«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Жиендік» жасау жақсы емес

«Жиендік» жасау жақсы емес
ашық дереккөз
«Жиендік» жасау жақсы емес

Қазір не керек, ән әлеміндегі көшірмелерден жаңылысатын жағдайға жеттік. «Есте сақта» деп аталатын паспорт әнімен елге танылған Ғаділбек Жанайдың «Ханшайымым» әні армян әніне ұқсаса да, «Меломен» тобының шырқайтын «Неге жылайды ару?» «шедеврі» «Wonder girls» тобының «Nobody» әнінің көшірмесі болса да, қыңқ демейтін күйге жеттік. Түрік, өзбек, молдаван, қырғыз әндерінен жасалған «жиендікті» тізейік пе? Жә, жетер.

Без имени-3 копия Без имени-4 копияМузыканың жілігін шағып, майын ішкен мамандар бес нотаға дейін сәйкес келсе, плагиатқа жататынын айтады. Біздің әншілер бес нотаға бас ауыртып қайтсін?! Рұқсат сұрау туралы әңгіме тіптен бөлек. Жеті нотасы аумай тұрса да, шет мемлекеттің әніне білдірмей «құда түсіп», тойларда кекірейіп тұрып орындайды. Міне – біздің шығармашылық әлеуетіміздің жеткен жері. Біз өзге елдің әніне барымта жасалғанына бас ауыртып жүргенімізде әнді былай қойып, бейнебаянның сюжетін айна-қатесіз қайталайтындар пайда бола бастағандай. «Ұмыттың ба?», «Қанатыңның түсі» секілді көптеген хит әндермен тыңдармандарының жүрегін жаулаған талантты әнші Ернар Айдардың әншілік қырын жақсы бағалайтындар жеткілікті. Талай тамаша әндерді халыққа тарту еткен Ернар Айдардың «Сен маған ұнадың» атты бейнебаянын көргенімізде өз көзімізге өзіміз сенбедік. Жерлесіміздің бейнебаяны ресейлік Доминик Джокер деген әншінің кәдімгі көшірмесі болған соң, Ернар мұндай қадамға баруы мүмкін бе деп бас ауырттық. Рас, нысандар ауысқан болар. Бірақ, сұлу қыздың таксиге отырғаны, қонақ үйге жеткені, гүлді жақсы көретіні, көлік тізгінінде отырған Ернардың қонақ үй қызметкерінің жейдесін киіп, жүгін салып, түсіріп көмектескені, жасырын гүл әкеп бергені, тіпті мейрамханаға барып, даяшының алжапқышын жамылып, гүл сыйлағаны, сұлуға келген жігіттің автокөлігін ұрлап мініп, ару отыратын орынға гүл қойғаны – бәрі де Джокердің клипінде кездесетін эпизодтар. Бұдан кейін осы туындыны плагиат деп атамасқа шараң қалмайды екен. Дегенмен, Ернар бүкіл әншінің бейнебаянын қарап жүрмейді ғой. Сол себепті мәселенің мәнісін білмек болдық. Осы орайда біз Ернардың продюсеріне хабарласып, мән-жайды нақтылаған едік. Өзін Талғат деп таныстырған жігіт ағасынан «Бұл қалай болғаны, Ернар немесе сіз білдіңіз бе?» деп сұрағанымызда ол: «Енді шыны керек, бәрі аяқталған соң білдік. Бұл – мамандардың қателігі. Барлығы болып, бояуы сіңген соң не істейміз? Ел арасына тарап кетті. Ернар да, біз де білмедік. Арасында нысандар ауысқан жер бар ғой. Осылай болып тұр. Халық айтқан соң байқадық. Жағдай – осы», – деп өз ойымен бөлісті. Доминик Джокердің «Одна такая» әнін «ютубта» жүздеген мың адам көріп тастаған. Шыны керек, отандық клипмейкерлер мен режиссерлер, сценарий жазатын азаматтар бұл әннің бейнебаянын көрмеуі мүмкін деген сөз құлаққа түрпідей тиеді екен. Қазіргі кезде киноиндустрияда болсын, шығармашылықтың басқа түрінде болсын, плагиат жасау үрдісі белең алып барады. Тіпті шетел әндеріне (бейнебаян емес) плагиат жасаған танымал әншілердің «Онда тұрған ештеңе жоқ. Бұл – әлемде бар тенденция» дегенді айтқан кездері де болды. Плагиатқа бой ұру қай кезде орын алады? Біздіңше, шығармашылықта әбден тоқырау пайда болған кезде адамдар осындай қадамға баруы ықтимал секілді. Ал жасындай жалындап тұрған жастарымыз өзгенікін өзінікіндей иемденіп жатқан кезде қалай ғана бет қызармасын? Біз Ернардың продюсерімен сөйлесе отырып, мәселенің мәнісіне қаныққандай болдық. Дегенмен, жамбылдық жерлестерінің мақтанышына айналған талантты әнші ендігәрі мұндай олқылыққа жол бермесе екен дейміз. Ернардың шығармашылық даңғыл жолы әлі алда ғой.

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар