтымды байланысты қамтамасыз ету, әлеуметтік шиеленістердің алдын алу және оларды шешу, халықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл үдерісіне тарту мәселелерінде айрықша рөл атқарады деп те күтілуде.

Біздің облысымызда да Қоғамдық кеңес қалыптастырылып, құрамы мен 5 сала бойынша комиссиялары бекітілгеніне көп уақыт өте қойған жоқ. Кеше оның алғашқы отырысы өткізіліп, онда облыс әкімі К.Көкірекбаев облыстың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы атқарылар міндеттері туралы есеп берді. Жиынды Қоғамдық кеңес төрағасы Ж. Кәрібаев ашып, жүргізіп отырды. Кәрім Нәсбекұлы жаңадан жұмысын бастаған Қоғамдық кеңестің облыстың тыныс-тіршілігі қалыпты болуына, әлеуеті артуына қосар үлесі зор екендігін атап өтіп, жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдармен бірлесе қабылданған заң мен ережелерге сәйкес тиісінше жұмыстар атқаратынына сенім білдірді. Өңір басшысы өз хабарламасында облыс жұртшылығымен есеп беру кездесуінде 23 азамат тарапынан әлеуметтік, құрылыс, ауыз су, автомобиль жолдары мәселелеріне қатысты 37 сауал түскенін, барлығы да бақылауға алынып, кезегімен орындалатынын жеткізді. Оның айтуынша, облыс өткен жылды үлкен табыспен қорытындылаған. Барлық салада ілгерілеу бар. Өнеркәсіп кәсіпорындары 274,5 миллиард теңгеге өнім шығарып, ауыл шаруашылығында 172 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. «Баршамыздың бір ғана мақсатымыз бар – ол халықтың игілігі. 2015 жылы жалпы сомасы 30,5 миллиард теңгеге 6 инвестициялық жоба іске асырылып, мұнда 425 жаңа жұмыс орны құрылды. Өткен жылдың қорытындылары бойынша Индустрияландыру картасы бойынша пайдалануға берілген инвестициялық жобалардан шығарылған өнімнің көлемі 3,052 миллиард теңгені құрап отыр», – деді өңір басшысы. Биыл да дағдарыс жағдайына қарамастан аймақта бұл тұрғыдағы жұмыстар өзінің жалғасын таппақ. Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасының 2015-2019 жылдарға арналған екінші кезеңінде 553 миллиард теңгенің 26 инвестициялық жобасы жүзеге асырылып, оларда 6 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Химия кластері арқылы Шу экономикалық аймағы құрылып, бұл орта және кіші кәсіпкерліктің дамуына тың серпін береді деп те күтілуде. 2016-2018 жылдар аралығында өңірдегі күннен, желден, судан қуат өндіру көлемін 200 МВт-қа жеткізу арқылы облыстың электр қуатына қажеттілігінің 40-50 пайызы жаңартылған энергия көздерімен қанағаттандырылатыны жаңашылдыққа ұмтылысымыздың нақты айғағындай. Ауыл шаруашылығы саласында да іргелі істер күтіп тұр. Алдағы уақытта Белоруссияның «Лидоагропроммаш» компаниясымен бірлесе Шу локомотив зауытын қайта құрылымдау негізінде жылына 100 комбайн шығару ісі де жолға қойылмақ. Ауыл шаруашылығы техникаларының жергілікті жерде құрастырылып шығарылуы өзіндік құны арзандауымен қатар, сала ісін алға бастырары анық. Кәрім Нәсбекұлы Қоғамдық кеңес мүшелерін өңірдегі қызылша дақылын егіп, өсірудің бағдарлары жөнінде де жан-жақты хабардар етті. Аймақтың бағзы кездердегі 19 мың гектарға егіліп-өсіріліп, екі бірдей қант зауытының тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз еткен «тәтті түбірдің» байырғы даңқын қайта оралту аясында тиісінше жұмыстар қолға алынуда екен. Биыл қызылша дақылы алты мың гектар алқапқа орналастырылмақ. Оның біздің жерге бейім, өнгіштігі жоғары сұрыпының тұқымы мен қажетті техникалары Франциядан сатып алынбақ. Сауд Арабиясының мамандары жақын күндері өңірімізде болып, жер жағдайымен таныспақ. Олар да мол көлемде «тәтті түбір» егіп-өсіруге мүдделілік танытып отыр. «Бізде ет, сүт, көкөніс, жеміс-жидек секілді қажетті азық-түлік өнімдерімен өзімізді-өзіміз жеткілікті қамтамасыз етуімізге мүмкіндік мол» деген облыс басшысы бұл тұрғыда алда тұрған міндеттерге де кеңінен тоқталып өтті. Мына Қытайдың Шэньси аймағының бір өзінде алмадан алынатын 10 мың тонна өнімі әлем елдерінің біразын осы өнім түрімен қамтамасыз ететіні кім-кімді де ойландыруы тиіс. Осымен байланысты биыл алма бағының көлемі Меркіде – 124, Жамбыл ауданында 150 гектарға ұлғайтылуы көзделуде. Бұл тұрғыда күрделілене түскен ағын су мәселесін оңтайлы шешу жөнінде ауқымды жобалар бар. Төрт бірдей су қоймасының сметалық-жобалық құжаттамасы дайындалып Су ресурстары комитетінің қарауына берілген. Тек бұл іс дағдарысқа байланысты тоқтаңқырап тұр. Сондай-ақ, Қақпатас, Қарақоңыз, Аспара, Ырғайты секілді жасанды су қоймаларының сиымдылығын облысқа қажетті 99 миллион текше метр су сақтай алу деңгейіне дейін жеткізу арқылы, жаз айларында масақты, дәндік, бау-бақша дақылдарының уақытша су тапшылығынан зардап шегуінің алдын алу да ойластырылуда. Алдағы уақытта, әсіресе, ет өнімдерімен өзімізді-өзіміз қамтамасыз етіп қана қоймай, ет экспортын арттыруға да күш салынбақ. Сауд Арабиясы, Иран, Ирак елдерінен, Дубайдан біздің ет өнімдерімізге деген қызығушылық арту үстінде екен. Осыған байланысты олармен арада келісімшарт та жасалынған. Бұл тұрғыда әрбір ауданда мал бордақылау алаңдары желісінің кеңейтілуі, жемшөп өңдеу кешендері мен шикізат дайындау кеңселері қайта жаңғыртылуы да қажет болады. «2020 жылға дейін ет экспорты көлемін жылына 1,5-2 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін өңірлік серпінді жобаларды іске қосу жосарланып отыр. Бізге аса ірі агроорталықтардың дәп ортасында отырып, ауыл шаруашылығы саласында кенжелеп қалуымызға болмайды» деген Кәрім Нәсбекұлы күні кеше ғана тап осы мал мен егін өсіруде қалай өнімділікке қол жеткізуге болатыны жөнінде еліміздің ірі аграрлық жоғары оқу орындары ректорларымен, ғалымдарымен келелі кеңес өткізілгенін де еске салып өтті. Облыс басшысының есебінде айтылғандай, тұрғындарға газ, ауыз су жеткізуге, жылу беру жүйелерін жөндеуге, жол, тұрғын үйлер, мектеп, балабақшалар, емханалар нысандарын салуға байланысты атқарылған жұмыстар Қоғамдық кеңес мүшелерін толықтай қанағаттандырды. Аталмыш жиында Қоғамдық кеңес мүшелері Ә. Әмзеев, И.Дастанов облыс әкімі есебінен туындайтын міндеттерге тоқталып, жастар тәрбиесіне қатысты ой-пікір, ұсыныстарын ортаға салды. Жиынды қорытындылаған Қоғамдық кеңес төрағасы Ж.Кәрібаев өткен жылы облыста ел илігін үстеу жолында қыруар тірліктер тындырылғанын атап өтіп, жиында сөз болған ана мен бала, отбасы құндылықтары, жастар тәрбиесі мәселелері қоғамдық кеңестің алдағы отырыстарының бірінде басты әңгіме арқауы болатындығын да жеткізді.

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар