Ұлт поэзиясының қара нары Жамбыл Жабаев 1846 жылдың ақ түтек, ақ боранды ақпанының соңғы күнінде Шу өзені бойындағы Жамбыл тауының етегінде дүние есігін айқара ашқаны мәлім. Ақтаңгер ақын ол туралы «Менің өмірім» атты өлеңінде бүй дейді:
«Көз аштым, сорғалаған қанды көрдім, Қамыққан, қанды жасты жанды көрдім, Ел көрдім, еңіреп босқан аңды көрдім, Қойнында Алатаудың зарды көрдім...». Иә, ол дәуірдегі ел ішіндегі әлеуметтік жағдайды теңсіздікті Жәкеңнің жыры арқылы да жазбай тани түсеміз. Қоқан хандығының езгісінен қапа болған қара орман халықтың қайғысын ақын жүрегі қарс айырыла сезбесе, кім сезсін?! Ақ патшаның әмірі мен қоқандықтардың жосықсыз алым-салығы елді титықтатқанын да ХХ ғасыр Гомерінің зарынан аңдай түсетініміз тағы бар. Ол сол дәуірдегі қалың бұқараның тұрмыс кешу қалыбын, діңкелеген кейпін айна-қатесіз жанды картина ретінде көз ұшында көлбеңдетіп қоя берді. Әсілінде көпшілік айтыс ақыны ретінде таныған Жамбыл Жабаевтың жазба поэзияға жатық болғаны да есті жұрттың көңіл түкпірінде сақтаулы. Сегіз жасында әкесі молдаға бергенде тәлімгерінің тәлімі кәллаға қонбай, ескіше оқуды қомсынбаған Жамбыл өлеңдерінің бірінде: «Бала келсе сабаққа, Жем аңдыған дорбадан. Ақ сәлдесі басында, Бозінгендей боздаған», – деп, молданың қисынсыз әрекетін әшкерелей түседі. Шапыраштының Екей руынан тараған Жәкең «Екейде елу бақсы, сексен ақын» деп өз руында алдаспан ақындардың көп болғанын да сөз етеді. Қазіргіше айтсақ, осындай үлкен әдеби орта Жамбылдың қанатының қатаюына мол септігін тигізгені ақиқат. Сонымен қатар, ХІХ ғасырдағы суырыпсалмалық өнердің классигі, М.Әуезов «ақындардың ақыны айдын көлдей ақылы» деп атаған Сүйінбай Аронұлынан бата алған. Содан болса керек, «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деп, ұлы ақын ұстазының атын ұран етті. «Жылқышы», «Сараң бай мен жомарт кедей» атты өлеңдерінде сол кездегі бай мен кедей арасындағы арақатынасты шендестіре отырып жырлады. Малы көп бай жылайды қар жауғанда, Бәрін тастар ниеті малға ауғанда. Жерден алтын тапқандай кедейлер жүр, Әйелі шелек толы сүт сауғанға. Малы көп бай ертемен жейді қаймақ, Қой шығарып, кедей жүр қозыны айдап. Ең болмаса, айранға тойғызса деп, Жатса, тұрса тілейді «а, құдайлап», – деп дәуір үнін жеткізген Жамбыл Жабаев ақындық сертіне адалдық танытып, елдің мұңын мұңдаудан еш танбады. Жамбылдың да жүрегін махаббат дерті меңдеп, алпыс екі тамырын идірсе керек. Мәселен, Бұрым қыз хақындағы өлеңінде ол «Сен лашын болғанда, мен ақ сұңқар Бір көріп дидарыңа болдым іңкәр» деуінен махаббаттағы сәтсіздігі аңғарылатындай. Қалай десек те, өлеңдерінде лашын, ақ сұңқар, тұлпар, қорғасын, қаңбақ, құрық, құлын секілді сөздерінен ақынның ойлары теңеулермен қымталып, ойды образға орап беретіндігін аңғару қиынға соқпайды. Жалпы, айтыс әлемі туралы сөз бола қалса, Жамбыл мен қырғыз ақыны Тоқтағұл арасындағы сөзсайыс жұрттың есіне бірден түсіп, елең еткізері хақ. Тоқтағұл мен Жамбыл ілгеріден таныс, бір-бірінің өнерін қатты қадірлеген елдің маңдайалды ақындары екені айқын. Шәбден манаптың асында «қашқын» атанған Тоқтағұлға: «Тұлпарды тұлпар таниды, Ертеден шапса талмайтын. Сұңқарды сұңқар таниды, Ілерде жемін самғайтын. Батырды батыр таниды, Ұрандап жауға шапқанда. Жауған оқтан қайтпайтын, Жақсыны жақсы таниды, Сыртынан ғайбат айтпайтын. Ел бұлбұлы Тоқтағұл, Жырымен жауын жасқайтын. Пенде емес пе Тоқтағұл, Ордаға аяқ баспайтын. Қарғаны қарға таниды, Қарқылдап қағып қанатын. Құзғынды құзғын таниды, Өлексеге ауыз салатын. Болысты болыс таниды, Параны жалмап алатын. Манапты манап таниды, Нашарға құрық салатын. Ақынды ақын таниды Сөз қадірін аңдайтын. Тоқтағұл мен Жамбылдың Жырлары сел боп ағатын. Қиядан ұшса қос қыран, Бірін-бірі табатын», – деп сөз бастаған Жамбыл маңдайынан тарамдалып тер ағып, Тоқтағұл досының ірілігі мен серілігін, ақжарқын мінезін, пейілін толғатады. Осы сәтте жүзіне шаттықтың табы ұялаған Тоқтағұл да шамырқанып, досының ниетіне тәнті қалыппен қомузын қолына алып: «Қазақта Жамбыл сен едің Шалқып жатқан көл едің. Өлеңі оттай лаулаған Тасып бір өткен сел едің. Қырғызда бір бауырың Тоқтағұлың мен едім. Қай қырғыздан кем едім, Қарсы болып манаппен «Итжеккенді» көргенмін. Жаласымен бектердің Сібірде де өлмедім. Қорлық көріп жүргенде Өлең болып ермегім. Сағынып елге келгенде Намысты қолдан бермедім», – деп, Сібірге айдалғандағы көрген құқайлары жайлы термелеп, қыр соңына шырақ алып түскендерге ерекше екпінмен үн қатады. – Ей, манаптар, манаптар Шәбденнің бұл асында Қырғыз бенен қазақтар, Бас қосады деген соң Жиналыпты санаттар. Болыс пенен билерің, Қазан аңдып бұл күнде Бұралқы иттей жалаңдар, – деп барып тоқтағанында, зорсынғандардың жолында жанын құрбан санаған әлдекімдердің танаулары делдиіп, шамданып, шатынап кетеді. Алайда кім не десе де, достықты ту еткен қос алыптың уытты шумақтары көпшіліктің көңіл пернесін дөп басқанын ешкім де жоққа шығара қоймас. Жамбылдың Айкүміспен айтысы да қыз бен жігіт арасындағы айтыстың классикалық үлгісі ретінде тарихтан ойып тұрып орын алғаны мәлім. «Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, ел бірлігін сақтаған татулықты айт» деп жырлаған Ұлы абыз мінеки, 170 жасқа толып отыр. Оның мол мұрасын ұрпақтар санасында жаңғырта түсу баршамыздың парызымыз екені анық. Жалпы, Жабаевтың өмірі мен шығармашылығы, айтыс өнеріндегі рөлі туралы бір мақалада толыққанды айтып кету мүмкін емес. Ендеше ХХ ғасыр Гомері туралы алдағы уақытта да айтыла, жазыла жатар...
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді