Облыс әкімі ғалымдарды облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайынан хабардар етті. Өңір басшысының айтатынындай бар. Аймақта 14,6 миллион гектар суармалы алқап болғанымен, су мәселесі өзекті. Алайда, ынта болса мұның да жолын шешуге болады. Елдегі еңбекшіл шаруалар ескі әдісті тастап, тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясына көше бастады. Алғашқы талпынысы жеміссіз емес. Былтыр жаңбырлатып және тамшылатып суару әдісін қолданған қожалықтар арасында қант қызылшасының әр гектарына 600 центнерден өнім алғандары болды. Биыл 1034 тонна пияз өнімі Ресейге экспортқа шығып отыр. Елбасының тікелей қолдауымен 5,3 миллиард теңгеге Жуалы ауданында «Көксай» каналы салынып, аудан шаруашылықтарын су тапшылығынан құтқарды. Меркі, Қордай, Жамбыл, Байзақ аудандарында егіншілікті дамытуда белсенді жұмыстар бар. Облыс басшысы өңірдің аграрлық мүмкіндіктерімен танысып, ғылыми тұрғыда бірлесіп жұмыс атқаруға келген Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ректорына сөз берді. Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есболов ауыл шаруашылығында отандық өнім өндіруді, қайта өңдеуді дамыту, сапалы, құнарлы тауар өндірудің маңызды екенін айта келіп, ғалымдарды қабылдап, ашық әңгімелесуге қолдау білдірген облыс әкіміне алғысын білдірді. Қазақ егіншілікті және өсімдікті ғылыми-зерттеу институтының директоры Серік Кененбаев облыста егілген дақылдардың 95 пайызы ғылыми институттардан алынған тұқым сорттары екенін, тұқымның сапалы сұрыптары әр өңірдің табиғатына бейімделіп дайындалатынын, мәселен, далалы жерге егілетіні бөлек, шөлейтті және құмды жерлерге басқа сұрыпты тұқым дайындалатынын түсіндіріп өтті. Институт басшысының айтуынша, олар аталған Меркі ауданындағы «Нұржан» шаруа қожалығымен тығыз байланыста жұмыс істейді екен. Ғалым себілген өскінге жамылғы жауып өсіру тәсілінің тиімді екенін айтады. Жабық жамылғының астында өскен тұқымның 62 пайызы аман сақталады екен. Профессор Әбдірахман Оңбаев Қордай ауданында өсіріліп жатқан ет және сүтті бағыттағы өсірілетін мал шаруашылығы жайлы әңгімеледі. Біздің облыста сүттің өнімділігін арттыру мүмкіндігі өте жоғары екенін айтты. Сондай-ақ, Қазақ Ұлттық аграрлық университеттің академик-профессорлары Қадыр Дияшов, Сәбит Байұзақов Жамбыл өңірінде аграрлық саланы дамытуға байланысты ғылыми тұжырымдарын ортаға салды. Ірі қара малдарында кездесетін сары ауру, ақтопалаң, энторотоксеми, ішек-құрт ауруларының алдын алу, интенсивті бақ өсіру, орман қорларын ұлғайту мәселелеріне кеңінен тоқталды. Қазақ жеміс-жидек және өсімдік шаруашылығы ғылыми институтының директоры Гүлжария Қайырова мұнда шие мен жиденің сорттары жақсы өсетінін, әсіресе, Меркі, Қордай жері апорт алмасын өсіруге қолайлы екеніне тоқталды. Белгілі ғалымдар Алтынбек Молдашев пен Серік Пәрменбекұлы да ғылыми тұжырымдарымен бөлісті. Жиынды облыс әкімі қорытындылап, ұсыныс-ойларымен бөліскен ғалымдарға алғысын білдіріп, мұндай байланыс агросаланың дамуына жол ашатынын айтып өтті. Ол Меркі ауданында малайзиялық инвесторлардың пәрменімен 3 мың мал бордақыланып жатқанын, алдағы төрт жылда ол жерде 12 мың уақ мал бордақыланатынын жеткізді. Сондай-ақ, облыс басшысы өңірде ауыл шаруашылығын дамыту жұмыстарын аграрлық университет ғалымдарымен үнемі бірлесіп атқару қажеттігін қозғап, ауыл шаруашылығы саласы ғалымдарының қатысуымен өтетін келесі мәжілісті бір айдан кейін Қордай ауданында ұйымдастыруды облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиевке тапсырды.
* * * Түс қайта Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ғалымдары мен ғылыми институт директорлары бірнеше жұмысшы тобына бөлініп, облысымыздың алты ауданына жол тартты. Аталған университеттің ғылым және интеграция жөніндегі проректоры Марат Қалиасқаров, шетелдермен байланыс және инновация жөніндегі проректоры Аюп Ысқақов бастаған ғалымдар Байзақ ауданының Бурыл ауылында шаруа қожалық төрағаларымен, ауыл еңбеккерлерімен кездесу өткізді. Ғалымдардың қатысуымен өткен жиынды облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев ашты. Ғалымдар агросаланы дамытудың ғылыми жетістіктерін әңгімелеп, еңбеккерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ, ғалымдардан құралған жұмысшы топ «Талап» шаруа қожалығына да барып, қызылша өсіруге арналған технологиямен және 2,5 гектарға жаңа тәсілмен өсіріліп жатқан қияр өсімдігіне арналған жылыжайды аралап көрді. Қожалық төрағасы Маут Фазулов 2,5 гектар жылыжайда өсірілген қиярдан бір маусымда 200 тонна өнім алатынын айтты. Ғалым Аюп Ысқақов Оңтүстік Кореядан әкелінген технологияның мүмкіндіктерін БАҚ өкілдеріне таныстырып, мұндағы жұмысқа көңілі толатынын жеткізді.
Есет Досалы, «Ақ жол».
Сарысу ауданы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді